Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада жаңа оқу жылында 3 мектеп ашылады

31.08.2022, 16:05 242

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысында жаңа оқу жылының басталуына қарай 1 қыркүйекте 3 жаңа мектеп ашылады. Жыл соңына дейін 5 мемлекеттік және 1 жеке мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде жаңа оқу жылының басталуы туралы өткізілген брифингте облыстық білім басқармасының басшысы Мейрамбек Шермағанбет хабарлады.

2022-2023 жаңа оқу жылында аймақтағы 295 мемлекеттік және 16 жекеменшік мектептерде 182 мың оқушы білім алады деп жоспарлануда. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда бес мың оқушыға артқанын білдіреді. Сондай-ақ, биылғы оқу жылының ұзақтығы 36 оқу аптасы болып бекітілді. Тиісінше, сабақ жоспарының уақыты ұзартылып, оқушылар күніне 5-6 пәннен оқитын болады.

Басқарма басшысының айтуынша, қазіргі оқу бағдарламасында бірқатар түзетулер енгізіліп, бірінші сынып оқушыларына «Шетел тілі» және «Орыс тілі пәндері» оқытылмайды. Ал барлық сыныптарда «Өзін-өзі тану» пәні үлгілік оқу жоспарының инвариантты компонентінен алынып тасталынды.

– Жаңа оқу жылында облыс бойынша 18 мыңға жуық бала бірінші сыныптың табалдырығын аттамақшы. Осы ретте қазақ тілінде оқытатын мектептерде бірінші сынып оқушылары қазақ тілінде, орыс тілінде оқытатын мектептерде – қазақ және орыс тілдерінде оқытылатын болады. Қазақ мектептерінде орыс тілі пәні 2 сыныптан бастап оқытылатын болса, ағылшын тілі 3 сыныптан бастап оқу жоспарына енгізілмек. Сонымен қатар, қаладағы үш ауысымда оқытатын 6 мектептен басқа барлық білім беру ұйымдары 5 күндік оқу аптасына ауыстырылды, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Сонымен қатар биыл өңірдегі 30 колледжде 20 мыңға жуық студент білім алады деп күтілуде. Қазіргі уақытта техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсу үшін өтініштерді қабылдау аяқталды. Нәтижесінде, оқуға түсу үшін 6198 өтініш түссе, оның 4989-ы мемлекеттік білім грантына болса, 1209-ы ақылы негізде білім алуға құжат тапсырған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: