Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әке

14.05.2022, 15:00 1300

HALYQLINE.KZ «Бір күні əкем географиядан беретін Жаңыл апайдың сабағының үстінде кіріп келді. Есік қақпай кіргеніне қысылып, өліп барамын. Әкем басындағы бөркімен, қолындағы қамшысымен апайдың дәл қасына келіп тұрды да:

– Шырағым, басыңдағы орамалың қайда? – деді. Жаңыл апай қып-қызыл болып кетті.

– Сыртқа шыққанда тартамыз ғой, – деді күмілжіп.

– Аяқ-қолың неге жалаңаш? – деді әкем онымен қоймай. Апай қысылып не дерін білмейді.

– Өзің қай баласың? – деді әкем бір кезде апайға алыстан мал қарағандай, қолын көлегейлеп қарап.

– Сапабектің жолдасымын ғой.

– Не дейді, ойбай! Сапабек дейсің бе?

– Иә.

– Мына өзіміздің жаман жырық Жақанның ба?

– Иә.

– Көксау? – деді әкем тағы бір аурудың шетін шығарып. Жаңыл құлағына шейін қызарып, жерге қарады. Әкем Жаңылды қойып, алдыңғы партада отырған балаға шұқшиды.

– Сен кімнің баласысың?

– Қойшығұлдың.

– Не дейді? Әкең оннан әрі сипыр білмейді. Саған қайдағы данышпандық келіп қалған?… Балалар ду күлді. Әкем тағы бір-екібаланың шығу тегін жамандап болғаннан кейін, менің қасыма келді.

– Ой, танауыңнан айналайын, – деді үйде отырғандай еміреніп. Класс тағы да ду күлді. – Қойсайшы, әке, – деймін сыбырлап.

– Биттеп кеткен жоқсың ба? – дейді әкем басымнан сипап. Кластың іші гу-гу.

– Әке, қойшы енді, – деймін жаным шыға сыбырлап. Қою қайда?

– Ұйықтар алдында шешеңнің мамасын ұстап жатушы ең, жалғыз өзің елегізіп ұйықтай алмай жүрген шығарсың. Осы оқуы құрғыр-ақ өлтіретін шығар баламды, – дейді. Жерге кіруге шақ қалдым. Тіпті Жаңыл апай да күліп жіберді. Әкемнің жырына да кірмейді.

– Ішің ауырмай ма? Ішіңнің желі бар еді ғой, – дейді маған. Айналып-толғанумен кластан шықты. Сол күні кешке дейін балалар мені мазақ қылумен болды».

Төлен Әбдік,

«Әке»

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: