Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Жиында тікелей бағынысты мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін басшылардың жауапкершілігі, мемлекеттік қызметшілердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтау бағытында атқарылған жұмыстар, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ашықтықты қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы бұл бағыттағы жұмыстар тек формалды шарамен шектелмей, нақты нәтижеге бағытталуы керектігін айтты.
– Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлесіп, әрбір деректі қосымша талдау қажет. Тәртіптік жауапкершілікті қараудың бірыңғай алгоритмін әзірлеп, мерзімінің сақталуын тұрақты бақылауға алыңыздар. Біздің мақсатымыз – жазалау емес, жүйені түзету. Бірақ заң талаптарын елемеу немесе тәуекелге көз жұму деректері қайталанса, шешім де қатаң болады. Аймағымызда сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат нақты нәтижеге бағытталған жұмысқа айналуы тиіс. Аталған міндетті жүзеге асыруда әрқайсыңыздың жеке жауапкершілігіңіз бар, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Облыс әкімі бір ай ішінде мемлекеттік сатып алулардың басым бөлігі өтетін тәсілдерге талдау жасап, оларды орталықтандыруды кезең-кезеңімен ұлғайту жөнінде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Сонымен қатар барлық басқарма басшыларына, қала және аудан әкімдеріне мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізуде жеке жауапкершілікті күшейтіп, тәуекелі жоғары келісімшарттарға ішкі бақылауды қамтамасыз ету міндеті жүктелді.
Комиссия отырысында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев пен облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменов баяндама жасады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!