Автордың ескертпесі: Қарға бойлы батыр, Қазтуған батыр бірге айтылғанымен, екеуі екі адам. Ақжонас батыр, оның ұлы Кеңес батыр, оның ұлы Жанбай батыр. Жанбай – Сыпыра жыраудан кейінгі ноғайлының атақты биі әрі батыры (Сонда, 451-б). Ауыз әдебиетіндегі этнографиялық мәліметтерге сүйене отырып, негізгі ойымызды фольклорға, жыраулардың батырлық сюжеттерінде жырлаған кейіпкерлерінің өмір сүрген уақытын шамалаймыз. Енді жырдағы кейіпкерлердің тарих бетіне түскенін зерттейміз, мүмкін осы батырлардың өмір дерегіне сүйеніп оқиғаның қай дәуірде болғанын, Асан Қайғының өмір сүрген кезін болжаймыз.
Бірінші: Әділ (Әз) Жәнібек хан – Әзітархан (Астрахан) ханы. Әбілғазы-Бахадүр хан: «Әбілхайыр ханның екінші ұлының аты – Хожа. Мұхаммед Өзбек оны «хожығым тентек» дер еді. Оның ұлы – Жәнібек хан, ол ақылсыз кісі еді, оның ұлы – Іскендір хан, ол да ақылы кем кісі еді, оның ұлы белгілі Абдолла хан ® Ғабдолмомын…», – деп көрсеткен. 1556 жылдарға дейін Астрахан хандығын билеген. Қазақ ханы Жәнібекке еш қатысы жоқ. Автордың 2017 жылы баспадан шыққа «Еліне тұтқа болған хан Жәнібек» зерттеуінде Астрахан ханы болатын Әділ (Әз) Жәнібек туралы жазылғандықтан қайталамауды жөн санадық (Қызылорда, 40-б).
Екінші: Тоған – «Эпосқа арқау болған Ноғайлы билері майдан кешкен батырлар емес, ел ұстап, ләшкер жүргізген көсемдер болғаны ақиқат. …Мұрын аталмыш үш есімді бір эпосқа енгізіп, біріктіре жырлаған. Тоғанның Асан Қайғы, Абатқа қандай туыс екені туралы ештеңе айтпайды, бірақ ауылдары бөлек-бөлек болғанмен, қоныстары бір – Асан Қайғы, Абат жұрты Жемде болса, Тоғанның атақонысы – Жемдегі Бөкембайда. Тоған жасы жөнінен Асан Қайғыдан кіші де, Абаттан үлкен. …Тоған көмекке Абатты сұрап, Асан Қайғыға келеді. Оған «Әй, ағамыз, ағамыз, болдың бізге панамыз» деп, жақын тұтып сөйлейді. Осы жайлар олардың тумағанмен, рулас ағайын екенін аңғартады», – деп Әнес Сарай көрсетеді (Ноғайлы, Алматы, 2009, 103-б).
Ә.Қоңыратбаев «Мұрын ақын жырлаған «Қырымның қырық батыры» мақаласында: «8. Ақжонас батыр. Бұдан Кеңес (Кенегес – Қарақалпақ) батыр тарайды. Кеңес батыр Арыстан бабқа түнеп, Қарахандармен соғысады», – деп жырдың қысқа мазмұнын жазады. Осындағы Кеңес батырды «Кенегес – Қарақалпақ» деп көрсетуі оның шекті руынан екені белгілі (Қырымның қырық батыры. Алматы, 2005. 486-б. //«Социалистік құрылыс» газеті, 1948 жыл, 15 июнь).
Жамбай – Тоқтамыс*, Едігелермен үзеңгілес болғандықтан, оның әкесі Ер Кеңес, атасы Ақжонас Алтын Орда хандары Өзбек, Жәнібек хан заманынының адамдары. Жамбай ұзақ жасап, Едіге заманынан кейінгі оқиғаларға да із қалдырғаны байқалады. Жамбай – Ноғайлының Сыпырадан кейінгі ақылман әйгілі жырауларының бірі. Яғни, Жамбай XV ғасырдың ортасына жетпей өмірден озған болуы мүмкін.
Тоқтамыс* – Алтын Орда ханы, Ақсақ Темірден 2 рет жеңіледі, біріншісі 1391 және 1395 жылы.
Ауызша шежіре бойынша:
Жаманақ (Шекті)®Өріс®Айдарбек®Күлік; Күліктен:®Берше, Тоқас, Жанбай;
Қаракете®Майлыбай®Сәду(еншілес)®Сәбден®Ожырай®Жәлімбет®Мырза®Тілеке®Жанбай;
Беріш®Байбақты®Әсілбек (Асылбек) ®Себек®Бөрібас®Жанбай;
Жанбай есімі Кіші жүз (қалған екі жүзде Жанбай есімі кездеспейді) Шекті, Кете және Беріш руларының ішінде кездескенімен, біздің болжамымызша шекті руының ішіндегі Күлік аталығындағы Жанбай дейміз. Себебі, Кете мен Беріш рулары шекті (кенегес) руына жатпайды. Тоқетерін айтқанда, Жанбай – шектінің күлік аталығынан деп айтуға негіз бар. Ал Қаракете мен Беріш руларының ішіндегі Жанбай аталықтары, олар шектінің күлік аталығындағы Жанбай би (батыр) қарамағындағы ел болған, кейін аумалы-төкпелі замандарда, олар Қазақ хандығына келіп қосылғанда, Жанбай аталығы деп бұрынғы аталған атымен қалған. Иә, тарихты шежіремен өлшесек солай. Бірақ оның бұлжымайтын қатаң қағида емесі де анық. Қазақ рулары тарихы – өте күрделі тақырып, өйткені, біз 400-600 жыл бұрынғы тарихи кейіпкерлердің өмір сүрген кезімен шұғылданып отырғандықтан да біз үшін олардың көмескі тарихына сәуле түсіру.
Үшінші: Алау батыр– Алау батыр жырының басында: «Айсаның інісінің баласы – Алау», – деп жырланады (Сонда, 401-б). Яғни, Алау батыр мен Ахмет батыр жырда немере болып келеді.
Әнес Сарай: «Алтын Орданың соңғы тұяқ серпер әрекеті деп, 1480 жылы Үлкен Орданың ханы Ахметтің (Үлкен Орда ханы Кішік-Мұхаммедтің баласы) Ресейге жорығын айтуға болады. Ол орыс тарихында «Уграда аңдасу» атпен белгілі. Қарсылас екі жақтың ләшкері бетпе-бет келгенмен, соғысуға батпай тарасты. Міне, осы жорықта Ахметтің негізгі тірегі алшындар мен алшын батыры Алау болды», – деп көрсетеді (Ноғайлы, 220-б). Н.Карамзин де бұл оқиғаны «Тарихында» жазады (История государства Российского. Том VI, глава III. Полное издание в одном томе, Москва, 2009, стр. 570, 571).
«1486 жылы Қырым ханы Меңлігерейге жолдаған хатында III Иван (авт. – Иван Грозныйдың әкесі) Мұртаза хан мен Темір бектің адамы Алаудың орыс елшілерін тұтқындап, үш жерге бөліп, жасырып ұстап отырғанын мәлімдеген (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. I том. Алматы, 2008, 34-б. //Аударған: Ә.Сарай. Ноғайлы, 220-б).
Қазақ ру тайпаларының тарихында Алау батырдың ұлын «Баташ» деп көрсетеді (XIII том. 1-кітап. 337-б).
«Алау батырдың баласы Бабаштың: «Ахмет ханмен аттанып барып Русьтен не таптыңдар!» деп бетін қайырғанын, Днепрге аттанбақ ойларын барын хабарлайды (Сонда,42-б).
Сөйтіп, төл тарихымыз үшін аса маңызды Алау батыр мен оның ұлы Бабаштың есімі тарих бетінен қалқып шығады. Олар Қырым хандығының шекарасы Орбаттың сыртында, демек Донның Азаққа (авт. – Азов) жақын тұсындағы далалық аймақта қоныстанып отырған», – деп көрсетеді (Сонда, 42-б. //Ноғайлы, 221-б).
Ауызша шежіре бойынша Кіші жүз: Бекарыстан®Ордаш®Мөңке®Шаншар®Тұлпар®Тоқпан; Тоқпаннан®Алау, Арғымақ (Жетіру);
Алаудан: ®Алшын®Құдияр, Құдиярдан®Қайырбай (Қаракесек), Қажырбай (Байлы – он екі ата Байұлы), – деп таратады (Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. Алматы, 1994, 134-б).
М.Түйімбетов «Сопылар әлемі» атты кітабында Алау батырдың кесенесі Көне Үргеніш қаласында деп жазады (Қызылорда, 2004, 9-б).
Алау батырдың баласы Бабаштың (Бабас/ш) ауызша шежіреде шекті руында кездесуі төл тарихымыздың ашылмаған беттеріне сәуле түсіреді.
Қаракесек бірлестігі: Әлім®Жаманақ (шекті) ®Шыңғыс, Баубек, Өріс;
1) Өрістен®Есенәлі, Айдарбек; Айдарбектен®Татыран, Алтынбай, Күлік, Ардана; Күліктен®Берше, Құлым, Жанбай, Тоқас;
Бершеден®Асан, Ақпан, Кешубай, Жұмағұл, Жанбай болып тарайды.
Кешубайдан ®Құлым®Жаманкөз (Әліқұл – шын аты);
Жаманкөзден®Ілекер (Сырлыбай), Нияз, Бөшке, Бабас (Баба/ш), Ботат;
2) Өрістен®Есенәлі®Кішкене®Жиеней®Әлмәмбет®Қораз®Бабас (Бабас/ш/), Шақа, Жаманқара, Тата. Сонымен ауызша шежіреде шектінің Өріс аталығында екі жерде Бабас (Баба/ш) есімін кездестіреміз. Біздің пайымдауымыз бойынша Бабас /ш// Баташ/ Алау батырдың баласы дейміз, Себебі Күлік аталығындағы Бабас /ш/ пен Жанбай бір қатарда тұр. Ал Жанбай – шектінің күлік аталығының ұрпағы, адай Сыпыра жыраудан кейінгі ноғайлының атақты жыршысы.
Автордың ескертпесі: Бұл батырлар Алшын тайпасының түлектері екеніне дау жоқ. Айса мен Әмет екеуі алты ата Әлімнің төртқарасынан болса, Алау батыр – Әлімнің шекті руының күлік аталығынан. Әнес Сарай Ақжонас ұлы Ер Кеңесті кенегес руынан деп жазғанымен, ол шекті руының күлік аталығынан. Алшын тайпасының ішіндегі кенегес – шекті руының бір аталығы.
Төртінші: Абат – «Абат есімі жыр-дастан, шежіре мен аңыз-әңгімелерден ғана емес, сырт жұрт мұрағат құжаттарынан да белгілі. 1481 жылы қаңтарда Қырым ханы Меңлігерей Литва ұлы князі, Польша королі Казимирге Ұлы Орданың (авт. – Алтын Орданы осылай атаған) күйреуі туралы жолдаған хабарында: «Қаңтардың 21-і күні шибан патшасы Айбақ (Ибақ), оның сұлтаны Мамақ би, Абат мырза, Мұса мен Жаңбыршы келіп, Ахмет ордасын табанға таптады… Ахмет патшаны өлтіріп, оның ұлысының адамдарын айдап кетті» деп мәлімдеген (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Том I. Алматы, 2005, 33-б. //Аударған Әнес Сарай. Ноғайлы. Алматы, 2009, 108-б).
«Демек, Асан Қайғы ұлы Абат 1471-1474 жылдар аралығында Жәнібек ханмен достық қарым-қатынаста болып, Ноғайлы билері Мұса, Жаңбыршылармен үзеңгілес қатар өмір сүрген. …түйеден құлап Абат өледі. Ел оны ырғап-жырғап, Деші Қыпшақтың қарадан шыққан игі жақсылары жатқан Байтақ қорымына жерлеп, үйін тұрғызып, асын беруге тағы да бір жыл кетеді. Абат 1481 жылы қаңтарда Алтын Орданың соңғы ханы Ахметті шабуға қатысқан Ноғайлының белгілі тұлғасы. Демек, оның өлуі – 1481-1490 жылдардың арасында болған», – деп Абаттың өлімін Әнес Сарай шамалап көрсетеді (Ноғайлы. Алматы, 2009, 110-б).
Бесінші: Асан Қайғы – Зерттеуімізде Асан Қайғы өмір сүрген заманын, сол кезеңнен алатын тарихи орнын анықтап, ноғайлы заманымен байланысын, қай хандардың, ноғайлы билерінің кезінде өмір сүргенін анықтап алу қажет.
Ә.Сарай: «Асан Қайғы туралы аңыз-әңгімелер тарихи пішінде көрінеді. Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, Ә.Марғұландар оны XV-XVI ғасырда өмір сүрген ноғайлы жұртының ойшылы, хандық-феодалдық құрылыстың сыншысы, шаруаға жайлы қоныс, бақытты өмір іздеген утопиялық ойдың ақыны ретінде бағалаған.
Эпостар қалмақ шапқыншылығына байланысты қайта жырланғанда не жыршылардың, бастырушылардың кеңес идеологиясына орайластырып қырнап, жонуынан олар бұрынғы деректерінен айырылып қалған. Бұл жырлардың негізгі сюжеті орыспен, Қырым хандығымен өзара бақталас, тақталас шайқастар болғаны, байырғы көне нұсқаларда оқиға кейіпкерлерінің шын аты-жөні аталса керек. …Ноғайлының ұлы билері мен ұлы батырлары заманында қалмақтың иісі де жоқ-ты. Кейінгі жыршылар жағдайға орай тегістеймін деп, жырларды деректілігінен жұрдай қылған», – деп қорытынды жасайды (Ноғайлы, Алматы, 2009, 223, 224-бб).
Әнес Сарайдың пайымдауы ақиқат, жоғарыда ноғайлы батырлары деп жырланған Айсаның ұлы Ахмет, Әмет батыр, Алау батыр, Ақжонас ұлы Ер Кеңес, Тоған, Абат батыр бұлардың бәрі – Алшын ішінде алты ата Әлім бірлестігіндегі шекті мен төртқара руларының батырлары.
Құрбанғали Халид «Тауарих хамса» («бес тарих») еңбегінде Асан Қайғыны екі жерде жазады. Біріншісінде: «Асан Қайғы Шыңғыс хан замандасы Майқы бидің алтыншы немересі деседі. Ұлы жүзде де бір Майқы би бар, бұл ол емес дейді. Асан атаның мақал-мәтелдері қазақ арасында мәшһүр.
«…Тырнадан жасауыл қойсаң, басыңнан қиқу кетпес, тексізден төре қойсаң, жұртың мұратқа жетпес», – деп ойын айтқанда, ханға ұнамай қалып, мәжілісінен қуып жіберіпті.
Осылайша Асан атаны сарай ханы кеңестен қуған соң, ол Қазандағы Ұлық Мұхаммед* ханның қасына барғаны кешірілген (нақал етілген). Олай болса әдепкіде Кіші Мұхаммед* хан алдында Сарайда болып, соңынан Ұлық Мұхаммедке барған болып шығады. Қалай болған күнде де Асан ата ұзақ өмір сүріп, көп хандармен болғанын, ол кісінің қай уақытта өмір сүргенін анықтаудағы таластың себебі де осы болса керек. Өйткені хандар оған үнемі «ата» деп сөйлейді. Ол кісінің өз аты Хасан, оны халық Асан ата деп кеткен», – деп жазады Қ.Халид (Астана, 2007, 56, 57-бб).
Екіншісінде: «1871 жылы 17-ші зулкагда Құдабай ақынмен кезігіп қалып (ол кезде зағип кісі еді):
– Асан Қайғы кім, оның сөздерінен есіңізде қалғаны бар ма? – деп едім, мынадай өлеңдермен жауап берді.
Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық-қанық емес едім,
Естігенім тақсыр-ау былай деймін.
Тегінде ноғай-қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды еткен дүбір.
Ор Мамбетхан* ордадан шыққан күнде
Асан Ата қайғырып айтыпты жыр», – деп көрсетеді (Сонда, 84-б). Әнес Сарай жоғарыда Қ.Халиттің Асан Қайғының «үйсін Майқы бидің алтыншы немересі» деген мәліметіне кереғар пікірлердің бірі деп сенімсіздік білдіреді (Ноғайлы, 109-б).
Кітапты баспадан шығарушылар Қ.Халид зерттеуіне ғылыми түсініктер мен ескертулер жазған.
Ұлық Мұхаммед* хан – Алтын Орда ханның ұлы. 1445 жылы өз алдында Қазан хандығының негізін қалаушы, орыстар Қазан хандығын 1552 жылы жаулап алды (Тауарих хамса. 229-б).
Ор Мамбетхан* – Құдабай ақын Ұлық Мұхаммедтің Сарайдан қуылғанын айтып отыр.
Майқы би – Ұлы жүздің атасы. Тарихи деректерге қарағанда Шыңғыс ханмен дәуірлес, XIII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген Рашид ад-диннің жазуына қарағанда Майқы үйсіннен шыққан. Жошы ұлысының оң қанатында әскери басшы болған (Тауарих хамса. 233-б).
Асан Қайғы – атақты ақын, философ, даналық аңыз-жырлардың кейіпкері. XV-XVI ғасырда өмір сүрген. Сарайда, одан Қазанда тұрған. Жасы келгенде қайтадан Дешті-қыпшаққа келеді. Халық аузындағы аңыздарға сүйенсек, Асан Қайғы Жәнібек пен Керей ханға қазақтың барлық тайпалары мен руларының басын қосып бір ел болуды айтады. Желмаясына мініп «Жерұйық» іздеген» (Тауарих хамса. 232-б).
Әнес Сарай «Ноғайлы» зерттеуінде Алтын Орда хандарының шежіресін (Алтын Урда ханнары шәжәрәсе) көрсеткен.
«Ұлық Мұхаммед 1427-1437 жылдар аралығында Үлкен Орданың (Алтын Орданың) ханы, 1437 жылдан бастап Қазан ханы;
Кіші Мұхаммед 1433-1459 жылдар аралығында Үлкен Орданың (Алтын Орданың) ханы», – деп көрсетеді (Ноғайлы. Алматы, 2009, 5-б).
Үлкен Орданың (Алтын Орданың) осы екі ханы туралы толығырақ тоқтала кеткеннің жөні бар деп санаймыз. Себебі: Қ.Халид Асан Қайғы осы екі ханның сарай кеңесшісі болған деп көрсетеді.
Әнес Сарай: «1422 жылы Ноғайлы беклербегі Едігенің ұлы Мансұр шығыс Дешті Қыпшақтан Барақты* шақырғанда, Сарай тағында Құдайдат пен інісі Ұлық Мұхаммед отырды. Мансұрдың кеңесшілерінің ақылына құлақ аспай, Бараққа арқа таңуы – Түлек-Темір әулетінің дүмпуімен тікелей байланысты еді. Барақ бірнеше шайқаста жеңіске жетіп, бұл әулетті Еділдің Қырым бетіне қуып салды. 1426 жылы Ұлық Мұхаммед жастанып келіп, Барақты Сырға қашуға мәжбүр етті. Сол кеткеннен Барақ Еділ-Жайыққа қайтып оралған жоқ. Сарай қаласы, Алтын Орда иелігі Ұлық Мұхаммедтің қолына көшті.
Автордың ескертпесі: Барақтың ататек шежіресі: Орыс хан (Ақ Орда, Алтын Орда ханы)®Тоқтақия®Құйыршық®Барақ хан*®Жәнібек хан – бірінші қазақ ханы;
Бұл кезде Әзітарханда (авт. – Астрахан) жас бала Кішік Мұхаммед хан болып отырған. Ол Алтын Орда тағын Ұлық Мұхаммедке беріп, өзі кіші хан болып, бағыныштылық танытқан сияқты. Қалай дегенмен, Кішік Мұхаммед Әзітарханда, Ұлық Мұхаммед Сарайда 1437 жылға дейін соқтығыспай тыныш отырды.
1437 жылы Әзітархан мен Сарай аралығы шиеленісіп тұрғанда Алтын Орда беклербегі Наурыз Едігеұлы Кішік Мұхаммедтің пайдасына сатқындық жасағаны үшін Ұлық Мұхаммед оны өлтіріп жіберді. Ноғайлы атқа қонып, өре түрегелді. Екі жақты тегеурінге шыдай алмаған Ұлық Мұхаммед Дон даласына кетті.
Алтын Орда тағы, оның ажырамас бір бөлігі Әзітарханмен бірге Кішік Мұхаммедтің қолына көшті. Ол 1459 жылға дейін хандық құрып, өз өлімімен өлді. Оның Ахмет, Махмұд есімді екі ұлы бар еді. Махмұд Әзітархан хандығының негізін салушы ретінде, Ахмет Русьті бодандықтан құтқарған Алтын Орданың соңғы ханы ретінде тарихта қалды», – деп жазады (Ноғайлы, 111,112-бб).
Тарихтан белгілі Алтын Орданың (Үлкен Орданың) соңғы ханы Ахмет хан 1481 жылы 6 қаңтарда Ибақ (Айбақ), Мамақ би, Абат мырза, Мұса, Жаңбыршылардың тұтқиыл ойранынан өлді.
Алтын Орда (Үлкен Орда) хандары Ұлық Мұхаммед пен інісі Кішік Мұхаммедтің тарихын термелеп отырғанымыздың басты себебі: Асан Қайғы осы екі ханның кеңесшісі болды деп Құрбанғали Халид жазғанымен, орыс құжаттарында Асан Қайғы есімі айтылмайды, бұлтартпас нақты жазба дерек жоқ. Асан Қайғының туған жылы шамамен Ә.Сарайдың топшылауы бойынша 1400 жылдары болса, Ұлық Мұхаммед 1427-1437 жылдары Үлкен Орданы, ал Кішік Мұхаммед 1433-1459 жылдары басқарса, Асан Қайғы қалайша «ата» аталады. Ұлық Мұхаммедтің қол астында кеңесші кезінде 40 жасқа толмаған жігіт ағасы емес пе?
Ал «Бес ғасыр жырлайды» жырын баспадан кітап етіп шығарушылар Асан Қайғының өмір дерегінде 1361-1370 жылдар аралығында туса керек деп көрсетеді. Ұлық Мұхаммед пен Кіші Мұхаммедке кеңесші болғанда Асан Қайғының жасы жетпіске жақындап қалған болады. Бұл жағдайда Асан Қайғыны ата деп айтуға негіз бар.
Қазақ ханы Әз-Жәнібек 1470-1474 жылдары Еділ-Жайыққа келгенде Асан Қайғы 100 жастан асып кеткен болады. (1470-1361 = 109 жас). Яғни, Қазақ ханы Әз-Жәнібекке қалайша ақылшы болады?…
…Ә.Қоңыратбаевтың «Жұлдыз» журналының 1985 жылғы №1 санына шыққан «Ноғайлы жыры» туралы журнал оқырмандарымен ойласу ретінде ұсынған мақаласында: «Мұрын Қарадөңнен: Жұбаныш, Сүйеніш, Бөгіс, Төгіс, Тама (Нәрік), Шора батырды таратқан. Ағыс, Көгіс осы кезде Шектінің жақайым деген руының ішінде, Асан Қайғы образын Мұрын Ноғайлы заманына қосқан. Бірақ Асаннан туған Абат, Тоған, Телағыс, Қосай, Тұяқбай, Кеңес, Төрехан Айсаның ұлы Ахмет образдарын ноғай емес, қазақ (қыпшақ) етіп көрсетеді. Ноғай эпосы біз үшін тарихи жыр бола алмайды», – деп тұжырымдапты. Мұрын «Қырымның қырық батыры» жырында осы батырларды «Жеке батырлар» (Үшінші бөлім) циклы құрамында жырлаған.
Біздің пайымдауымызша Мұрын жырау дұрыс жырлаған. Айсаның ұлы Ахмет, Төрехан, Кеңес, Тұяқбай, Қосай батырлар бұлардың бәрі қазақ руларынан тараған, тек ноғайлы ұлысында өмір сүргені болмаса. Ал Айсаның ұлы Ахмет, Кеңес, Қосай бұлар – Алтын Орданың кезінде өмір сүрген, Ноғайлы заманынан бұрын болған кейіпкерлер.
Әнес Сарай: «Ноғайлының осынау әйгілі батырларының есімі 1508 жылдан тарих саханасынан шаң береді. Бұл – Алшағырдың би болған жылы. Осы жылы Бұрындық пен Қасым бастаған қазақ ләшкері Ноғайлыға жастанып аттанды. Ноғайлы барлық күші жөпелдеп Жемге тартылды. Бұл кезде Мамай өз қоныс жайы, иелігі бар аты шыққан батыр еді. Ағыстың да қайраты толысып, кемеліне келген кезі. Ал Орақ болса – әлі қабырғасы қатпаған бозбала жастағы жас мырза. Үшеуі де ел қорғау ісіне атсалысты.
Қазақ-ноғайдың бұл соғысы туралы мүлде дерек жоқ. Ноғайлының ірге бермегені белгілі. Қазақ жасағы жеңіліске ұшыраған сыңайлы. 1511 жылы Бұрындықтың хандықтан біржола бас тартып, қазақ арасынан шығындап, Самарқандағы аса дәулетті қызы Михр-Сұлтан ханымның қолына кетуі – осы жеңілістің салдары болуы керек.
Осы соғыста Ағыс айрықша ерлікпен көзге түсіп, майдан шебінен абырой-беделі артып, күшейіп қайты.
Қазақ ханы Қасымның 1519 жылы Сарайшықты алып, Ноғайлыны толық жаулап, иемденіп, хандықтың батыс шекарасын Еділге тірегенде: «Ноғайлының белсенді тобы Алшағыр, Мамай, Сейдек, Шейхмамай, Ағыс, Орақ қайтадан Қырымнан шықты. Меңлігерей 1502 жылы ақи-тақи талқандаған Тақыт (авт. – Үлкен Орда) елінің жұрты басын біріктіре алмай, рубасшыларының жетекшілігімен Дон, Азау, Қобан (авт. – Кубань), Таман, Терек атырабында шашылып жүрген-ді. Ноғайлының ерлері қатарларын сол жұртпен толықтырды. Олар негізінен Тақыт елінің табанды жұрты Алау батырдың алшындары, Тоқтамыс батырдың адай-алшындары еді. Сейдек ұлысы алшындармен, Ағыс ұлысы адайдың Тоқтамыс аталарымен, Мамай ұлысы байұлымен толықты», – деп осылай қорытынды жасайды. Біздің пайымдауымызша, Алтын Орданың ізбасары немесе мұрагері Үлкен Орда хандарының табанды жұрты Алау батырдың алшындары – бұлар шекті қауымы болатын. «Ағыс ұлысы адайдың Тоқтамыс аталарымен» толықты деп жазуы қате пікір дейміз. Себебі шектінің өрісінен тарайтын Айдарбек аталығының ішінде Тоқтамыс есімінің болуы басқа ойға жетелейді. Осы айтылған болжамдардың төңірегінде, азды-көпті сараптама жасап көрелік.
Әлібек САБЫРБАЕВ
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!