Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада бір мезетте 40 қазан палау басылды

19.09.2022, 9:20 736

HALYQLINE.KZ

Биыл Қызылорда қаласы күнін мерекелеудің мәні ерекше. Түрлі форматтағы іс-шаралар бір ай бойы өткізіледі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің жазуынша, сенбі күні «Сыр ана» монументінің алаңында 10000-нан аса тұрғынның қатысуымен «Ауылым – берекенің ақ бесігі» атты этно бағыттағы мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.

Ерекше шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, айтыскер-ақын, Гиннестің рекордтар кітабына енген «1000 күбі» жобасының авторы Аманжол Әлтаев, «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төрағасы Берік Уәли, зиялы қауым өкілдері мен қала тұрғындары қатысты.

«Абай-Дәулет» ЖШС-нің қолдауымен ұйымдастырылған жиында 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысқа түсті.  

Аймақ басшысы қызылордалықтарды қала күнімен құттықтап, күрішті аймақта палаушылар сайысын ұйымдастырудың түп тамырында ұлттық салт-дәстүр бар деді.

Баршаңызды Сыр өңірінің бас шаһары – Қызылорда қаласының күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қызылорда – тарихи астана, ұлтым деп соққан ұлы жүректердің, Алаш арыстарының ізі қалған қасиетті жер!

«Қала күні» мерекесін тойлау әрбір жерлесіміз үшін маңызды әрі мерейлі сәт деп санаймын. Бір ай көлемінде түрлі сипаттағы ауқымды іс-шаралармен жалғасатын думанды басқосулар берекелі күздің «Алтын дән» мерекесімен сабақтасады. 

Бүгін, міне, Өздеріңізбен бірге аймақтағы «Сыр Ана» монументі алаңында есте қалар ерекше бір іс-шарада бас қосып отырмыз.

Ақ күріштің аймағы атанған айтулы Сыр елінде палау пісірушілердің басын қосқан үлкен сайысты этноауыл форматында ұйымдастырудың символикалық мәні бар деп санаймын, – деді Н.Нәлібаев.

Мерекелік басқосуда Аманжол Әлтаев күрішті аймақ Сырдың жеріндегі думанды іс-шараның мән-маңызы ерекше екенін тілге тиек етіп, қызылордалықтарды мерекемен құттықтады.

– Дарияның қос қанатына қоныстанған Қызылорданың қала күні мерекесі құтты болсын! Сырдың ақ күрішін ойымызға алған кезде күріштің атасы Ыбырай Жақаев жүрегіміздің төрінен орын алады. Ыбырай атамыздың жолын жалғап, баба аманатын арқалаған диқаншылар үлкен еңбек көшінің басында келеді. Сыр елінің күріші – байлықтың, берекенің белгісі. Бүгін 40 қазанға палау пісіріп, елдің берекесі молая түссе екен деген игі бастама қолға алынған екен. Елдің берекесі тарқамасын, ырысы ортаймасын, – деді Аманжол Әлтаев.

Этноауыл форматындағы іс-шарада ақ күріштің атасы атанған Ы.Жақаевтың «Күріш туралы толғанысынан» үзінді, қазақтың дәстүрін насихаттайтын ауыл жастарының алтыбақан астындағы көңілді кешінің көрінісі, ақындар айтысы, «Бауырсақ PARTY», «Шұбат-қымыз FEST», «Қауын-қарбыз FEST» фестивальдерімен жалғасты.

Думанды іс-шарада бір мезетте 10 мың тұрғынға арналған 40 қазан күріш басылып, палаушылар сайысының жеңімпаздары анықталды. І орын иеленген азаматқа 150 мың теңгенің сертификаты табысталды.

Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен аяқталды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: