«Әмеңгер» фильмі – дәстүрдің заманауи трансформациясы. Идеяның астары көрерменге көп ой салады. «Біз қандай қоғамда өмір сүріп жатырмыз?!» деген сұраққа батыл жауап береді.
Фильм авторы Мақсат Оспановтың идеяны жаңғыртудағы стратегиясы мықты. Байыбын түсінген адамға идеяның мағынасы терең. Жұрт үшін өмір сүру қағидасына сыни үн қосады.
Әмеңгерлік саясатының астарында ұрпақ алдындағы жауапкершілік, оның келешегінің қауіпсіздігі, анасына деген қамқорлық миссия тұрады. Фильмнің драматургиясының шеберлік тактикасы тәнті етеді.
Келісім мәміле – әмеңгерліктің интригасы. Ұрпақ келешегі үшін мүдде біріктіру. Сценарийдегі концепция арқылы тұтас қоғамның осы мәселеге қатысты бетпердесін шешу. Бұл – фильмнің фишкасы.
Әмеңгерлік дәстүр – тағдырдың жазуымен жесір қалған әйелдің ұрпағына әулетінің жауапкершілік алуы. Ескі қағидаттар бойынша туған бауырларының әйелімен көңіл қосқан фактілер де өмірде көп болған. Бірақ, бұл – табиғаттың заңына қайшы анайы форма.
Себебі, бүгінгі адамзаттың сауаттылығы артқан заманда кез келген әйел өзінің қалауымен қайта тұрмыс құру құқы бар. Кейде өз әкесінен артық бола алатын өкіл әкелер де өмірде жоқ емес. Бауырының баласы түгіл, өз ұрпағына жауапкершілік алмайтын әкелер де өмірде жетіп, артылады.
Фильмдегі қайын ағаның бейнесі ел ағасы ретінде інісінің отбасына қамқорлық жасай алуымен үлгі. Аманатқа қиянат жасамау – өз әулетінің ұрпағына деген қамқорлық. Оның ісі – бала болашағы бұлыңғыр болмасын деген мұрагерлік алдындағы көтерген жауапкершілігі.
«Әмеңгер» фильмі қоғамдағы әйелге деген қарым-қатынасқа салыстырмалы дискурс жүргізеді. Бұл көркемдік тәсіл көрермендердің санасына өзіндік сыни ойлап көруге соққылар жасайды.
Туған ағасы мен қайын ағасының Алтынайға деген қарым-қатынасы – терең анализ жасауға жақсы материал. Қоғамның әйелге деген екі түрлі ұстанымы мен таным-түсінік деңгейін толық ашады. Әйелге деген қатынас өзгермей, ешқандай қоғам алға жылжымайды.
Жұрттың бос сөзі үшін жалған намыспен туған қарындасының келешегіне ықпал жасағысы келетін ағалар да өмірде жоқ емес. Әйелдің жұлдызы сөнбесін, ұрпақтың жарығы өшпесін деген елдің азаматтарының санасы жаңғыруы керек.
Әмеңгерлік дәстүрі ХХІ ғасырда қайта жаңғыртуды қажет етпейді. Бірақ, ұрпағыңның келешегіне алаңдау, қолыңнан келсе, әулетіңнің атынан қамқорлығыңды аямауды жігіттерге үйрену маңызды. Бір тамшы қанның да сұрауы бар.
Фильмде ерекше назар аударатын көрініс бар. Ағалы-інілі бауырлардың бала кезіндегі аспанға қарап, көктегі әдемі бір жұлдызға назар аударуы. Кейін өскенде бір әйел алайық деген мазмұнға саятын сөз – бұл психологиялық төңкеріс.
Сөз программаланады. Адам миындағы нейрондар программаға сай қызмет атқарады. Бала кездегі айтқан сөздеріміз болашағымыздың ақиқатына айналып кетіп жатады. Бұл процесс адам жанының саналы және бейсаналы жаратылысының құпияларын ашады.
Бауырыңның баласына жауапкершілік алған жақсы. Бірақ, әйелді қаны бір бауырлардың некеде бөлісуі – табиғаттың заңына қайшы іс. Сүйекке таңба деген сол. Көрермен осы ойдың астарын әмеңгерлік мәселесінде дұрыс ескеруі маңызды.
Әйел тағдыры мен ұрпақ келешегінің жауапкершілігіне келгенде көрге әйелді емес, жалған намысты жерлеу маңызды. Осы ой жүйесін бейнелейтін көрініс, драматургиялық шиеленіс – сценарист Қанат Рамазанның шеберлігі мен интеллектісінің дәлелі.
Гүлзат КӨБЕК,
киносыншы,
Өнертану PhD докторы,
«Тұран» университетінің профессоры
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!