Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ар алдында тұрған кезде өзімді, Дар алдында тұрғандай боп сезінем»

12.07.2024, 9:45 314

HALYQLINE.KZ

Ершат Қайболдин, 1993 жылы мамырдың 9-жұлдызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Шұбарқұдық кенті, Қайыңды ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық айтыстардың, жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Ершат жазба ақындықты жастайынан жанына серік етіп келеді.

Талай хит әннің авторының бір топ өлеңін halyqline.kz сайты оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

ІЗДЕУ

Мимырт түнді қуалап миы ашыған,

Міне, тағы күн шықты ұясынан.

Бір ғажаптан құр қалып қоятындай,

Мен әйтеуір бір жаққа жиі асығам.

Жету үшін мұратқа күн нұрымен,

Бағыт-бағдар сұрадым қыр гүлінен.

Адастырып кетеді қайта-қайта,

Мынау жолдар аумайды бір-бірінен.

Өттім талай өткелсіз өзендерден,

Асулардан, таулардан, кезеңдерден.

Арманыма жеткенше тоқтамасыпын,

Жаным шығып кетпесе, төзер кеудем.

Айналама көз тігіп, құлақ түріп,

Құлап-тұрып келемін, жылап-күліп.

Жынды болып кететін шығармын мен,

Арман қуып, бақ қуып, мұрат қуып.

Қарайғанға қарайсың, ден қоясың!

Аямайды бұл өмір, неңді аясын?

Мұратыма жетем бе, мініп алсам

Асан қайғы атамның желмаясын?!

СЕН  МЕНІ  СҮЙМЕ,  ҚАРҒАМ!

Бойыңды өлең шығар билеп алған,

Сен мені сүймей-ақ қой, сүйме, қарғам!

Көзіңе болып қалсын бейнем арман.

Сал-сері күндерімді еске салып,

Онсыз да азғырады кейде жалған.

Үзуге ұзын арқан, кең тұсауды,

Аяймын аяулымды үйде қалған.

Сен мені сүймей-ақ қой, сүйкімді қыз,

Жай ғана түсіме кір, ұйқымды бұз.

Жүз жерден үйренсем де сиқырды жүз,

Он сегіз енді маған оралмайды,

Отызда қылған өмір кейпімді күз.

Түн болса терезеңе тас лақтырып,

Жүрмейміз шәуілдетіп итіңді біз.

Көңілің қалып қойды неден, қарғам?

Бәрібір ештеңе жоқ келер қолдан!

Шаршаған жолаушыдай келем жолдан.

Мен талай сүйіп-құштым, күйіп-пістім,

Ол кездер жалғасы жоқ өлең болған.

Енді маған ештеңе қызық емес,

Махаббат менен қалған!

ІЗДЕҢДЕР  МЕНІ

Тарпаңнан қалған соңғы тұқыммын, туғандар,

Жалғыз жортамын, жете алмайсыңдар, қумаңдар!

Бұғалық салып, ор қазып, қақпан құрмаңдар,

Таптап кетемін, жолыма менің тұрмаңдар!

Аяулы жандар, өздерің мені іздеңдер,

Тауып алғанша үміттеріңді үзбеңдер!

Іздеңдер мені таулардан, мұзарт, шыңдардан,

Іздеп жүрмеңдер ойпаттан, төбе, қырлардан.

Іздеңдер мені мұхиттан, теңіз, көлдерден,

Іздеп жүрмеңдер шөлейттен, шөпсіз шөлдерден.

Іздеңдер мені орманнан, нулы тоғайдан,

Іздеп жүрмеңдер қорғаннан, шулы сарайдан.

Тауып алсаңдар, бәріңе жетем, тоқтаңдар,

Қораға емес, жүректеріңе сақтаңдар!

СОҢҒЫ  БАТЫР

Бір басында бар еді қырық ақыл,

Тірі батыр өлді ме бүгін ақыр?

Құбыла тұр, дүние, құбыла тұр,

Батыр әлі өлген жоқ, тірі жатыр!

Ұрып-соғып, ас-сусыз арам қатыр,

Ей, дүние, ажалдан аман батыр!

Иә, табытта талып бір адам жатыр,

Бірақ, рухы қасқайып алаңда тұр!

Тұлпарым-ай, жолына есек тұрған,

Ұлтаным-ай, табытты төсек қылған.

Бордай тозды-ау ақыры кесек тұлғаң,

Кешесің бе, біздерді өсек қуған?!

Шаршаған-ау шынымен біздің батыр,

Өліп қалған адамдай мызғып жатыр.

Күзетіңдер, көпшігін түзетіңдер,

Көзін ойып кетпесін құзғын-кәпір!

Дем алмастан демалсын соңғы батыр,

Соңғы батыр шаршады, болды, жатыр!

Әй, бауырым, батырды мазалама,

Дәтің барса сен соның орнына тұр!

БЕЙМАЗА  ТҮНДЕР

Кейде түнде бастырылып, езілем,

Езілуден болып кеттім мезі мен!

Ұйықтап кетсем, ояу жүріп түсімде,

Мұқағали, Мағжандарға кезігем.

Есенғали әзіл айтып тұрса да,

Есенқұлдың мұң көремін көзінен.

Сүлік қара гитарасын құшақтап,

Табыл отыр өзі болып өзімен.

Шабыттанып шарқ ұрады Шәмші ағам,

Әуен іздеп Жұмекеннің сөзінен.

Адал, аңғал шайырларды көрем де,

Пендешілік ойларымнан безінем.

«Ар алдында тұрған кезде өзімді,

Дар алдында тұрғандай боп сезінем».

Араластым талай бұлбұл, дүлділмен,

Бірақ, кімнің кім екенін кім білген?

Ардан аттап кеткен кезім бар болса,

Аяғымды байлап тастап шынжырмен,

Аямаңдар, тас атыңдар бір-бірден.

Ал әзірге ештеңем жоқ бүлдірген!

Мен қай күні былғап алсам арымды,

Сол күннен-ақ жазбай кетем жыр мүлдем.

Содан кейін өлеңімді сүйгендер,

Сүйегімді табарсыңдар үңгірден.

Өмір үшін өлең жазып көргем жоқ,

Өлең үшін өмір сүріп жүрмін мен!

Әй, мен сірә, аттай алман арымнан,

Аттап кетсем жоғым жақсы барымнан.

Көтерілсем пайдаланып біреуді,

Өзім түсем, өзім шыққан тауымнан.

Тексеретін бір құрылғы бар болса,

Бір жауыздық таппайсыңдар жанымнан,

Бір қаскөйлік таппайсыңдар қанымнан.

Менің қандай екенімді сұрап көр,

Ең қатыгез жауымнан!

АЛДЫМДА  ЖҮРІҢДЕРШІ…

Өзім жайлы өсектен есім ауды,

Қырық жамау жанымның несі қалды?

Жаралы жүрегіме әркім келіп,

Өзіне керек жерін кесіп алды!

Ешкімге ұқсамайтын тағдырым бар,

Неге сонша артымнан аңдыдыңдар?

Жол берейін, алдыма шығыңдаршы,

Бірақ, мені жайыма қалдырыңдар!

Күн кешіңдер күндемей, күңкілдемей,

Тілдесіңдер адамша, зіркілдемей.

Болғаныммен бір күн бай, бір күн кедей,

Сыйлап өтем бәріңді күн-түн демей!

Сақтамаймын ешқандай кек сендерге,

Ұрсаңдар да шыдаймын, тепсеңдер де.

Мен бәрібір арғымақ болып қалам,

Арбасына есектің жексеңдер де.

Күтпеген жерден біреу келе қалса,

Шошып кетем бір жері кем адамша.

Артымда жүргендерден қауіптенем,

Алдыма шығыңдаршы не де болса.

Ершат  ҚАЙБОЛДИН

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: