HALYQLINE.KZ Шығыс әмірлерінің бірі әл-Фарабиді сарайына арнайы шақырып, мынандай сауал қояды:
– Уа, Екінші ұстаз, менің мемлекетімнің болашағы қандай күйде болмақ? Болжалыңды естігім келеді, − дейді. Сонда әл-Фараби:
– Еліңнің болашағын білгің келсе, маған жастарыңды көрсет, сонсоң айтып берейін, − деген екен.
* * *
Туған жерден шалғайға жүріп, бар өмірін ғылым-білімге сарп еткен әл-Фараби қартайған шағында өз елінің керуен-кіре тартып жүрген адамдарын кездестіріп қатты толқиды. Ел-жұрттың хал-жағдайын тәптіштеп сұрап, көңіл орнықтырған соң, қоштасарда өзінің жан серігі – «қыпшақ» деп аталатын домбырасының бетіне: «Айналайын атам қыпшақ, Туған жерім сағындым. Өз атыңа, үрметіңе қайда жүрсем табындым!» – деп жазып, туған жері мен еліне сәлемдеме белгі ретінде беріп жіберген екен дейді.
* * *
Ғылымның мәні туралы әңгіме өрбіген бір отырыста әл-Фарабиге «Данышпан кім?» деген сұрақ қойылыпты. Сонда әл-Фараби:
– «Данышпан кім?» деген сұраққа, мен алдындағы өмірін ұмытпаған кісі деп жауап берер едім. Менің алдым – тұңғиық. Бүгін халифаның қадірменді қонағы ретінде төрдемін. Егер, сынықтан сылтау шықса ертең көрдемін ғой. Ғылым мен сопылық біріне бірі қарама-қарсы нәрсе. Ғылым – шындық, сопылық – сұмдық. Бұл – ақиқат, – деген екен. Бұл кез Бағдат халифасы Мұттақидан әл-Фарабидің зәбір көріп, қуғынға түсіп, бас сауғалап жүрген кезі болса керек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!