Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақындық – арым, ұстаздық – бағым

11.09.2025, 10:20 399

Ержеңіс  ӘБДІ,

Мәдениет  саласының  үздігі, ақын,  ұстаз:

Қасиетті болмаса топырағы, жайқалып өсер ме еді  жапырағы. Иә, табиғаттың да, адамның да жайқалып өсуі тамырын тереңге жаюы әсілінде туған жеріне, өскен ортасына тікелей байланысты.

Біздің  бүгінгі  кейіпкеріміз – Ержеңіс Тастыбайұлы. Ол – Арал ауданы, Бөген ауылында дүниеге келіп, бойындағы туа бітті талантының арқасында атын аймақ һәм республикаға танымал еткен жан. Алдыңғы толқын ағалардың ізімен ізетті жолынан жаңылмай, төрт тұяғын тең басқан жорғадай өнер сапарында көсіліп келеді. Халық тәмсілінде «Түйе аунаған  жерінде  жүк  қалады, ат аунаған жерінде түк қалады» деген сөз бар. Сол секілді оның әр айтысында «Ержеңіс айтқан сөз» деген сөздер көп айтылады. Бұл – кез келген айтыс ақыны үшін үлкен бақыт. Қазір сәл саябырсып, додадан тысқары жүргенімен, кезінде талай аламанда ақ тозаңды аспанға атқан ақбозаттай халықтың зор қошеметіне бөленгені айтыссүйер ағайынның есінде.

«Қайта-қайта волидол ішіп жүрсем,

Сондағы мықты ақыным сен екен ғой» немесе

«Маңдайыңнан сүйейін қалқам сенің,

Маңдайыңа мен шығар бұйырғаны» десе тағы бірде:

«Сен мені негр демей, қазақ десең,

Жыртылып  кетеді  ме  кеңірдегің» деген шумақтары терең филиософиялық маңызға ие. Оның ана жайлы «Ғаламның сұлулары татымайды, анамның күліп тұрған бейнесіне» деген шедевр шумағы талай жүректің жан жарасына дауа тапқандай әсер еткені ақиқат.

Осы  орайда, ақынмен  өткен  шығармашылық  һәм  қоғамдық мәселелер  төңірегіндегі  сұхбатымызды оқырман назарына  ұсынамыз.

ӘЛҚИССА…

– Ержеңіс Тастыбайұлы, алғаш ақындық  жолға  әке  өнегесімен келгеніңізді  білеміз. Жалпы, өлең  жазуға құштарлығыңыз  неше  жаста  оянды? Әңгіме  әлқиссасын  осыдан  бастасақ.

– Рақмет! Егер «Өлеңді қай жастан бастап жаздың?» деген сұрақ болса, мен оған жауап беруге қиналамын. Өйткені, мектеп қабырғасында, студент кезімде немесе кейін­гі уақытта да жазған өлеңдерімді жарыққа шы­ғаруға асықпайтынмын. Оның оқырман алдындағы салмағын сезінгендіктен болар деп ойлаймын. Ал өлеңге  құштарлық  сезім  бала жастан оянған шығар. Өйткені кішкентай кезімнен кітап оқып, тақпақ жаттап, «Балдыр­ған», «Ұлан» басылымдардың тұрақты оқырманы болдым десем артық айтқандық емес. Әрбір кезекті санын асыға күтіп жүретінім есімде. Ондағы жарияланған проза, өлең бәрін де сүйсіне үлкен бала көңіл ынтазарлықпен оқитын едік. Сол баспаларға өлең беруге талпынып өстік. Міне, содан болар өлеңге құштарлық  бала жастан ерте бастау алды  деп  айтамын.

– Айдынды  Арал  өңірінің  тумасысыз. Балық­шылардың тағдырын, елдің жағдайын ақын  һәм  азамат  ретінде  қалай  сезінесіз?

– Арал халқының тағдыры теңізбен егіз деп түсінемін. Сондықтан теңіз толып жатса, халық­тың әл-ауқаты артып, көңілі көтеріледі. Ал тиісінше теңіз тартылып, кемерінен түсіп жатса, елдің де еңсесі езіліп, ұнжырғасы түсіп жатады. Бұл – белгілі нәрсе. Әлі күнге де­йін ел жаққа елеңдеп, теңізге мойын бұрып отырамыз. Баяғы айдынды Арал жоқ. Сонда да кіші Аралды сақтап қалуға мемлекет тара­пы­нан барлық  жағдай жасалды деп айтуға толық негіз бар. Соның нәтижесінде өзіміздің Сырдарияд­ан құйылған су Аралда сақталып, халық  азын-аулақ  балығын  аулап  отыр.

– Балықпен  күн  кешкен  халықтың бүгінгі  ахуалы  қандай?

– Теңіз жағалаған ауылдар әлі де балықпен күнкөрісін жақсартып, шет елдерге экспорттап, тіршілік түйіткілдің қамымен күн кешіп келеді. Бұл былайғы сырт көзге бейнет көрінгенімен, шын мәнінде жергілікті жұртшылық үшін атакәсіпті жандандыру ғой. Кейде «ауылда балық азайып кетті» дегенді, азаматтардың басқа өңірлерге жұмыс іздеп кетіп жатқанын естігенде  жанымыз  ауырады. Сонда да ауылдан балық үзілген емес. Лайым үзілмесін деген ниеттеміз. Біздің Арал елі «Ауылды сағындым!» деп хат жазсаң, жауабын балық­пен қайтаратын ауыл ғой. Ауылдың хал-ахуалы жаман емес. Халықтың жағдайы жақсы. Елдің еңсесі биік, әлеуеті зор деп айтуға болады. Соған көңіліміз марқайып, мерейіміз  өсіп  отырады.

МАҚСАТЫМ – ҚОҒАМДАҒЫ  АНА  РӨЛІНІҢ  ОРНЫН  АЙШЫҚТАУ

— «Анаға сағыныш»  атты шығармашылық кешіңіз өткелі отыр. Ана тақырыбы – аяулы тақырып. Алайда қазіргі қоғамда баласынан безінген  аналарды  да естіп, көріп келеміз. Сіздің ойыңызша,  бала  тапқанның  бәрі  ана  ма?

– Бірінші кезекте бұл кешімнің өткізілуі шығармашылық жолыма есеп беруім  десем болады. Өнер жолында азды-көпті келе жатқан сапарымыздағы жеткен жетістіктерімді халыққа бір көрсетуім – негізгі мақсатым. Ал, енді екінші мақсатым – қоғамдағы ана рөлінің орнын айшықтау. «Анаға сағыныш!» ертеректе жазған туындым болатын. Аяулы анама деген жүрек түкпіріндегі тәтті сағыныш сезімге құрылған өлең. Кейде қасымдағы азаматтардың аналарына «туф» деп жатқанын көріп іштей қынжылып қалатын сәттерім кездеседі. Кештің бір көксегені – сол бауырларымыздың анаға деген махаб­батын арттырсақ деген ой. Расымен де бүгін­гі қоғамда баласынан бас тартатын аналар да көп. Тағдыр тауқыметімен деп себеп іздеп жатады. Баласын бағуға жағдайы келмейді деп жатады. Бәрібір оның салдары имансыз­дықтың кесірі деп ойлаймын. Біз бұл жерде тек аналарды ғана кінәламай, оның түпкі жүрек жарасын көре білуіміз керек. Мәселен, өзегі  неден  басталды. Сонымен күресуіміз керек сияқты. Жастардың тәрбиелі болып өсуі ана өмірінің өнегелі болуына тікелей байланысты. Ол жас балалардың көше кезіп бейберекет жүрмеуіне, әсіресе қыз балалардың қысқа киім  кимеуіне тәрбиелеу. Бұл – әрбір отбасы үшін маңызды қадам. Қазақы салт-дәстүрді санасына тоқып өсуіне жағдай жасауымыз керек. Екінші кезекте мұғалімдер, ата-аналар бала санасына тәлімді тәрбие тінін тереңінен ұғындыра білгеніміз абзал. Сонда ғана  осындай  келеңсіздіктер  болмас  еді.

— Отбасы  құндылығын  қалай  бағалайсыз?

– «Отан отбасынан басталады» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті. Әр азамат отанын шын сүйсе, әуелі отбасын құрметтеуден бастауы керек. Әлбетте айналамызда отан тура­лы басқа да мәселелер туралы бой көтеріп, батыл сөздер сөйлеп, бірақ олар халыққа өтпей жататын кездер болады. Сөзінің өтімді болмай жататын себебі өз отбасында мәселелерді шешпей жатып, отандық мәселелерге белсенді кірісіп кететін кісілер де қоғамда көптеп кездестіріп келеміз. Сондықтан отбасы құндылығын сақтауға әрбір отбасы мүшесі әке, ана, бала үлкен отанның бір кірпішімін деп шын жүрегімен сезінуі керек деп ойлаймын. Қарлығаштың қанатымен өртке су сепкендей менің отбасым дұрыс болса, демек отаныма тигізген пайдам орасан деп ұғынғаны ләзім. Мемлекеттің іргесі берік болуына әрбір ерлі-зайыпты атсалысады. Өз отбасының берік болуына бір-біріне деген адал махаббатының шынайы болуына барлық жағдайды жасауы керек. Небір қиыншылықтар болған жағдайда сабыр етіп, бір-біріне кешірімді қарауы керек. Қит еткен сынаққа сынып кетіп, тәуекел менің отбасым бұзыла салар деп, әркім солай өмір сүрсе, онда мемлекеттің ертеңі қалай болады?! «Мен – мемлекеттің тірегімін. Менің отбасым арқылы отаным өркендейді» деген ұстанымда болу  –  әрбіріміз  үшін  аса  қажет  шешім.

ЖАСТАР  ТӘРБИЕСІНДЕ  АРТЫҚШЫЛЫҚТАР  КӨП

— Жастар  тәрбиесінде  нендей кемшілік,  қандай  артықшылық  бар?

– Әлбетте жастар тәрбиесінде артық­шылықтар көп. Соған іштей сүйсініп жүре­мін. Қазіргі оқушыларымыз, көз алды­мыз­дағы жастарымыз ойын еркін айта алады. Біз қатарлы  жастарда кезінде сәл жасқаншақтық бар болатын болса, қазіргі жастарда еркін ойлылық жақсы дамыған. Бұл – тәуелсіз еліміздің кейінгі буындары. Олар ешқандай қиындық көрген жоқ. Лайым солай болғай. Осы  бір  артықшылықты  ерекше  айтар   едім.

Жастар бойындағы жалаңдық – яғни кемшіліктер әкеге, анаға, батыл сөйлеп қоятыны. Қоғамдық ортада кейде анайы сөздерде айтып жататынын кездестіріп жүрміз. «Сіз» деп сыпайылық танытатын жерлерде «сен» деп өркөкіректік танытып тұрған жайларды аз-кем көріп қалып жүрміз. Бұл – ащы да болса қоғам шындығы. Өздерін үлкендермен қатар көретін жастар  да  аз  емес  арамызда.

— Кеш  барысында  қос кітабыңыздың тұсау­кесері  өтпек. Бүгінде кітап оқырманы  жоқтың  қасы  дегенді  жиі естиміз. Бұған алып-қосарыңыз  бар  ма?

– Рақмет! Алла қаласа балаларға арналған «Батыр балапан» және «Анаға сағыныш!» атты қос кітаптың тұсаукесерін өткізсек деген ниетіміз бар. Кітап оқырманы жоқтың қасы демей-ақ қояйын. Бірақ өкінішке қарай, аз екенін мойындаймыз. Өйткені, қазіргі ақпарат ағынының молдығы сондай барлығымыз да қысқа-нұсқа ақпараттар оқуға дағдыланып алдық. Кітапты арнайы уақыт бөліп емес, жүрдім-бардым оқи саламыз. Кітап оқуға межелі уақыт бөліп қарамайтынымыз бәріміздің кемшілігіміз десем артық айтқандық емес. Уақыттың тез өтіп жатқаны жай сылтау ғана. Бір анығы, түптің-түбінде халық қайтадан жаппай кітап оқуға бет бұрады деп кәміл сенемін. Неге десеңіз, қазіргі жаһандану дәуіріндегі әлеуметтік желінің барлығы – дерлік бүгін бар, ертең жоқ дүниелер. Басты идеологиямыз білім мен тұрақтылыққа біздің осы кітаптарымыз өз пайдасын тигізбек. Кітап оқудың пайдасы жөнінде сонау замандардан бері айтылып келеді. Бір кітап оқуға бір адамның тағдыры түбегейлі өзгеруіне оң әсер етпек. Осыны әрбіріміз көңіл көзімен сезіне білсек деген тілегім  де  бар.

АЙТЫСҚА  КӨП  ШЫҚПАЙ  ЖҮРГЕНІМНІҢ  СЕБЕБІ – ОСЫ

— Бір  кездері  айтыс  сахнасында «Аралдың  ақсүңгісі» атанып, жүлделі орындардан  көп  көрінуші  едіңіз?

– Қазіргі уақытта білім саласында еңбек етіп келемін. Уақытымның көбін оқушыларға, мектепке арнаймын. Айтысқа көп шықпай жүргенімнің бір себебі – осы. Бұл, әрине, мұғалім болғаннан кейін деп жылы жауып қойғым келмейді. Шынымен мектепке деген махабба­тым айтысқа деген махаббатымнан артып  кеткеннен  де  болуы  керек. Дегенмен,  алдағы  уақытта  үлкен айтыстарда бой көрсетіп  қалармын  деген ойым бар. Өйткені, бойға біткен талант бәрібір сені сахнаға шығармай қоймай­ды. Өнер сапары бұдан да үлкен  жетістіктер  уақыт  еншісінде.

— Қарапайымдылығыңызды  қарабайырлыққа  телігендер  болды  ма?

– Анығында мінез адамның тағдырына тіке­лей әсер ететіні ақиқат. Бас бұғып, бармақ бүгіп не айттыға көне беретін көнбіс мінез болған да дұрыс емес. Дегенмен, бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қолы­нан жұлып алатын басбұзарлық жарамайды. Дегенмен, пайғамбарымыз айтқан көркем мінез иесі болғанға не жетсін?! Сенің қалып­ты мінезіңді өз тұжырыммен бағалайтында қай кезде де бар және бола да бермек. Өйткені адам бар жерде пікірлер қайшылығы болуы да заңдылық деп есептеймін. Сондықтан менің мінезім жайлы жұрттың біржақты көз­қарасы қатты көңіліме келе қоймайды.  Әртүрлі ортада жүремін. Мені бұрыннан білетін ағайын, дос, бауырларым  құрметтеп, ілтипаттарын көрсетіп  жүреді.

Бірақ кейде танымайтын ортада сол қарапайымдылығымды керісінше түсініп қалатын­дарда жоқ емес. Сондай сәттерде міне­зім көрініп  қалатын  еді. Қазір оған үйренген сияқ­тымын. Ол да сәл ақыл тоқтатқандықтың белгісі  деп  ойлаймын.

— Ақындық пен ұстаздық жолдың біреуіне таңдау  түссе, қай  жолмен  жүрер  едіңіз?

– Өлең шығарсам да, есеп шығарсам да, мектеп те жүрсем де, сахна да жүрсем де, Алла­ның берген бағы шығар деп ойлаймын. Егер тағдырымда осы екеуінің біреуіне таңдау түссе ойланбастан екеуінде таңдаған болар едім. Ақындық – арым, ұстаздық – бағым деп білемін.

БІЛІМ  САЛАСЫНДА  ШОУЛЫҚ  СИПАТ  КЕҢ  ЕТЕК  АЛЫП  КЕТКЕН

— Бүгінгі  білім  саласында  нендей  өзгеріс  қажет  деп  ойлайсыз?

– Білім саласында соңғы кездері шоулық сипат кең етек алып кеткен. Әрбір баланың мектепке келгені, шыққаны, мұғалімдердің онлайн сабақ беруі деген сияқтылардың барлығы өзінің жақсы жақтарын жариялау тым көбейіп кеткені жасырын емес. Мұны мен уақытша шығар деп ойлап едім, бірақ бұл ұзаққа созылып бара жатыр. Нарық заманы болғаннан кейін әрбір шығармашылық адамы­на еркіндік берілгеннен соң мұғалім қандай әдіспен сабақ өтсе де кеңдікпен қарау белең алған. Сонда да оқушы негізгі білімді мектептен алатынын сезінетіндей мектеп қабыр­ғасында ең үздік мұғалімдердің жүруіне ықпал жасалуы  керек деп ойлаймын. Мектепте мықты білімді  тәжірибелі ұстаздар неғұрлым көп болса, оқушыларда соғұрлым биік белес­терді бағындырады. Ең бастысы, мұғалім­дерге шығармашылық кеңістік көбірек жасалса. Шығармашылық дегенге ән айтып, би билеп кетсін  деген  сөз  емес, әр ұстаз өз сабағына еркін дайындалуға, өзінің ойындағы әдіс-тәсілдерді қолдануға көптеу қолдау берілсе нұр үстіне нұр болар еді. Және тағы бір айта кетерлігі, ер мұғалімдер көбірек болса, бұл ұл балалардың шымын, жинақы өсуіне, ертеңгі күні еліне, жеріне қамқор болатындай қажырлы болуы­на  жол  ашпақ.

— Соңғы  сауал. Сегіз  қырлы,  бір сырлы  жігітсіз. Бос  уақытыңызда  немен  айналысасыз?

– Көңілім қалаған нәрселермен айналы­суды бос уақытымда айналыссам деп есептемеймін. Мәселен, кітап оқу керек болса, арнайы  оған  уақыт  бөлу керек.  Футбол ойна­сам да соған арнайы  дайындалып, кейбір жұмысым­ды ысырып  қойып баруға тыры­самын. Ал, енді бәрінен қол босаса, аға­йын-туыс, бауыр­ларымның үйіне барып, бір қауқылдасып әңгіме  айтып,  уақыт  бөлуге  тырысам­ын.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұқбаттасқан 

Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: