Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әже ашуы

27.12.2020, 9:00 1028

HALYQLINE.KZ Үлкен киіз үйдің есігіне жақындай беріп, Алтын əжей кілт тоқтады. Əжесінің етегінен ұстап, біресе секіріп, біресе томпаңдап жүгіріп келе жатқан Серік үйге бұрынырақ кіріп кеткен.

– Тұңғышың ба?

Əжей есікке жақындай түсті. Танып тұр, дауыс əлгінде келген қонақтікі. Келініне қарап еді, ол біраз үнсіз төмен қарап қызарақтап отырды да, басын изеді. Əжей селкете қалды. Өз көзіне өзі сенер емес. Шынымен, Серікті ұлым деді ме? Əжейдің бар ашуы басына шапты. Ыза буған ол енді бұрылып жүрем дегенде, табалдырық алдында оны-мұны шоқып жүрген шұбар балапан шошып кетіп, төрге қарай зытты. Шиқылдаған бойы дастарқан үстіндегі шыны сауытқа салынған сарымайды бір басып секіре қонақтың иығына қонды да, шиі қайырулы тұрған керегенің көзінен өтіп жүре берді. Сарымай мен жолақтанған аяғының ізі су жаңа қара костюмге үш тармақ боп тұра қалды. Əжесі қызара алақтаған келініне де, шек-сілесі қатқан Серікке де қараған жоқ. Бар ашуын содан алардай əлгі балапанды үйді айнала қуды. Қолына түссе ұзын шыбықпен дəл деп бір ұрмақшы еді, тауығы бар болғыр көрші үйдің қорасына кірді де, зым-зия жоғалды.

Əжей қолындағы шыбығын лақтырып жіберді. Содан ашуы қонақ кеткенше бір тараған жоқ. Күндіз аз-аздан созып қоятын ұршығын да қолына алмады. Оны қайдан тауып алғаны белгісіз, жұдырықтай шүйкесімен қоса бала мысық төр алдында домалатып жүр. Əжей ұршықты жұлып алып, мысықты желкесінен ұстап лақтырып жіберді. Серік анадай жерге барып топ ете қалған мысығын көтеріп алды да, аузын томпайта əжесіне қарады.

– Əй, неге қарайсың? Бар кет ана Рахима шешеңе. Мені көгертпей-ақ қой.

Осы кезде Рахима кіріп келді. Оны көрген соң, əжейдің күні бойы жанын жеп отырған ашуы тіпті қозып кетті. Шеке тамырлары білеуленіп, деміге сөйледі:

– Айттым ғой, бар Рахимаға. Бауырыма салып босқа əуреленіппін мен бейбақ. Ойбой, білмеппіз шын шешесі осында екен ғой.

– Апа-ай, енді… Қонақ сұрап қоймаған соң…

– Қой, қой ондай сылтауыңды. «Кемпірдің баласы» десең тілің жетпеді ме? «Түбі осы кемпір иеленіп кете ме?» – деп қорыққансың ғой. Қауіптенбей-ақ қой, алмаймын, білдік сенің балаң екенін.

Алтын əжей қара пүліш жеңсізінің шалғайын тізесінің үстіне тартып қойды да, бір қырын отырып алды.

– Көп болса өгейсің дегенің де…

– Кешір, апатай, мен… əншейін, байқамай… Серік – сіздің балаңыз.

Белі бүгіле, əжімді көзін тарамыс алақанымен жаба қойған əжейді Рахима құшақтай алды.

– Тəйт, əрі. Есіңе жаңа түсті ме, алдама өйтіп мені.

Əжей Рахиманы іштей аяп отырса да, жекіріп тастап, əрірек жылжып отырды. Рахима қос жанары жасқа тола, таңырқай қарап: «Апа!» деді де, ар жағын айта алмай, жасқа булығып шығып кетті. Əжей бұрылып Серікке қарап еді, ол ернін тістеп жылап жіберуге шақ тұр екен.

– Серікжан!

Əжей Серікке қолын созды. Сол-ақ екен, Серік жəбірлегендей өкси бақырып қоя берді де, мысығын құшақтап жүгіре жөнелді. Əжей қысылып қалды.

– Серік, Серік! – деп бір-екі дауыстап еді, қарамады. Орнынан тұрып барып, есіктің жақтауынан сығаласа, Рахима Серікті қолынан жетелеп, шүпірлесіп ойнап жатқан бір топ балаға беттеп барады екен. Əжейдің көңілі алай-дүлей. Əсіресе дүниедегінің бəрінен жақсы көретін кішкене Серігінің мына қылығы, бүгінгі уақиға əжейді ойлантып тастады. «Ойпырым-ай, бала сезіміне қаяу түсіріп алмасам жарар еді», – деді өзінен-өзі қинала. Содан кешкі шайға дейін орнынан қозғалған жоқ. Тек дастарқан жайылып, алдына шай құйылған кесе келген соң ғана жақындап отырды. Келінінің де өңі сынық.

– Шай ішіңіз, — дегенінің өзі де салқын естілді.

Əжей үндеген жоқ. Кесе, шəйнектің шылдырынан басқа түк естілмей-ді. Күнде шүйіркелесіп отыратын ене мен келін тым-тырыс, əрқайсысы өз ойымен. Осы кезде, аяғының ұшынан басып Серік келіп кірді. Түймедей қара көздерін жыпылықтатып Алтын əжейге қарай береді. «Ой, жаман неме» əжесінің іші-бауыры елжіреп қоя берді.

– Кел, Серікжан! Келесің бе? – əжей Серікті өзіне тартты.

– Əлде … Рахимаға барасың ба? Бара ғой.

Серік көздерін жыпылықтатып екеуіне кезек-кезек қарап аз-кем тұрды да, жүгіріп барып Рахиманың бетінен сəби еріндерімен шөп еткізіп сүйіп алды да, əжесінің алдына құлай кетті.

Алма ҚЫРАУБАЕВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: