Қызылорда облысында биыл 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады halyqline.kz тілшісі kazinform сайтына сілтеме жасап.
Егіс аумағында өткен жылғыдан 0,8 мың гектарға, оның ішінде күріштің көлемі 10,9 мың гектарға қысқармақ. Осылайша тек 70 мың гектар жерге Сыр салысы егіледі. Сәуір айында мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының отырысы өтеді, сонда лимит қайта бекітіліп, бұл көрсеткіш өзгеруі мүмкін.
– 2026 жылдың көктемгі егісіне облыс бойынша 20,4 мың тонна күріш тұқымы құйылды. Одан басқа 1570,9 тонна дәнді, 126,6 тонна майлы және 301,6 тонна мал азығы түріндегі дақылдардың тұқымы дайындалды. 65,6 мың тонна минералды тыңайтқыш қажет болса, бүгінде соның 13%-ы сатып алынды. Сонымен қатар 85,8 мың литр гербицид жеткізіледі. Қолда бар 3975 техника наурыз айына дейін толық жөндеуден өткізіледі, — делінген хабарламада.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер егіс жұмысына 21,8 мың тонна арзандатылған дизель отынын сұраған. Бүгінгі күні басқарма оны жеткізіп беруші операторларды анықтап жатыр.
Фото: Нұрболат Нұржаубай
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!