Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

РАМАЗАН  –  мүмкіндігі  мол  ай

19.02.2026, 8:00 40

Қасиетті Рамазан айы келгенда ораза тұту – әрбір мұсылманға парыз. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, иман келтіргендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз болды, бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде» деген. («Бақара» сүресі, 183-аят). Рамазан айынан басқа уақытта тұтылған ораза ерікті болып есептеледі. Бұл айдағы ораза – парызымыз. Қасиетті Рамазан – мұсылмандардың  асыға  күтетін бере­келі  айы. Ораза ұстау адам баласының  жаны  мен  тәнін  тәрбиелейді.

Ораза деген тек ішіп-жеуден ғана тыйылу емес. Ораза ұстаушы барлық ағзасына да ораза ұстатуы тиіс. Яғни, тілімен өсек айтпау, қолымен біреу­ге  зиян  жеткізбеу, көзімен  арам етілген дүниелерге қарамау секілді іс-әрекеттерден сақ болу қажет. Сондай-ақ, құлшылыққа аса ден қойып, ізгі істермен, сауабы мол амалдармен көбірек  айналысуы  маңызды.

Рамазан айының өзге айлардан артықшылығы – қасиетті Құран түскен ай. Бұл айда қасиетті Қадір түні бар. Қадір түнi – артықшылығы мол, қасиетi басым түн. Қадір түні Алла  Тағалаға көбірек құлшылық жасап, дұға тiлеуден еш жалық­пауымыз тиiс. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Қадір түнінің  артықшылығына  сеніп, сауа­бын Алладан күтіп, ғибадат, құл­шылықпен өткізсе, өткен-кеткен күнәлары  кешіріледі»  деген.

Рамазан айында ораза құлшылы­ғын шын ниетімен, бар ынта-ықыласымен ұстаған кісі Алланың мол сауабына кенеледі. Өйткені, Рамазан – айлардың сұлтаны, кешірімі мол мүбәрак ай. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім Рамазан айында шынайы сеніммен, сауапты бір Алладан ғана күтіп, ораза ұстаса, бұрын-соңды жасаған күнәлары түгел­дей  кешіріледі»  деп  айтқан.

Оразаның екі жақсылығы осында. Біріншісі – ықыласы мен  ниеті­не қарай мол сауапқа кенелтеді, екіншісі – пенде баласының ұстаған ораза­сы себепті күнәлары кешіріледі. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін…» деп, оразаның қадірі мен қасиетін жеткізген. Рамазан айының мәні мен маңызын түсінген адам бұл айда көбірек са­уап амал жасауға талпынады. Ораза ұстаған кісіге берілетін сый да, сауап та ерекше. Алла Тағала «ораза тек Мен үшін» деп баяндай отырып, оның  сауабы Өзіне ғана аян екен­дігін  айтады.

Бір ай ораза. Ал енді сол ай бойы ораза ұстаған пендесіне көрсетілетін құрмет, жасалар марапат тіпті пайғамбарлар мен періштелерге де беймәлім. Ол үшін оразаны ішіп-жеуден ғана тыйылу деп емес, барлық күнәлі істерден, жат әдеттерден де тыйылу арқылы кәміл деңгейде ұстай білуіміз қажет. Ораза үш шарттың аясында ұсталады. Мұсылман болу, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа толған әрбір кісіге Рамазан оразасын ұстау парыз саналады. Оразаны бұзатын-бұзбайтын амалдарын да білу керек.

Оразаны не бұзады? Мұны білген жөн. Әдейі бір нәрсені ішіп-жеу. Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар укол қабылдау. Аузындағы жаңбыр тамшыларын әдейі жұту. Бұл жайлы хадисте: «Ораза кірген нәрселерден ғана бұзылады, шыққаннан емес» делінген. Cебепсіз қорек немесе қорек­тік қасиеті бар барлық затты біле тұра әдейілеп жеу оразаны бұза­ды. Өзге де бұзатын жайттарды кеңірек  білген  дұрыс.

Оразаны не бұзбайды дегенге де тоқталайық. Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек. Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі. Құлаққа су кіру. Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды. Тістердің арасында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкене болса, оны жұту оразаны бұзбайды. Еріксіз ауыз толы құсу оразаны бұзбайды. Қан алдыру немесе сүлік салдыру. Көзге, құлаққа дәрі тамызу. Мисуак немесе тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы таң намазы кірмей тұрып тістерді жуған дұрыс. Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыз­дағы қанды яки дәріні жұтпау шарт. Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны  бұзбайды. Бірақ тамаққа кет­пеуін қадағалау қажет. Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ су жұтып қоюдан сақтануы  керек.

Рамазан – қолы  ашық, жүрегі жомарт, қайырымды жандар үшін мүмкіндіктер маусымы. Бұл айда жасал­ған әрбір жақсы іс үлкен сауап­қа айналады. Алла Елшісі (с.ғ.с.): «Шама-шарқыңызға қарай сауап амал жасаңдар. Өйткені сендер жақсылық жасауда жалықпайынша, Алла да сендерге сауап жазудан жалықпайды. Алланың құзырында қабыл болатын амал – аз да болса игі істің тұрақты жалғасып тұрғаны» деп айтқан. Сол үшін Рамазан айында мұсылман бала­сы көптеген сауапты іс  жасауды жоспарлау  керек.

Ораза кезінде мына нәрселер­ді жасау жақсы іс саналады. Бір жұ­тым су да болса сәресіде тұрып, ішіп-жеу. Берекесі де осында. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл тұрғыда: «Сәресіге тұрыңдар. Өйткені, сәренің тамағында берекет бар» деп айтқан. Ал басқа бір хадисінде: «Сәресі тамағы – берекет. Бір жұтым су да болса, оны тастамаңдар. Өйткені, Алла сәресіде тамақтанғандарға рақымдылық етіп, періштелері де олар үшін кешірім тілейді» деген-ді. Ауызды құрма немесе сумен ашу – пайғамбар  сүннеті  екенін  ұмытпаған  абзал.

Рамазан айы дұға-тілектеріміздің қабыл болуына көбірек мүмкіншілік береді. Өйткені, ораза ұстаушының жасаған дұғасы қабыл болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды» деп айтқан. Сондықтан бұл айда отбасы, ағайын, ел-жұрт үшін жақсылық тілеп, дұға жасағанымыз  абзал.

Рамазан айының әр күні мен түнінде нәпіл құлшылықтарға, сауапты істерге де көбірек көңіл бөлу қажет. Аузы берік жандарға ауызашар беру – сауап. Жоқ-жітіктер мен кедейлерге қол ұшын беріп, қажетіне көмек жасау – сауап. Сонымен қатар, қаза намаздарды оқып, Алланы көбірек еске алу сауапты амал саналады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Аузы берік жанды ауызашарга шақырып тамақ берген ораза ұстаган адамның алатынындай сауап алады. Аузы берік адамның сауабынан да еш нәрсе кемімейді». Ауызашар дастарқанында ағайындық артып, туыстық, достық, бауырмалдық қатынастар беки түседі. Қызғаныш, тәкаппарлық, көреалмау, өсек-ғайбат сынды істерден алыс болады. Жүректің дерті деп аталған мұндай жағымсыз істерге бой алдыруға болмайды. Жақсы қасиеттерді бойымызға сіңіріп, жаман әдеттерден  алыстауымыз  керек.

Рамазан айының қадірі мен қа­сиеті көп. Десе де, Рамазан әр адамның өзін тәрбиелеуге, тәртіп пен уақытты жүйелеуге қалыптастырады. Ислам ғұламалары: «Рамазан әрбір мұсылманның бір айлық тәрбие мектебі» деп баға берген. Оразада бір ай өзін тәрбиелеген адам жыл бойы жақсы  амалға  бейім болады. Рамазан – жақсы істердің бастауы. Бұл айда ғана сауап іс жасау керек деген тар ұғымнан абай болу керек. Рамазан айынан кейін де ізгі істер тоқтап қалмауы керек. Рамазан айында тән әлсірейді. Алайда иман мекені болған жүрек ізгі амалдардан қуат алады және жемісін береді. Адамның жан дүниесі рухани бай болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ораза (күнәларға қарсы) қалқан. Кімде-кім ораза кезінде жаман сөз айт­пасын, өсек-аяңнан сақтансын, егер біреу оны балағаттап яки төбелеспек болса, «мен оразамын» деп айт­сын» деген болатын. Кім Рамазан айын қадірлеп, әр күннің қасиетін бағалап, мүмкіндігін пайдаланып, шын ықыласпен ораза ұстап, сауап амалдарды молынан жасай түссе, Алланың  шарапаты мен шапағаты нәсіп  болмақ.

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық   «Мүсірәлі  ата»  мешітінің  бас  имамы

Фото: Б.Есжанов

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: