Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Айғақ» телеарнасының шығармашылық тобымен кездесті. Шығармашылық топ Мемлекет басшысының бастамасымен қасиетті мекендер туралы бағдарлама түсіруде, деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Құрамында актер Абубакир Ханходжаев, Қазақстанның Құрметті журналисі, «Еркін ой» газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаев, «Бекет» газетінің бас редакторы, журналист, блогер Сафуан Өтебаев, «Айғақ» телеарнасының журналистері бар.
Аймақ басшысы қонақтарды Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады.
«Ақпарат айдынында үздіксіз қалам тербеген журналистердің еңбегі әрдайым елеулі. Сөз тізгінін ұстаған тілшілер қауымы еліміздің мәдени-рухани өміріне өлшеусіз үлес қосып келеді. Өздеріңізге белгілі, биылғы жылдың басты жаңалығы – Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Масс медиа» туралы заңға қол қойды. «Журналистің ерекше мәртебесі» деген ұғым енгізілді. Қалам ұстаған қауымның құқығы заңмен қорғалады. Бұл – бұқаралық ақпарат құралдарын замана көшіне ілестірудегі, саланы дамытудағы ауқымды жұмыстардың бірі ғана. Шығармашылық топтың Ұлытау облысында өтетін «Көкмайса -2024» фестиваліне қатысып, «Жошы хан» кесенесіне баратынынан хабарым бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ұлытау – ұлтымыздың алтын бесігі, тағылымды тарихымыздың куәсі. Сондықтан біз Ұлытау жеріне ерекше құрметпен қараймыз!» деп, киелі мекеннің қазақ тарихы үшін маңызын атап өткені белгілі. Осы ретте, Президентіміздің бастамасын қолдап, қасиетті мекендер туралы бағдарлама түсіруде Дулат Назарбекұлы, өзіңіз бастаған шығармашылық топтың жұмысына сәттілік тілеймін», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Облыс әкімі топ мүшелеріне Сыр жұртшылығының атынан ілтипат білдіріп, Алғыс хат табыстады.
Өз кезегінде, топ жетекшісі Дулат Әбіш аймақ басшысына алғыс білдірді. Шығармашылық топтың сапары киелі Түркістаннан басталып, Алаштың анасы – Сыр өңірінде жалғасып, ұлт ұясы – Ұлытауда мәресіне жетеді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!