«Шын хакім, сөзің асыл, баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес.
Қарадан хакім болған сендей жанның,
Әлемнің құлағынан әні кетпес», – деп Мағжан Жұмабаев жырлағандай, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы, кемел адам болуды мақсат еткен, бес асыл істі бойымызға жинауға шақырған ақын Абайдың шығармалары – бүгінде баға жетпес мұра.
Өзі өмір сүрген қоғамдағы кемшіліктерді сынап, өлең сүйген халықты өлең арқылы түзетуге ден қойып, сөз өнерінің құдіретін паш етті. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы мен тіршілігі, дүниетанымы мен мінезі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде бағаланды. Соның арқасында бүкіл Қазақстан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі.
Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес. Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұраларымызды бүгінгі оң үрдістерімен үйлестіре дамытуды көздейтін құбылыс. Осы ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.
Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып, үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып, мал іздемек емеспіз» деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болу үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абайдың «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет. Бұл тұжырымдар қазірде аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі XXI ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз. Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.
Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі онымен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды» дейді. Демек, өзімізден озық тұрған жұртпен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.
Ал қазіргідей жаңа тарихи жағдайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар, ағылшын тілін үйренуге де басымдық беру қажет. Жастарымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндік кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.
Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн. Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.
Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келеді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын, ұлттық мүддесін үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде Абай шығармаларынан көрініс табатын жағымсыз әдеттерімізден бас тартуымыз қажет. Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.
Сондықтан, Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Сондықтан, тәуелсіз, XXI ғасырдағы дамушы Қазақстанда, болашағы зор, бәсекеге қабілетті елде өмір сүріп жатқан біз Абай мұрасын үнемі есімізде сақтап, ақын қалдырған өшпес мұраны өмірлік ұстаным етсек, алар асуымыз бен бағындырар белесіміз көп болады.
Дидар СЛАМБЕКҚЫЗЫ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!