Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ақиректегі Арыстан баб зираты аумағы абаттандырылуда

25.09.2025, 15:10 200

HALYQLINE.KZ

Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев жұмыс сапарымен Ақбай ауылына барып, ауылдық округ көлемінде атқарылып жатқан бірқатар жұмыспен танысты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпараттандырды.

Алдымен ауыл ішінен салынып жатқан мешіт үйінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Осыдан 4-5 жыл бұрын ауыл азаматтарының қолдауымен бастау алған құлшылық үйі кейінгі уақыттары түрлі себеппен аяқталмай қалған. Бүгінде осы ғимаратты толық бітіріп, ел игілігіне пайдалануға беруге кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты М.Жұмашев демеушілік жасауда. Оған қоса мешіт ауласынан ауыл тұрғындарына арнап арнайы асхана ғимаратын да салуға қолдау көрсетуде. Қазіргі уақытта ғимараттың құрылыс жұмыстары аяқталған. Қосымша асхана ғимаратының құрылысы жүруде.

Аудан әкімі елдегі игілікті іске куә болып, ғимараттың дінге қызмет етер руханият ордасына айнала беруіне тілектестік білдірді.

Сондай-ақ мешіт ауласында ауыл ардагерлерімен тілдесіп, тұрғындар тарапынан айтылған бірқатар сауалға назар аударды. Елдегі өзекті деген мәселелер ұдайы назарда болатынын айтып, алдағы уақытта шешуге жұмыс істелетінін жеткізді.

Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы мұнан соң Ақирек тауының басында жатқан Арыстан баб зиратына барып, баба басын абаттандырып, келушілерге қолайлы жағдай жасау бағытында қолға алынып жатқан бірқатар жұмыспен танысты.

Жаһанда жеті жерде жайы қалған Арыстан бабтың бір ізі Арал ауданына қарасты Ақирек тауының басында екенін бірі білсе, бірі білмес. Бабамыздың есімін келешек ұрпақтың жадында мәңгі жаңғырту мақсатында Ақирек ауылдық округіндегі «Арыстан баб» кесенесіне жаңадан тілеухана, асхана, автотұрақ және қонақ үй ғимаратын салып, заманауи абаттандыру ісі қолға алынуда. Бұл бағытта «Ақиректе Арыстан баб» қоғамдық қоры құрылғаны да белгілі. Бүгінде киелі мекеннің басындағы кешенді жұмыстар басталып кетті. Қазіргі уақытта тау басындағы мазарат орналасқан барлық аумақ түгелдей қоршалып, баба басына баратын жаяу жүргіншілер жолы салынғалы жатыр. Жергілікті кәсіпкер Мейрамбек Тоғысұлының демеушілігімен зират басына электр жарығы тартылуда.

Аудан әкімі осы сынды жұмыстарға куә болып, алда істелетін біршама жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Баба рухына Құран бағыштап, игілікті істің сәтімен жүзеге асуына әркез қолдау болатындығын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: