Бүгін Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қармақшы ауданында алғашқы «Руханият орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Мерекелік іс-шараға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тілеуімбетов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Бақберген Досмамбетов, Бекмырза Еламанов, Биғали Қаюпов, «Қоғам» телеарнасының құрылтайшысы, ақын Шәкизада Әбдікәрімов, «Сыр елі әйелдер кеңесі» қоғамдық ұйымының төрайымы, білім саласының ардагері Райкүл Байназарова, жауапты сала басшылары мен аудан тұрғындары қатысты.
Аймақ басшысы жұртшылықты жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жетістіктерге тоқталды.
«Бүгін – ғасырлардың үнін жаңғыртып, халқымыздың қазынасын еселеген Сыр руханияты үшін айтулы күн. Ең алдымен, баршаңызды мыңжылдықтардың мұраты, Алаштың асқақ арманы болған Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет» деген болатын.
Биыл өңірімізде «Руханият жылы» жарияланып, айшықты жыл аясында мәдени-көпшілік шаралармен қатар, ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, жаңадан симфония оркестрі, инклюзивті театр, Жастар театры, заманауи би, хор ұжымдары жасақталды.
Сыр мәдениетінің негізгі бренді – жыраулық дәстүр өкілдерінің «Жыраулар үйі» ашылды. Құрылысы қарқын алған облыстық тарихи-өлкетану музейі келесі жылы наурыз айында пайдалануға беріледі.
Биылғы «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд 500 млн теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият» орталықтары салынуда. Мақсатымыз әртүрлі бағытта қызмет көрсететін мекемелерді бір орталыққа біріктіру арқылы бюджет қаражатын тиімді басқару, әкімшілік шығындарды азайту болды. Жыл соңына дейін тағы 5 ауданда «Руханият орталықтары» жұмысын бастайды. Қалған 2 орталық келесі жылдың наурыз айында ел игілігіне беріледі.
Ең бастысы бұл орталықтарда ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүріміз кеңінен насихатталып, өскелең ұрпақтың өзі туып-өскен өңір тарихы, ұлттың бай қазынасы туралы танымы қалыптасады. Барша жерлестерді «Руханият орталығының» ашылуымен тағы да құттықтаймын! Жаңа нысан еліміздің рухани қазынасын толықтырып, жұртшылыққа қуаныш сыйласын. Ұлттық құндылықтарымыз ұлықталып, Тәуелсіз еліміздің абыройы әрқашан асқақ болсын!» – деді Н.Нәлібаев.
Жиында аймақтың руханият саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталған Шәкизада Әбдікәрімов пен Бақберген Досмамбетов ақ батасын берді.
Сонымен қатар, ауданның өсіп-өркендеуі жолында еңбек еткен ардагерлер мен орталықты салған құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Айта кетейік, облыс орталығынан балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында «Шығармашылық академиясы», халықаралық стандарттарға сай келетін 11 мың орындық «Орталық стадион» салынуда. Жаңа нысандар келесі жылдың мамыр айында пайдалануға беріледі. Жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді, жақын арада «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады.
«Самұрық қазына траст» қорымен бірге «Үстел теннисі орталығы», «ҚазГермұнай» компаниясының демеушілігімен 350 орындық «Оқушылар сарайы» салынып, жұмысын бастап кетті.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!