Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әкем айтқан әңгімелерден

04.06.2020, 10:00 1353

• Күштінің ісі пәрменмен, нашардың ісі шықпа жаным шықпамен.

• Ащы көлдің балығы арық келер, тұйық көлдің балығы сасық келер, бәрінен де өзенге өрлеген ашық теңіздің малын айта бер…

• Әкесінің самайына енген ағын аңдай алмаған бала, соңыра маңдайына біткен бағын да бағамдай алмас…

• Озған ауылдың қарттары қазыналы болар, азған ауылдың қарттары қазымыр келер.

• Пейілі арамды Тәңірім табады, тоны жаманды Иттің иттері қабады.

• Шаңырағыңнан шығын шықса, түндікті төріңе көңіл айтып тоқсан тоғыз кісі келеді, соның тоқсаны сені сынауға, тоғызы қайғыңды бөлісуге келеді. Озалдан солай. Адам аласы ішінде ғой…

• Аурудың алдын ал, ауыртпалықтың алдын ал, бәрінен де дұшпанның алдын ал.

• Аузы түкті жатжерлік босағаңнан бір енбесін де, бір енді ме, төріңе озды дей бер. Көздерің көріп жүр ғой, бұлар етек-жеңі жиналмайтын біздей бейқам елге «құда» түскіш келеді…

• Сөйлегіш болма, тыңдағыш бол; жасыңда қалжыңбас болсаң, өскенде мылжыңбас боларсың. Асырып айтпа, абайлап айт. Барды бар де, жоқты жоқ де.

• Қауіп қайдан дерің бар ма, қауіп қайдан болса, қатер содан болады.

• Аты жақсы болса, ер жігіттің пырағы; алғаны жақсы болса, иманы мен жиғанының тұрағы; баласы жақсы болса, жаны мен тәнінің шырағы…

• Бірінші алғаны шекер болды, екінші алғаны бекер болды, сосынғы алғаны, Алладан шығар, нөкерлі болды…

• Пендені қуантуға асық, мұңайтуға тура келсе, сабыр тұт, ойланып айт.

• Қарағым, келініңе абай бол. Ашықтырып алсаң сұғанақ болар, ашындыра берсең тілі шығар…

• Бесігіңді берекем деп білгейсің, бөбегіңді мерекем деп білгейсің.

• Қара көңінде жүрген жігіт неге азады, азса – туымсыздығы.

• Берімге жоқтың үйінде бесті қымыз да тұра береді.

• Аз жұмысты қиынсынсаң, ауырына тап боларсың.

• Ат екеш ат та жақсы үйірді жақтайды.

• Шабаннан желмес, сараңнан бермес туатыны бесенеден белгілі емес пе…

• Алғаның болса жаман бажылдаған, кірерсің күнде көрге қазылмаған. Ерін ер ететін де, жер ететін де Құдай қосқан қосағы. Ерін сыйлаған әйел елін де сыйлайды…

• Қауашағына қарай айраны, қайратына қарай қайраны.

• Қатарынан артық туғандар атының басын меңгеріп жүрсе, кем туғандар атасының басын өңгеріп жүреді. «Жылқыда жүйрігі көп, алайда қазанаты сирек; қазақтың жігіті көп, алайда мынау деген азаматы сирек…»

• Құлақ есіткенді көз көреді, көзі көрген қасыңа келер, қасыңа келген басыңа төнер.

• Құлықсыздың құлағы керең, ақылдының ұғары терең.

• Келіні айтқан ақылды тыңдамаса, ана үлгісін көрмегені; ұлы ескеріп ас бермесе, әке үлгісін көрмегені.

• «Патшасы қайырымсыз болса ел жетім; жаңбыр жаумаса жер жетім; ұқпасқа айтқан сөз жетім» деген бұрынғылар. Ақылыңды алатынға айт, алмайтынға сөзіңді шығындама.

• Досы көппен сыйлас, досы жоқпен сырлас.

• «Нағашыңды құрметте, анаңның ақ сүті үшін; алғаныңды құрметте, бала-шағаңның бақыты үшін» деген ғой даналар.

• «Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жаманшылыққа жақсылық – ер кісінің ісі». Кешірімді болу – кемеңгерден.

• Жақсы әйелдің құрсағында алтын айдарлы ұл жатушы еді ғой…

• Дауылпаз деген құс болады екен, даңқы жер жарады екен, қолға түссе бір жапырақтай ғана көн болады екен. Жұмыр басты пенделердің ғұмыры да сондай ғой, шырағым…

• Маңдайың терлемей бағың өрлемейді.

• Әкесі мықты бала ақылсыз болса мақтаншақ келеді, әкесіз бала жасқаншақ болады. Жетім көрсеңдер жебей жүріңдер. Жерде жетім налыса, көкте періште қайғырар…

• Атаңда жоқ арғымақ, анаңда жоқ арғымақ, қайдан шықты саған қарғымақ. Шамаңа қара, сырт көз – сыншыл…

• Сарғая күтсең, қызара бөрітерсің.

• Бақытсыз басқа бақырайтып көз беріп, салымы жоқ ауызға сылдыратып сөз беріп қойғаны-ай! Осы найсаптың былайғылардан «артықшылығы» – беті бүлк етіп ұялмайтындығы-ау деймін…

• Шырағым, ендігі жерде есіңде жүрсін, жабық қораңа қатып қалған тоң балықтай малыңды борықтай сорады…

• Сендер оңбайсыңдар ғой. Оңатын қылықтарың қалмай барады…

• Иттің бажасы көп, басына пайдасы жоқ.

• Ақылдыны дос ет, ақымақты алдыңа салушы болма.

• Кеткен тамыр келсін десең, кетпен ал да егін ек.

• «Көп сөз – көбік, аз сөз – алтын» деген, көп сөзіңді айтпа, дөп сөзіңді айт. Сөзді көбейткенмен майы шықпас. Азамат әңгімені ұтырын тауып айтар болар. Кісіні сыртынан даттама, бетке айтқанның қытығы жоқ.

Айжарық СӘДІБЕКҰЛЫ,
Қызылорда қаласы

(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: