Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жаңғыртылған Президент паркі ел игілігіне табысталды

20.03.2026, 1:08 28

Қызылорда қаласында қайта жаңғыртылған Президент паркінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Оған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысып, аймақ тұрғындарын жаңа демалыс орнының пайдалануға берілуімен құттықтады. Іс-шараға құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері және барлық ауданнан келген делегаттар арнайы қатысты.

Салтанатты рәсім барысында аймақ басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан көркейту, абаттандыру жұмыстарына кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы аясында облыста санитарлық тазалықты сақтау, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және елді мекендердің сәулеттік келбетін жаңарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Облыс әкімінің сөзінше, бюджет қаржысымен қатар, кәсіпкерлердің қолдауымен бірқатар қоғамдық кеңістіктер, демалыс орындары, ойын және спорт алаңдары қайта жаңғыртылып келеді. Сонымен бірге тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар заманауи үлгіде жөндеуден өткізілуде.

Аймақта бірыңғай дизайн код бекітіліп, облыс орталығынан бастап барлық елді мекендер ортақ сәулеттік талаптарға сәйкестендірілген. Соның нәтижесінде Қызылорда қаласында 2 млрд 905 млн теңгеге 83 ескі көпқабатты тұрғын үйдің қасбеті заманауи панельдермен қапталған. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, 900 млн теңгеге тағы 21 тұрғын үй жаңғыртылуда. Бұған қоса, өткен жылы 1 млрд 300 млн теңгеге 20 көпқабатты тұрғын үйдің ауласы абаттандырылып, балалар ойын және спорт алаңдары салынған.

Жаңғыртылған Президент паркі – қаланың жаңа келбетін айқындайтын ірі қоғамдық кеңістіктің бірі. Мұнда заманауи субұрқақтар, амфитеатр, спорттық және ойын алаңдары, би және шахмат аймақтары, баскетбол мен футбол алаңдары, биіктігі 50 метрлік айналмалы шолу дөңгелегі, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық пункттер орналастырылған.

Жалпы аумағы 31 гектарды құрайтын саябаққа 2 мыңнан астам ағаш, 50 мыңнан астам сәндік бұта және 17 түрлі көпжылдық гүл егілген. Бұл өз кезегінде шаһардың экологиялық ахуалын жақсартуға және тұрғындардың жайлы демалысына мүмкіндік бермек.

Парк аумағын тиімді пайдалану бағытында да ауқымды жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, 6 гектар жерге 300 орындық заманауи балалар лагері, 2,4 гектарға Ботаникалық білім беру орталығы, ал 8,2 гектарға тоғыз қабатты 15 тұрғын үй салынуда.

Сондай-ақ, маңайдағы инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Қазір 200 төсектік жаңа перинаталдық орталықтың құрылысы қарқын алған. Ал таяу күндері 5,5 гектар аумақта жаңа драма театр мен заманауи Президенттік кітапхананың құрылысы басталмақ.

Рәсім барысында Президент паркін жаңғырту жұмыстарын сапалы атқарған мердігер мекеме өкілдері мен экологиялық акцияларға белсене қатысқан еріктілер облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Жиында қоғам қайраткері Жарылқасын Шәріпов те ізгі тілегін білдірді.

Айта кетейік, қайта жаңғыртылған Президент паркі енді қала тұрғындары мен қонақтарының тынығып, серуендеп, спортпен айналысатын заманауи демалыс орнына айналмақ.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: