Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Рамазан – ізгі амалдармен берекелі ай

27.02.2025, 10:40 55

Рамазан – мұсылман қауымы үшін қасиетті, күні  де, түні де берекелі ай. Қасиетті Құран осы Рамазан айында түсе бастаған. Мұнымен қатар, мың айдан да қадірлі болып есептелетін Қадір түні де – осы айдың еншісінде. Сол себепті Рамазан айлардың сұлтаны, қадірлісі деп аталады. Бұл айда ораза ұстау парыз етілген. Ораза  ұстау  жақсы амалдарға жетелеп, бойды  күнәлардан  тазартады. Алланың  разылығы  мен  сый-сауабына кенелуге  мол  мүмкіншілік  береді.  Рамазан айында парыз болған оразаның адамға  берер сан қырлы пайдасы бар. Мәселен, ораза ұстаған адам таңертеңнен кешке дейін ішіп-жеуден ғана тыйылмайды, күллі жағымсыз жаман істерден өзін тыйып, жақсы да игі амалдарын көбейтеді. Ораза адамның мінез-құлқын түзеп, мейірім-шапағатын арттырады, сабырлы болуға, барға қанағат, Алланың берген нығметтеріне шүкір етуге тәрбиелейді. Рамазан – осындай  құндылықтарымен   ерекше   ай.

Исі мұсылман қауымы қасиетті айға алдын ала рухани дайындығын жасап, дұрыс ниеттеніп, ораза ұстауға қамдануы қажет. Рамазан айының алдында келетін ережеп және шағбан айы бізге қасиетті Рамазан айы­ның жақындап келе жатқандығын есімізге салады. Бұл айларда нәпіл оразаларымызды, сауапты амалдарымызды жасап, Рамазан айына руха­ни дайындықты қуаттай түсеміз. Себебі, шағбан айының соңғы күнінде Алланың Елшісі (с.ғ.с.) былай деп айтқан екен: «Уа, адамдар! Сендерге ұлық, берекелі ай келіп жетті. Бұл айда мың айдан артық Қадір түні бар. Алла осы айда ораза тұтуды парыз етті, ал түндерінде намаз оқуды ерікті қылды. Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай. Бұл ай – сабырлылық айы. Ал сабырдың сыйы – жәннат. Өзара жанашырлық айы. Бұл айда мүміннің ырзық-несібесі еселенеді. Кімде-кім осы айда ораза тұтқан бір жанға ауызашар жасаса, оның күнәсі кешіріліп, тозақтан азат етіледі. Ораза тұтушының сауабынан да ешнәрсе  кемітілмейді».

Айлардың сұлтаны қасиетті Рама­зан айы келгенде ішкі ниетті дұрыс­тап, шынайы ықыласпен, са­уап үміт етіп, ораза ұстау – исі мұсыл­манға парыз ғибадат. Дәлірек айтқанда, ақыл-есі дұрыс және балиғат жасқа жеткен әрбір мұсылманға ораза ұстау парызы саналады. Алла Тағала Құранда: «Әй, иман келтіргендер! Ораза сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей Аллаға қарсы келуден сақ болатын шығарсыңдар деп санаулы сендерге де парыз етілді» деп әмір еткен. Ораза ғибадаты – бізді дүниеде жамандықтардан сақтайтын, ақыре­тімізде тозақ отынан қорғайтын және күнәларымыздың кешірілуіне себеп болған сауапты амал. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім шынайы сеніммен, сауабын Алладан күтіп, Рама­зан оразасын ұстаса, өткен күнә­лары  кешіріледі»  деп  айтқан.

Ораза ұстаушы таңсәріден күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан сақтанып, күнә істерден бой алыстатады. Сонымен бірге сабырлық, мейірімділік, қанағатшылдық секілді қасиеттерге иелік етеді. Бір хадис­те: «Егер адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» делінген. Бұл хадис оразаның мән-мағынасы қаншалықты  тереңде  екенін байқатады.

Ораза ұстауда бірінші кезекте ние­тіміз Алла разылығы үшін болу керек. Екінші күллі жаман сөздерден, жек көрілген істерден сақтану қажет. Сонда ғана ораза ғибадатының сауабы болады. Алланың сансыз сауаптарынан үмітті адам сабыр мен төзімділіктің үлгісі бола білуі тиіс. Тіптен, ораза кезінде айыптап, ауыр сөз айтқан кісінің өзіне де шыдамдылық танытып, пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетінде айтылғандай «Мен – оразамын» деп қана жауап берген абзал.

Алла Тағала денсаулығы жарайтын, балиғатқа толған, ақыл-есі бүтін мұсылманға оразаны парыз етті. Алла Тағала былай бұйырады: «Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын. Ал кім (осы айда)  науқас болып немесе сапар шегіп ораза ұстамаса, (қаза болған күндерін) басқа уақытта ұстасын. Алла сендерге жеңілдікті қалайды, ауыртпалық артқысы келмейді» («Бақара» сүресі, 185-аят). Аят бізге мынаны түсіндіреді. Алла Тағала кей құлдарына Рамазан айында белгілі бір себеппен ораза ұстамауына рұқсат еткен. Алайда белгілі себептермен Рамазан айында ораза ұстай алмаған кісі кейін оразасының қаза­сын өтеуі міндетті. Қысқаша айтсақ, жолау­шы кісі, нау­қас жан, жүкті немесе емізулі әйел кісілер уақытша парыз оразадан себеп­ке сай уақытша босатылады. Дегенмен, жолаушы сапары аяқталған соң, сырқат дертінен жазылғаннан кейін, жүкті немесе емізулі әйел денсаулығына қауіп төнбейтін уақытқа жеткенде Рамазан айында қарыз болған оразасының қазасын өтейді. Құдси-хадистің бірінде: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін» деп Алла Тағала пендесін қуантады. Сондықтан ораза ұстауға  аса  ниеттенуіміз  керек.

Әрбір пенде тіршілікте жаратушы Аллаға мұқтаж екені ақиқат. Ал, Рама­зан – дұғаны көбірек жасаудың үлкен мүмкіншілік сәті. Өйткені, ораза ұстаушының шын ықыласпен жасаған дұғасы қабыл болады. Бұл жайында Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Шындығында ораза ұстаушының ауызашарда қылған дұғасы қайтарылмайды» деп айтқан. Демек, ораза ұстап, көптеген жақсылыққа қол жеткізгеніміз секілді, ауыз­ашар сәтінде алақанымызды Аллаға жа­йып, қажетімізді сұрау да – бір бақыт. Көзді ашып-жұмғанша өтіп кететін ораза күндерімізді сауапты әрі игі істермен өткізіп, игі амалымыздың қабыл болуын сұрап, көп-көп  дұға  жасаған  дұрыс  болады.

Рамазан – Құран түскен құтты ай. Алла Тағала былай дейді: «Рама­зан – Құран түсірілген ай. Адам бала­сына тура жол көрсетіп және (ақ пен қараны) айыратын ай». («Бақара» сүресі, 185-аят) Сонымен қатар, мың айдан да қасиетті Қадір түнімен ерекшеленеді. Алла Елшісі (с.ғ.с.) бір хадисінде айтады: «Адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні бөлек. Оның сауа­бын Өзім беремін. Өйткені ол Мен үшін қызықтардан, ішіп-жемнен бас тартқан». Олай болса, оразаға ниет қойған мұсылман құлшылығының ықыласты орындалуына, ниетінің дұрыстығына  ден  қою  керек.

Ораза жекелеген адамды алдымен Алладан қорқуға, қиыншылық ке­зіксе, сабыр етуге, өзіндегі бар дүние­сіне қанағат пен шүкір етуге, адами қасиеттерін дамытып, көркем мінез-­құлқын жақсартуға, қамшының сабын­дай ғана қысқа ғұмырындағы алтын уақытын жақсылыққа, екі дүние­сіне пайда әкелер игілікті істерге жұмсауға үйретеді. Ал қоғамды өзара ауызбірлікке, берік ынтымаққа, бір-біріне мейірімді болу­ға шақырады. Рамазан – осындай қадір-қасиетімен  ерекшеленген тәрбие  айы.

Рамазан айы – жылына бір келе­тін құлшылықтар маусымы. Сондықтан бұл айдың қадірін біліп, уақытын бағалап, сауапты амалдарды арттырған жөн болады. Мұсыл­манға берекелі айда сауап істерден қапы қалуына болмайды. Сол игілікті істердің бастыларын төмендегідей атасақ: Оразаны шынайы ықыласпен лайықты түрде тұту; Тарауих және тәһәжүд намаздарын оқу; Құран оқу; Жоқ-жітікке садақа беру; Ауызашар жасау; Ауызашарда дұға-тілек тілеу; Қадір түнін құлшылықпен өткізу; Ұдайы дәретпен жүру; Алла Тағаланы көп зікір ету; Әрдайым истиғфар-кешірім дұғасын айту. Күнә-қателіктерге тәубе жасау секілді амалдар жасаған жөн. Өйткені, Рамазан айы – ізгі амалдармен берекелі.

Қайырбек  ОТЫЗБАЕВ,

Қызылорда  қалалық  «Мүсірәлі  ата»  мешітінің  бас  имамы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: