Сіз қалай ойлайсыз? Сыр өңірінің басқа аймақтармен салыстырғанда экологиялық ахуалы мүшкіл екені ешкімге жасырын емес. Бәрі айтып жүрген Арал мен Байқоңырды қоспасаң да, облыс орталығының өзінде-ақ жағдай ауыр дейді білетіндер. Тіпті кейбір тұрғындар қала екіге бөлініп алған деседі. Бірі тазалықтың айнасына айналған қаланың орталығы болса, екіншісі – шенді-шекпенділердің аяғы тимейтін шеткі аудандар. Тұрғындардың жанайқайының жаны бар екен. Апта барысында жауапты мамандармен бірге осы мәселе бойынша рейдке шыққан болатынбыз. Жүрген жерімізде қоқыстан көзіміз сүрініп, құспен жарыса ұшқан пакеттерге «тамсанудан» басқа амалымыз қалмады. Осы мәселе бойынша «Қызылорда тазалығы» ЖШС-нің де мазасы қашқан. Олардың айтуынша, тұрғындар қала тазалығына бейжай қарайды. Ал тұрғындар болса жауапты мамандардың жауапсыздығын алға тартып отыр. Осы тұрғыда, қаланың шеткі аймақтарындағы бейберекетсіздікке кім жауапты? Күн құрғатпай толып қалатын қоқыс жәшіктері қалада жеткілікті ме және жергілікті тұрғындардың кінәсі неде деген сұрақтарға жауап іздеуге тырыстық.
Әңгіменің ашығына келсек, қаламызда қоқыс мәселесі өзекті. Алайда жағдай бұрынғыға қарағанда біршама қалыпқа келгенін де айтпай кетуге болмайды. Десе де қаламыздың әр тұрғыны таза һәм қауіпсіз жерде өмір сүруге толықтай құқығы бар. Сол үшін де рейд сапары шеткі аудандардан тұрды. Рейдтің тұсаукесерін Балқы базар мен Ешнияз сал көшелерінің қиылысынан кестік. Гагарин тұрғын ауданындағы халық бұл жерді «қоқысхана» етіп алғандай-ақ екен. Таудай үйілген қоқтықты жауапты мамандар бір ғана күнде жиналғанын айтады. Әлгі үйілген күл-қоқысты жинау үшін арнайы техникалар бөлінген. Қолмен жинап бітетін шаруа емес екені көрініп тұр. Бұндай жұмыстарды күн сайын істеп тұрады екен тазалықшылар. Ауыр техникаларды күнде қозғалтып тұру да бюджетке артық шығын екені белгілі. Оның орнына контейнерлер қойса, шығын да азаяр еді. Дегенмен, басшылар сонда да бұл әрекеттерінен бас тартпай отыр. Оның өз себебі де бар екен.
– Қазіргі таңда қаламызда тазалық жұмыстарымен «Қызылорда тазалығы» ЖШС айналысып жатыр. Көшелердің санитарлық тазалық жұмыстарына 42 арнайы қоқыс жинаушы көліктер жұмылдырылған. Аталған серіктестіктің жұмыстары таңғы сағат 5-тен басталады. Одан бөлек, 146 қызметкер көшелерге тасталған қоқыстарды жинаумен айналысады. Ауыр техникалар да қоқыс контейнерлері жоқ жерлерге жиналған қоқысты шығаруда. Негізі заң бойынша әрбір тұрғын үйінің алдына қоқыс контейнерін қоюға міндетті. Оны шығарумен айналысатын мекемемен келісімшарт негізінде жәшік толған сайын 1900 теңгеден шығаруға болады. Алайда тұрғындар қазіргі таңда бұл заңға көнбей келеді. Әрбір адам қоқысты көшеге тастауды әдетке айналдырып алған. Біз барған Балқы базар көшесіндегі жағдай да осындай мәселеден туған, – деді Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Біржан Далабайұлы.
Бөлім басшысының айтуынша, заң бойынша контейнерді тұрғындар орнатып, қоқыс алдыртқаны үшін құнын төлеп отыруы қажет екен. Десе де ол механизмді пайдаланып отырғандар саны өте аз. Егер де халықпен санаспай-ақ, арнайы орындар белгілеп қойып, қоқыс контейнерлерін бюджет тарапынан қойса, ауыр техникаларды күн сайын жұмылдырып шығынға батпай-ақ, бір ғана техника күшімен мөлтек аудандарды таза ұстауға болатын еді. Бірақ, басшылардың келіспеуінің бірқатар себебі бар. Біріншіден, қала бюджеті көшелердің барлығына контейнер қоюды көтермейді-мыс. Екіншіден, егер де бұл әрекетке баратын болса, ақшасын төлеп, контейнер орнатқан жеке тұлғалар мекеменің қызметінен бас тартуы мүмкін. Демек, мәселенің барлығы қай жағынан қарасақ та қаражатқа келіп тірелуде. Алайда ұлт денсаулығы үшін бұл мәселені шешуге болар еді. Бюджетке ауыртпалық түскенімен онсызда экологияның «қызыл алаңында» өмір сүріп жүрген халыққа қосымша көмек болар еді. Десе де бұл мәселенің шикі тұстары көп. Ол контейнерлерді қойған күннің өзінде тұрғындардың басым көпшілігі үйінің маңына жолатқысы келмей, ары сілтейтіні ешкімге жасырын емес. Не болса да қоқыс мәселесі қаламыздағы мығым түйінделген мәселе болып тұр.
Сонымен қатар, «Қызылорда тазалығы» ЖШС бүгінде қалдықтарды сұрыптау кешеніне айына санитарлық тазалық бойынша 8500 м3, коммерциялық нысандар бойынша 9000 м3 қоқыс шығаруда. Тұрғанды қирататын тұрғындар да мекеменің жұмысына біршама кедергісін келтіріп отыр екен. Қоқыс контейнерлерін бұзып сындыру деректері көп тірекелуде. Бұзылған контейнерлерді өздері дәнекерлеп, қайта пайдаланып, әрекет етіп жүрген көрінеді. Ендігі таңда аялдамаларды жуумен айналысу басталатын болады. Қала көшелеріндегі жууды талап ететін орындарды айнадай қылатын арнайы техникалары да бар. Бұл жағынан мекеменің ұпайы түгел.
Ендігі мекеменің басты мәселесі қоқыс қалдықтарынан арылу болып отыр. Заң бойынша әр үйге контейнер орнатылуы керек екенін жоғарыда айтып кеттік. Алайда бұл тұрғындарға тиімсіз болғандықтан келіспейтіндер саны көп екенін де айттық. Осы тұрғыда, адам заңға емес, заң адамға қызмет қылу керектігін ескерсек, бұл мәселені қара халықтың ыңғайына келтіру керек. Бір қызығы, бөлім басшысының айтуынша, қазіргі таңда адам басына 506 теңгеден тариф бар. Қаланың әр тұрғыны контейнер орнатпаса да, ол ақша басына қарыз болып іліне беретін көрінеді. Бұл – міндетті төлем. Олай болса, көше беттеріне тұрғындардың келісімімен тегін контейнерлер орнатып, ай сайын адам басына қойылған тарифпен көше тазалығын еш мәселесіз һәм бюджетке аса қатты ауыртпашылық түсірмей-ақ тазартуға болады деген сөз. Десе де басшылар мен тұрғындардың өзара қырқысуы токтар емес. Сол үшін де алдағы уақытта қаланың шеткі аудандарындағы тазалық жұмыстарының мәселесін шешуге өзгеше реформа қажет деп есептейміз. Әйтпесе, бұл мәселенің шешімі қиындап кететін түрі бар.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!