Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылорда – аусыл ауруынан таза аймақ

16.07.2024, 8:35 309

HALYQLINE.KZ

Ауыл шаруашылығындағы маңызды саланың бірі – мал шаруашылығы. Бүгінде бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, өнеркәсіпті шикізатпен қамтамасыз етіп отырғаны сөзсіз. Ал малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының қызметі ерекше екені айтпаса да түсінікті. Өткен жылы республика бойынша аса қауіпті жұқпалы 16 ауру түрі бойынша 235 елді мекен қолайсыз ошақ болып тіркелді. Оның ішінде ең көп ауру ошақтары Қостанай, Абай, Ақтөбе, Қарағанды, ШҚО, Жамбыл облыстарында. Бүгінгі таңда республика бойынша 85 ошақ тіркелсе, өңірімізде ауру ошағы тіркелмей, тұрақты жағдай сақталып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында биылғы жылдың I жартыжылдығына қорытынды жасаған облыстық ветеринария басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаев айтты.

– Биылғы жылы, облыс көлемінде аурудың алдын алу, эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруға республикалық бюджет есебінен 7468,5 мың доза ветеринариялық препараттар қаралып отыр. Облысқа бөлінген 3773,6 мың доза ветеринариялық препараттар аудандарға таратылды.

Қазіргі күні, 6 айлық жоспарға сәйкес 3715,7мың доза препарат алдын ала егіліп, іс-шара 100% орындалды, – деді Шахмардан Сұлтанбекұлы.

Биыл ветеринария саласы жетістіктерден кенде қалмады. Атқарылып жатқан жұмыстар жоғары бағаланып, еңбек ескерілді.

– Өңірімізде сапалы жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы арқылы облысымызға аусыл ауруынан таза аймақ мәртебесі берілді. Бұл өңіріміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мол септігін тигізеді.

Облыста соңғы жылдары ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталды, – деді сала басшысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: