Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада Мұрат Саламатовтың бюсті ашылды

23.12.2023, 21:15 381

Мұнай-газ саласының көрнекті қайраткері Мұрат Саламатовтың бюсті ашылды.

Облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбет аймақ басшысы Н.Нәлібаевтың құттықтауын жеткізіп, қайраткердің Сыр өңірінде мұнай-газ саласына қосқан үлесінің зор екенін айтты.

– Мұрат Ғазизұлы – «Құмкөл» кенішін игеруді бастаған алғашқы басшы, мұнай саласының мамандарын даярлайтын оқу комбинатын ашып, Одақтық Республикалардағы жоғары оқу орындарында қазақ мамандарын оқытуға және Құмкөл кеніші есебінен кадрлардың біліктілігін арттыруға ұйытқы болды. Қызылорда облысының мұнайлы аймаққа айналуына еңбек сіңірген Мұрат Ғазизұлы басқарған мекемелерде жаңашылдығымен, бастамашылдығымен ерекшеленді. Әсіресе, өңірге инвесторларды тартып, нәтижелі келіссөздер жүргізуі арқылы Сыр елінде құрылған «ТорғайПетролеум», «ҚазГерМұнай» мұнай компаниялары бүгінгі күнге дейін табысты жұмыс істеп, өңірдің экономикалық дамуына үлесін қосып келеді.

Біліктілік пен білгірлік, кәсіби іскерлік нәтижесінде бейбіт күнде жанқиярлықпен еңбек еткен Мұрат Ғазизұлы сынды азаматты мәңгілік есте сақтау үшін мүсін орнату – барша қызылордалықтардың ізгі қалауы болды. Осыған дейін облыс орталығында тұлғамызға көше аты берілген болса, өткен жылы колледжге оның есімі берілді. Бюстінің білім беру мекемесіне орнатылуының терең символдық мәні бар, – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.

Салтанатты іс-шараға Мұрат Саламатовтың әріптестері, өңіріміздегі мұнай компанияларының өкілдері, қоғам қайраткерлері, колледж студенттері, ағайын-туыстары қатысты. Қайраткердің ағайындарының атынан Ахметов Сақтапберген Айтбайұлы сөз сөйлеп, маңызды шараға мұрындық болған облыс әкімдігіне ризашылықтарын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: