Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ақиқат пен аңыздың» аңызы

17.12.2020, 14:00 1331

HALYQLINE.KZ Әйгілі жазушы Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» романын оқымаған жан кемде-кем шығар. Кітап жарық көрісімен, оқырман тарапынан зор ілтипатқа бөленді. Алайда кітапта жалаң баяндауға ұшыраған оқиғалар кездеседі. Автор Бауыржан Момышұлының характерін жарқыратып ашу үшін, мүлдем болмаған жағдайларға қатыстырып қояды. Шындықты ту еткен Бауыржан өзінен сұхбат алуға келген Мамыртбек Қалдыбаевқа: «Менің Қасым Қайсеновпен таныстығым шамалы. Жолыққанда: «Бауке, ассалаумағалейкум» деп амандасады. Мен де: «Е, амансың ба, қарағым» дегеннен басқа сөз айтып көрген емеспін. Бірақ ол туралы «Ақиқат пен аңыздағы» диалогқа құралған сөздердің авторы мен емеспін. Оның көңілімді сұрап, палатама келгені қып-қызыл өтірік!», – дейді.

Мамыртбек Қалдыбаев Баукеңнің осы айтқандарына көз жеткізу үшін Қасым Қайсеновке барып жөн сұраған. Сонда батыр партизан: «Мен Бауыржанды соғыстан кейін ғана көрдім. Ол кісіні батыр, жазушы ретінде қатты құрметтейтін адаммын. Әйтсе де, бірде-бір рет ауруханаға барып, ол кісінің көңілін сұраған емеспін. Ал Әзілхан мені «Ақиқат пен аңызда» ауруханаға барғызып, көңілін сұратып қояды. Жай сұратып қойса мақұл ғой. Сол күні карантин екен. Ішке кіруге рұқсат жоқ. Мен күзетшіні тыңдамаппын. Соны Баукеңе өзім былай баяндаппын. «Қасымға карантин бөгет болушы ма еді? Қақпаға барып едім, кіргізбеді. Бір бұрышты айналдым да қоршау тақтайды теуіп қалып, біреуін сындырдым. Бірақ одан сыймадым. Екіншісін сындырдым да сып етіп аурухананың ауласына кірдім».

«Қоршау тақтайды сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің?»

Бұл – Баукеңнің сөзі. «Жоқ, Бауке, одан қорықпаймын. Жасанған жау тұтқын лагерін тоғыз қабат сыммен қоршап, автомат пулеметін кеудеме кезеп тұрғанда да олардың тас-талқанын шығарғанмын», – деймін мен теріме сыймай күпсініп. Осылай, Әзілханның жазуынша, мен басбұзар да, ұрда-жық, даңкеуде біреумін. Бауыржан да ақымақтың кейпін киген. Әйтпесе, бұрын заң қызметкері болып істеген ол кісі: «Қоршаудың тақтайын сындырғаның үшін өзіңді сотқа берсе қайтесің?» деген тәрізді ақымақ сұрақ қоя ма? Ол кісінің осылай сұрақ қоюының өзі Баукеңнің характеріне сай келе ме?

Оның үстіне Бауыржан емделіп жатқан Министрлер кеңесі ауруханасы ешуақытта ешқандай тақтай қоршаумен қоршалмаған. Он Әзілхан жабылса да құлата алмайтын жуан темір тормен қоршалған. Ешқайсымызға зиянынан басқа пайдасы жоқ мұндай ойдан қосылған өтіріктің неге керек болғанын түсінбедім».

Мамыртбек Қалдыбаевтың

«Мен – халқымның Бауыржанымын» кітабынан үзінді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: