Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда жыр мүшәйрасы өтті

21.02.2025, 10:10 55

HALYQLINE.KZ

Арал аудандық мәдениет үйінде тележурналист Сахитжан Бермағанбетовті еске алуға арналған «Аққан жұлдыз» атты аудандық жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Егде жастағы ақындардың қатысуымен ұйымдастырылған рухани дода екі кезеңнен тұрды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыр сайысының бірінші кезеңінде қатысушылар С.Бермағанбетовке арналған өз шығармаларын оқып, оның журналистика саласындағы еңбегін, тұлғалық қасиетін жырға қосты. Екінші кезеңде ақындар Арал тақырыбындағы туындыларды, туған жердің тарихы мен болашағын жырларына арқау етті.

Жас та болса өзінің өткір тілімен, батылдығымен ұшқыр ойлы журналист бола білген марқұмның рухына арналып ұйымдастырылған мүшәйрада 10 ақын бақ сынап, әсерлі жырларымен тыңдарман жүрегін тербетті.

Тартысты жыр бәйгесіне Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Толыбай Абылаев, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерғали Абдулла мен аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов төрағалық етіп, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені қаратереңдік Әмишаев Айдар қанжығалады. Жеңімпазға С.Бермағанбетовтың отбасынан қаржылай сыйлық табысталды.

Құландыдан келген қатысушы Даулетова Айымгүл 1-орынды еншілесе, жүлделі ІІ орынды тоқабайлық Есқуатов Қайрат пен Аманөткел ауылынан Көздібаева Мейрамкүл иеленді. Жақсықылыш кентінен қатысқан Махамбетова Жанар мен Аққұлақ ауылынан Алиева Мирамкүл жүлделі ІІІ орынды өзара бөлісті.

Мұнымен қоса, мүшәйраға қатысқан өзге де ақындар алғыс хаттармен марапатталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: