Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ән падишасының құрметіне арналды

16.03.2022, 9:00 1183

HALYQLINE.KZ

Кеңес үкіметі кезінде дүниеге келіп, соғыс майданында ән салып, көптің таңдайын қақтырған Роза Бағланова әсем дауысымен қазақ жерін ғана емес, шетелді де шарықтатқаны бәрімізге мәлім. Қазақпен қатар қырғыз, орыс, өзбек халқының әндерін аса шеберлікпен орындап, беделін көкке көтерген әнші еді. Өнер деген ұғымды қастерлеген, бағамдаған, талайды таңғалдырған қазақ жұлдызының биыл 100 жылдық мерейтойы. Осы орайда, қаламызда Ж.Нұрманов атындағы №198 орта мектепте ән падишасы Роза Бағланованың құрметіне «Ақмаңдайлым» атты іс-шара өткізілді.

Ұйымдастырылған іс-шара бастауыш сынып оқушылары мен аналарының қатысуымен қазақ және орыс тілдерінде ән байқауы ретінде болды. Сонымен қатар, Роза Тәжібайқызының өмірлік даңғылы мен кереметтей шырқаған әндеріне ерекше тоқталып, жақсы бастамамен көрерменге ұсынылды. Іс-шара бойындағы қазақи мүсін дидарын ешқашан кетірмеген күміс көмей әншіміздің дара жолы болашақ ұрпақтардың жадында мәңгі сақталсын деген айшықты мақсатқа негізделген. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізілген ән байқауында ұстаздар мен оқушылардың бастамасымен Роза Бағланованың бейнесіне арнау болған көрме жасалып, өзгеше безендірілу жүргізілген. Ұлттың бағына айналған жерлесіміздің өнерін даралаған мектеп оқушылары сахнада қойылған суреттегі Р.Тәжібайқызының кескін-келбетіне ерек көзқарастарын, таңданыстарын білдіріп жатты. Сондай-ақ, қатысушы аналар мен бүлдіршіндердің ән салуы қонақтарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Талантты өрендердің пайымында келешекке деген талпыныс, өнерге деген сүйіспеншілік байқалады. Іс-шара мектеп директоры Анжела Садықбекованың қатысуымен және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлжахан Зарипованың ұйымдастыруымен өтті. Сондай-ақ, облыстық Қазақстан Халықтары Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Рахима Ахметова байқауда қазылар алқасының төрағасы болып, қатысушыларға тілегін жеткізіп, дипломдар табыстады. Байқау қорытындысында барлық дарынды балалар мен аналары «Ең үздік дуэт», «Eң үздік дауыс», «Ең үздік орындау» және «Жарық жұлдыз» деген номинациялармен марапатталды. Жаңаша стильде атап өтілген байқау келген қонақтардың жүзіне күлкі ұялатып, ыстық леп сыйлады.

Иә, Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, опера бұлбұлы Роза Бағланова қазақтың маңдайына қонған бақ болды. Күні бүгінге дейін абыройы тасыған, мерейлі, сыйлы орындаушымыздың көзі тірі кезінде қалдырған ақыл-пайымы ертеңгі күнге мәңгі жалғасады. Осындай, мәртебесі еленіп, еліне жақсылығы артқан, өмір тарихы өнеге, парасаттылыққа апаратын жандарымыз санамыздан еш уақытта ұмытылмасы хақ.

Оразкүл  Темірғали

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: