Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 70-маусымының алғашқы премьерасын «Өз-аға» қойылымымен ашты, деп хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.
Әділхан Асановтың деректі драмасы Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың өмір жолына арналған. Қойылымда ХХ ғасырдың ортасында болған оқиғалар мен қайраткердің ұлт мәдениетін сақтау мен дамыту жолындағы күресі көркем бейнеленген. Бас кейіпкердің ана тілін, салт-дәстүрлерін жаңғыртуға қосқан үлесі, мәдениеті мен өнері үшін жанқиярлық күресі көрерменге ерекше патриоттық сезім ұялатып, жүрегін тебірентеді.
Осыған орай кеше Өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ өкілдерімен көшпелі брифинг ұйымдастырып, қойылымды тамашалады.
– Бүгінгі қойылымның тарихи салмағы да өзгеше. Мемлекет ісіне араласқан тарихи тұлғалардың қызмет бабындағы еңбегі жастарға көп үлгі. «Өз-аға» қойылымының жастардың патриоттық сезімін қалыптастыруға өзінің үлкен үлесін қосу мақсатында көркемдік кеңестің шешімімен көрерменге жол тартпақ. Өзбекәлі Жәнібеков – қазақ халқының ұпайын түгендеп, басын қауіп-қатерге тіге жүріп, тарихи жәдігерлеріміз бен ұлттық ұстынымызды ұстап қалу жолында бірден-бір есімі аталатын тұлға, – деді Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрының директоры Мұхтар Ниязов.
Өзбекәлі Жәнібеков туралы алғаш сахналанғалы тұрған қойылымның режиссері Ақтөре Оразалы.
– Бұл спектакль жүректі толғандырмай қоймайды. Өз-ағамен бірге жұмыс істеп, тағылымын алуым менің басыма қонған бағым деп есептеймін. Мұндай кісі біздің арамызға мың жылда бір рет ғана келетін адам шығар деп ойлаймын. Өзбекәлі Жәнібековке арнап қойылым қойған театр ұжымына ерекше алғысымды айтамын. Шығармашылық табыс, биік белес тілеймін,- деді ҚР Мәдениет қайраткері Рахия Жүзбаева.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!