Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қызылордада мемлекеттік қызметтің сапасы мен ашықтығы күшейіп келеді» – Мендалиев

19.03.2026, 16:37 48

Қызылорда облысында мемлекеттік қызмет жүйесінің тиімділігі артып, кадрлық тұрақтылық пен қызмет көрсету сапасы жақсарып келеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев мәлімдеді. Департамент басшысының айтуынша, облыста мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3 332 бірлікті құрайды. Қазіргі таңда оның 3 245-і нақты жұмыс істеп тұр. Мемлекеттік қызметшілердің 45,5 пайызын әйелдер құрайды.

Спикер өңірдегі мемлекеттік аппараттың кәсіби әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Бүгінде қызметкерлердің 95 пайыздан астамының жоғары білімі бар. Бұл көрсеткіш мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға тікелей әсер етіп отыр. Сондай-ақ, кадр тұрақтылығы да оң нәтиже көрсеткен. Өңірде қызметтен кету деңгейі 3,6 пайызды құрап, жоспарланған 6 пайыздық межеден төмен болған. Осы көрсеткіш бойынша Қызылорда облысы ел өңірлері арасында алдыңғы орынға шыққан.

Бос жұмыс орындарының үлесі де азайған. Қазіргі есеп бойынша жергілікті атқарушы органдардағы вакантты лауазымдар 1,8 пайызды ғана құрайды. Бұл кадрмен қамту мәселесінің біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын аңғартады.

Меритократия қағидаты негізінде өткен конкурстар нәтижесінде 423 үміткер мемлекеттік қызметке қабылданған. Ал ішкі конкурстар арқылы тағайындалғандардың 68 пайызы жоғары лауазымдарға көтерілген. Бұдан бөлек, Қызылорда облысынан Президенттік жастар кадр резервіне 3 жас маман өткен. Баспасөз конференциясында мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау мәселесіне де ерекше тоқталды. Жүргізілген бақылау және мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 365 қызметшінің құқығы қорғалып, оларға 653 сағат көлемінде демалыс уақыты берілген. Ерлеген Мендалиевтің сөзінше, бұл бағыттағы негізгі міндет – мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқығын сақтау және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз ету. Өткен жылы облыс көлемінде 6,2 миллионнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілген. Соның 98 пайыздан астамы электронды форматта жүзеге асқан. Бұл, бір жағынан, халыққа қолайлы тетіктердің көбейгенін көрсетсе, екінші жағынан, ашық әрі қолжетімді қызмет көрсету жүйесінің орнығып келе жатқанын білдіреді.

Баспасөз конференциясы барысында өңірде мемлекеттік қызмет саласында ашықтық, кәсібилік және нәтижелілік бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып жатқаны айтылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: