Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада теміржол вокзалдары біртіндеп жаңарып келеді

10.01.2026, 22:37 30

Қызылорда облысында теміржол вокзалдарын жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова және Парламент депутаттары Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының орталықтарындағы, сондай-ақ Сексеуіл мен Төретам кенттеріндегі вокзалдардың қазіргі жағдайымен танысты.

Сапар барысында вокзал ғимараттарында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының барысы, құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауымен облыс аумағындағы барлық теміржол вокзалдарын кезең-кезеңімен күрделі жөндеуден өткізу және вокзал маңын абаттандыру көзделген. Еске сала кетсек, 2023 жылы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігі арқылы Қызылорда қаласындағы теміржол вокзалы жаңғыртылған болатын. Бұл жұмыстарға 600 млн теңгеден астам қаржы жұмсалып, ғимараттың өзі мен іргелес аумағы толық ретке келтірілді.

Қазіргі таңда осындай жұмыстар өңірдің барлық аудандарында, сондай-ақ Төретам мен Сексеуіл кенттеріндегі вокзалдарда қарқынды жүріп жатыр. Жаңартылған инфрақұрылым жолаушыларға жайлы орта қалыптастыруға және қауіпсіздік талаптарын күшейтуге бағытталған. Жөндеу барысында вокзал ғимараттарының ішкі және сыртқы келбеті жаңартылып, күту залдары, билет кассалары мен санитарлық тораптар заманауи талаптарға сәйкестендірілуде. Сонымен қатар инженерлік желілер толық ауыстырылып, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еркін қозғалуына жағдай жасау да ескерілген.

Қазіргі кезде «Арал теңізі» теміржол вокзалында құрылыс-монтаж жұмыстары белсенді жүргізілуде. Мұнда шатырдың металлоконструкциялары орнатылып, ішкі және сыртқы қабырғалар сылануда. Сексеуіл вокзалында қатты травертинмен қаптау, кафель төсеу, есіктер орнату және ішкі әрлеу жұмыстары қарқын алған.

Қазалы теміржол вокзалында жөндеу жұмыстары аяқталу сатысына жақындап қалды. Ал Жосалы мен Төретам вокзалдарында сыртқы қабырғаларды травертинмен қаптау, едендерді кафельдеу, жылу жүйелерін жүргізу, шатырды ауыстыру және аумақты абаттандыру жұмыстары қатар атқарылуда. Жаңғыртылып жатқан теміржол вокзалдары өңір тұрғындары мен жолаушылар үшін қолайлы жағдай жасап қана қоймай, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсер етеді.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлағандай, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: