Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай тойынан кейінгі ой

27.11.2025, 10:20 342

Тамыздың  тамылжыған  тамаша  күндерінде бар қазақ барсам, көрсем деп арман еткен Абай еліне, дана Абайдың 180 жылдық тойы­на бару бізге де нәсіп болды. Басқасын айтпа­ғанда, өзім зерттеп жүрген Абай өлеңдерінің 1909 жылғы ең алғаш рет мың дана болып басы­лып, қазір бүкіл қазақ елінде бес қана дана­сы сақталған кітаптың түпнұсқасын қолмен ұстап көрудің сәті түсті. Ешқандай ша­қырту күтпей-ақ елу мыңнан аса адамды, әсіресе Қытай, Моңғолия, Ресейден ағылған халықты Қарауылтө­бенің бауырына тоғыс­тырған қандай  күш  екен  деген ойды тарқатпақ  болып,  қолға  қалам  алдым.

Қараңғылық бүркеген әлемде Алла өзінің бар екенін білдірмек болып, мекенсіз, мысалсыз барлығы мен бірлігіне ой жетпейтін Тәңір Тағала: «Бисмиллаһи рахманир рахим» деді. Ол сөз сол заматта бір тамшы Нұрға айналды. Нұр жарқырап  шыққан  бойда Жаратқанға зікір айтып, қараңғы кеңістікке сәуле шаша бастады. Ұлық Алла ерекше махаббатпен ол Нұрға «Мұхамбет» деп есім берді. Оның есімі «Алланы өте көп ұлықтаушы» деген мағына білдіретін. (Рабғузи  «Қиса сүл-Әнбия», 11-бет).

Қожа  Ахмет  Иассауи:

…Миғраж түні хақ Мұстафа рухым көрді,

Сол себепті алпыс үште түстім жерге.

Хақ Мұстафа Жәбраилдан салған сауал:

«Бұл неткен рух тәннен тыс тапқан камал?».

…Жәбраил айтты: Бұл үмматың сізге адал,

Көкке шығып періштеден сабақ алар.

(Хикметтер: Ә.Жәмішұлы аудармасы. Алматы, 1995 жыл. 25-бет).

Бірі – Алланың сүйікті құлы, елшісі, ал екіншісі – әулие, екеуі де дүние дидарын көрмей тұрып, рухы кемелдік дәрежесіне көте­рілген  жандар.

Қырық жасқа келгенше әріп танымайтын Мұхаммед (с.ғ.с)-ға бүкіл адамзатқа жол көр­сету үшін Алланың кәләмі Құран Кәрім түскен. Хыра тауында елден жырақ Алладан ғана тілеу тілеп жүрген Мұхаммед – «Сондай-ақ жаратқан Раббыңның  атымен оқы!» деп уақи алып, Алла­ның қалауымен пайғамбарлық  дәрежеге  көтерілген  жан.

Қожа Ахмет  Яссауи – дүние дидарын көруден төрт жүз жыл бұрын пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с)-ға Миғражда рухы көк кептер кейпінде жолыққан, Арыстан баб арқылы адамзатқа жол көрсету аманаты құрманы қабыл  алған  әулие.

Ахмет:

— Ата, құрманың бар маңызы кетіп, сүйегі қалыпты ғой, — дегенінде Арыстан баб:

— Иманның сүйегі шариғат болар, маңызы тарихат болар. Сүйегіне берік болсаң, маңызы өзі-ақ құралар, — демеп пе еді. (Айнұр Әбдірәсілқызы. Шайхым-Ахмет Яссауи. Астана, 2024 ж., 10-бет).

Бірі – Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар, бірі – әулие Құл Қожа Ахмет тарихат ілімін меңгер­гендерге ғана аян осы халін, қазақ сахарасындағы хәкім Абай қалай бойына дарытып, түйсінгені жайлы бірер сөз. Абай өзінің 38-ші қара сөзінде: «Пайғамбарымыз (с.ғ.с ) хадис шарифінде: «Іс істеу үшін ниет, талап керек» деген. Енді ниет еттіңіз дәрет алмаққа, намаз оқымаққа, ораза тұтпаққа, бұл тағаттарды ниетіңіз­дің сырт­қы жағын қылыпсыз. Сіздің ішкі жағы таза болмағы әуелі иман болып, сол ғибадатыңыз иманды болған соң ғана парыз болған. Сіздің сыртқы ғибадатыңыз ішкі ғибада­тыңыздағы иманның көлеңкесі, һәм сол иманның нұрланып тұрмағына көрік үшін бұйы­рылған. Оның үшін ғұламалар иман екеу емес біреу, бірақ ізгі тағатпен нұрланады, тағат жоқ болса күңгіртенеді, бәлки сөну қаупі бар деген. Егер надандар ол ғибадаттың ішкі сырын ескермей қылса, соны қылып жүріп сөнер»  деген  еді.

Иә, ғибадаттың ішкі сырын, тарихатын білмей тұтқан ораза құр ашығу, оқыған намаз уақыт өлтіру, қажылығыңыз мал шашқан жай серуен болып қалмақ. Абайдың «Ой да көп, уайым да көп ойлай берсе» деп әр істі ой елегі­нен өткізіп, әр амалды Алланың дидарын көруге ынтық көңілге байлаған кезде ғана Алла­ның дәргейіне жетер нағыз ғибадат болар, сірә. Абай бірінші қара сөзінде: «Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе, әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік, алыстық, жұлыстық, айтыстық, тартыстық, әурешілікті көре-көре келдік. Енді жерортасы жасқа келдік: қажыдық, жалықтық, қылып жүрген ісіміздің бәрінің баянсызын, байлаусызын көрдік, бәрі қоршылық екенін білдік» дейді. Абайдың бұл сөзі жалыққан жанның сөзі емес. Әлем әдебиетінің жауһарларынан нәр алған, ата-баба  қанымен  берілер  рух қуа­ты мен жоғарыда әңгіме болған кемел рух иелерінің ілімін бойына дарытқан, Ұлы Жаратушы­ға жүрегі байланған жанның қайта түлеуінің басы. Жерор­тасы жасқа келгенде «қалың елін қазағын» қараңғы түнек надандықтан алып шығар жаңа жол, соны соқпақ сүрлеу, даналықтың жолына тыңнан түрен салып, бүкіл адамзатқа азық боларлық қырық бес қара сөз жазып, кемел­денудің  шыңына  бет  алған  қадамы  болатын.

Үш жыл Ахмет Риза имам медресесінен бастау алған білім шығыс шайырлары, батыс білгірлерін өздігінен оқып, өзін-өзі жетілдіруі кемелденуге баспалдақ болғаны анық. Ақын Байкөкше, Көкбай, сыбызғышы Қиясбай, әнші Мұқа, ертегіші Баймағамбет, өз бала­лары, інілерімен  қалыптастырған даланың әдеби, мәдени мектебі ойға ой қосып, кемел­дену сатысымен үнемі өрлеуге жол ашты. Алла­ның пендесіне бұйырған жолын көрсету, сол жолда адаспау үшін кандай амалдар жасау керектігін ақын қалам қарымын қара сөз бен өлең жолдары арқылы «Құдай тағала әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, иманы бар кісіге ғибадат парыз деген» (28-ші қара сөз) қағи­даны  берік  ұстаған  иманы  кәміл  жан.

Алла өзінің жолын ұстаған жандардың дәрежесін үстем етіп  қояды емес пе? Ендеше, дүйім  жұрт  алдында  Абай  беделінің  үстем болуы Алланың қалауымен болған болар, сірә.

Абайға қол көтерушілер оның қара халыққа тізе батырушыларға араша боларлық әділдігін, қара ниетті ұры-қарылардың жолын кесетін заң жобаларын (Абайдын 76 статьясы) жазып, бүкіл қазаққа асқан беделін көре алмағандығынан сабады. Осы жанжалды ұйымдас­тырған Оразбай басын қоярға жер таппай, тауға тығылады. Кейін Жігітек Бөкеншінің басты адамдары кешірімге деген 30 түйені айдап Абай аулына келеді. Осы оқиға адамзаттың  асыл тәжі Мұхаммедтің (с.ғ.c) Ухуд соғы­сындағы  айтулы  оқиғасын  еске  салады.

Мүшіріктердің  таспен,  қылышпен Пайғамбарды шахид етпек болған шабуылынан күрек тісі сынып, сақалы қанға боялып тұрса да, Пайғамбарымыз (с.ғ.c): «Егер менен бір тамшы қан жерге тамса, көктен азап түседі. Иә, Раббым! Қауымымды кешір! Өйткені, олар білмейді» деп өзін өлтіруге тырысқандардың тура  жолға  түсуін  тіледі.

«Алла кешірімді, кешіргенді  ұнатады» деген  хадис  шәрифін  бойтұмар  еткен  Абай  да:

— Туысқан сұраса бермейтін не бар? Шынын­да бұл ағайындардың маған істеген қиянатын  сол  жолда-ақ  кешкем, — дейді.

Бұл кешу кемел рух иесі Мұхаммед (с.ғ.с)-ның  дала перзенті хәкім Абайдан көрініс тауып  тұр  емес  пе?

Сонау Кеңес заманы кезеңінде-ақ Абайды поэзия пайғамбарына теңеушілер, әсілі оның ислам дінінің сахараға шашқан сәулесінің шырақшысы екендігін айтқысы келгендігінен болар. Әйтпесе, пайғамбарлық адам беретін атақ емес. Пайғамбарлық – Алладан, Алла тандауы, әм калауы. Ақын – пайғамбарлардан кейінгі Алланың сөзін халқына жеткізуші кұдірет иесі. Шын ақын Алла аяны арқылы сөз сөйлейді. Сондықтан болар, кез келген қазақ ұйқас құрап, сөз жазғанымен, нағыз өлең жаза алмайтыны.

Ал Абайдың «Алланың өзі де рас, сөзі де рас»  деуі – Жаратушының ақынның аузына сөз салуы, Алла сөзін сөйлегендігінен. Абай сөзі  жылдар  өткен сайын жаңғырып, жаңарып, дін ислам  дамыған  сайын  Абайды түсінуге тырысатын­дар көбейіп келе жатқандығы. Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінің тобықтай  түйіні  қасиетті  Құран Кәріммен, хадис  шәриф­термен үндес келетіндігін зерделеп, зерттеген жанға  түсіну  аса  қиындық  келтіре  қоймайды.

Адамның, әсіресе, ел тізгінін ұстаған азаматтардың қанағат деген серігі болуы керек. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «…Алла кімде-­кім қолда барын қанағат қылып, ешкімге зәрулік танытпаса, Алла оның көңілін тоқ  қылады»  деген Хасим ибн Хазим жеткізген  хадис­ті  хәкім Абай:

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рақым ойлап қой –

Бес асыл іс көнсеңіз, — деп қазақы тілмен түсінікті етіп тұжырым жасайды. Адамзаттың барға қанағат етпей, ашкөздікке салынуының салдарынан жер бетінде экономикалық, экологиялық тепе-теңдік бұзылып, қандай зардап шегіп жатқанын бүкіл әлем көріп-біліп отыр.

Құран Кәрімнің «Нәжім» сүресіндегі: «Олар қылған істері келешекте көрінеді. Соған орай толық сый көреді немесе жаза тартады. Бәрінің соңғы барар жері Тәңір алды» деген аятты  ақын  Абай:

Патша Құдай сыйындым,

Тура баста өзіңе, — деп басталатын өлеңінде Жаратушысына сыйынудан бастай келіп:

0 да Құдай пендесі,

Түспей кетер деймісің

Тәңірінің құрған тезіне? — деп ғұлама ғалым Құран сөзін қазақы қалыппен түсінікті етіп аудара­ды.

Кез келген пенде Алла алдында бұл өмірде жасаған жақсы, жаман амалдары үшін есеп беретін­ін айтып кеткен жан Абайдай-ақ болар, сірә!

Алланың кәлам шәрифі – Құран Кәрімнің 56-Уақиға сүресі: «Қиямет уақиғасы болған кезде»  деп басталып, «сол уақытта жер беті түгел сілкіндіріледі (6). Сол уақытта сендер үш бөлімге бөлінесіңдер (7). Өліп топырақ жене сүйектер болсақ та шын тірілеміз бе?» (47)  дейді.

«Әлбетте, мәлім күнде белгілі жерге жиналады» (50) деген аяттарын адамзаттың қайта тіріліп,  есеп  беретіндігі  жөніндегі  сөзін:

Өлсе өлер табиғат, адам өлмес,

Ол бірақ қайтып келіп, ойнап-күлмес.

«Мені» мен «менікінің» айырылғанын,

«Өлді» деп қойыпты өңкей білмес, — деп тән мен жанның айырылғанын өлді деуге бол­майтынын соқырға таяқ ұстатқандай өлең жол­дарымен  өріп  әкеліп,  түсіндіріп  береді.

Алла Тағала күллі адамзатқа оқуды бұйыр­ған Хира тауында Мұхаммед (с.ғ.с)-ға ең алғаш түскен «Ғалақ» сүресінде «Оқы» деп түскен уақиын, хәкім Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Ғылым таппай мақтанба» сияқты бірнеше өлеңінде ғылым үйрену­ге үндеуін, шақыруын біздің қазақ жады­на алып, орындаған  болса, әлдеқашан әлемдегі көшбасшы  елдердің  қатарына  еніп  кетер  едік.

Шәкәрім  қажы «Ибрагим  мырза  Хакім еді, Данышпан  еді.  Әттең тұрған жері қазақ­тың іші болғандықтан ұлылығы көрінбей, қадірі  азырақ  білінді»  деген  екен.

Абай тойы қазақы салт-дәстүрдің, қонақжайлықтың жарқын көрінісі ретінде он күн бойы тойланып, ұлттық рухты көтеруге сеп болған айтулы іс-шара болғаны анық. Абайды тануға, «ұлылығын» көрсетуге арналған бір­неше кітаптың тұсаукесері өткен жақсы іс бүкіл қазақ, қала берді түркі әлеміне жетіп, насихатт­алу ісі жүйелі түрде жүрсе игі еді. «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз». Абайды түсіну, Абайға ұқсап баққан ел баласы  жаман  болмас, сірә.

Жұмабай  БАЙЗАҚҰЛЫ,

Қазақстан  Журналистер  Одағының  мүшесі,

өлкетанушы.

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: