Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аймақ мәдениетін дамытудың басым бағыттары

08.12.2023, 9:45 180

HALYQLINE.KZ

Адамзат баласы жасаған мәдениет екі түрге бөлінетінін білесіздер. Біріншісі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет. Рухани мәдениетке музыка, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері жатса, адам баласының шаруашылыққа байланысты күнкөрісінен туған дүниелері материалдық мәдениетті құрайды.

Қазақтың дәстүрлі мәдениеті, құдайға шүкір, ешкімнен кем емес. Мысалы, эпос жанрын алайық. Айтатынымыз да, мақтан ететініміз де – осы эпостарымыз. Эпостардың туу себебіне қатысты үлкен-үлкен өте жақсы ғылыми зерттеу еңбектер жазылған, қанша ғасырлардан бері ғылымның зерттеу нысаны. Ал, бізге белгілі болғаны ғана ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің арасында бес ғасыр жыраулар поэзиясы жатыр. Аталған бес ғасыр поэзиясы – тәңір тектес асқақ, сөз өнеріміздің ұлы құдіретті сипаты. Сондықан да басымдық ілкі өнердің жарқырай көрінуіне бағытталады.

Екінші, дәстүрлі мәдениетімізді, яғни қолөнеріміз жайлы ауыз толтырып айта аламыз. Қолөнер мәдениетіміз өте тереңнен бастау алады. Скифтің алтынмен апталған, күміспен күптелген дүние мүліктерінен бастап, өзіміздің күні кешеге дейін әке-шешеміз тіккен киіз үй – қолөнердің ең ұлы шыңы. Киіз үйдегі сүйектен, ағаштан, киізден, шиден т.б. жасалған қажетті заттардың бәрінен құрастырылған ғажайыпты ақыл-ойдың нәтижесі, табысы деп қабылдауға болады. Бұл ретте көшпелілер өзінің тұтынатын қолөнер заттарын өнер деңгейіне жеткізген. Демек, көшпелілер ұлы өнер деңгейінде өмір сүрген. Тұтынған заттарының барлығы өнер деңгейінде болған. Ол тозса, қайтадан одан да жақсы қылып жаңасын жасайтын болған. Қолөнердің ұлы туындысы – киіз үй. Екінші бағыт ұлттық қолөнерді дамыту.

Үшіншісі, музыкалық мәдениеті. Қазақ халқы қазақ атауын иемденбей тұрған кездің өзінде-ақ осы далада домбыра тартылып, күй жанры туған. Күні бүгінге дейін орыс, татар сияқты өзіміздің бұрынғы Кеңес одағының аясындағы елдерді алсақ, осылардың дәстүрлі музыкасында күй жанры, яғни аспапты музыка жанры жоқ. Күй деген – музыкадан сөзсіз бөлініп шыққан дыбыс, музыкалық жанрдың дүниеге келуі. Бұл бейнелеп айтқанда сөз өнерінде роман, эпопея жанрының дүниеге келгені сияқты. Ал енді осы күй өнерін туындатқан авторлы музыканың өзіне осы далада 1200 жыл. Исі 40-тан астам түркі халқының ішінде Қорқыт бабамыздың күйін сақтап қалған жалғыз халық – қазақ. Қорқыттан бізге 12 күй жеткен. Олар әлі күнге дейін үлкен сахналарымызда тартылады. Қорқыттың бергі жағында Шыңғыс ханның алдында күй тартқан Кетбұға күйші. Күйшінің он үшінші ғасырдағы «Ақсақ құлан» күйінің бізге он варианты жетті. Осы орайда айта кетейін, қазір Европа кітапханасында тұрған «Кодекс Куманикус» кітабында сол Кетбұғаның «Ақсақ құлан» күйінің ноталық жазбасы бар. Қазақ музыкасына үлес қосқан еврей зерттеуші Борис Григориевич Ерзакович ескі нотадағы аталған музыканы бүгінгі нотаға түсіргенде «Ақсақ құлан» күйі шығады. Кетбұғадан кейін сары Салтық, одан бері қарай Байжігіт, кешегі Абылай хан кезіндегі атақты күйшілер, XIX ғасырдағы Құрманғазы, Дәулеткерей, Қазанғап, Тәттімбет сияқты ондаған-жүздеген классикалық күйшілер өткен. Демек, қазақтың рухани мәдениетінің осы үш саласы күні бүгінге дейін ұлтымызға айрықша қызмет етіп келе жатыр. Келесі басымдық дәстүрлі бағыттағы музыканы дамытуға бағытталады.

Мәдениет сөз болған  уақытта біз ешуақытта бүгінгі аумақтық, яғни территориялық шеңберімізбен шектеліп қалмауымыз керек. Өйткені, қазақ дейтін халықты құрсағында тербеткен ұлы даланың аумағы қазіргі шекарадан әлдеқайда кең болатын. Біз отаршылдықтың қақпанына түскен кездегі жеріміздің үштен бір бөлігінен айырылып, тәуелсіздік алдық. Осы орайда, шекара сыртында жатқан мынадай мәдени 5 түрлі рухани асылдарымызға біз ұдайы назар аударып жүруіміз керек. Бірінші – атамекен жұрттарымыз, екінші – сол жұрттарда сүйегі қалған ата-баба аруақтары, үшінші – шекара сыртында жатқан жалпы мұралар, төртінші – шекара сыртында аналарымыздың, аталарымыздың қолымен жасалған материалдық мәдениеттер, бесінші – шекара сыртында әлемнің қырықтан астам елінде бас сауғалап жүрген қандас бауырларымыздың қолынан туған өнер туындылары. Осының барлығы біздің төл тарихымыздың, төл мәдениетіміздің құрамдас бөлігі болып табылады. Сондықтан да, осы құндылықтарымызға барынша қамқорлық танытып, оның насихатталып, дәріптелуіне баса назар аударуымыз керек.

Берік  Саймағанбетов,

жыршы,  ҚР  мәдениет  қайраткері.

Фото:  syrboyi.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: