HALYQLINE.KZ Әйел – ана отбасы жылуын сақтаушы, тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші. Бүгінде нәзікжандылар ұрпақ тәрбиесімен қатар, кез келген қызмет саласында жемісті еңбек етіп келеді. Әр саланың өзіндік қиындығы мен жауапкершілігі бар. Осындай саланың бірі Қылмыстық-атқару жүйесі саласында әйел азаматшалар ер-азаматтармен иық тіресе қызмет атқарып келеді. Осы орайда біз ҚАЖ саласының қыр-сырымен танысу үшін Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментіндегі жалғыз подполковник әйел Ақерке Темірбекқызымен сұхбаттасқан едік. Әділет подполковнигі Ақерке Темірбекқызы Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде кадр саясаты тобының бас маманы болып қызмет етеді. Ол 1980 жылы 21 қаңтарда Абжалиевтер отбасында дүниеге келген. 1987 жылы №23 орта мектептің табалдырығын аттап, үздік оқушылар қатарында болып, мектепті жақсы көрсеткіштермен тамамдаған.
ҚАЖ саласында 20 жылға жуық қызмет етіп келе жатқан тәжірибелі қызметкер М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті мен Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің заңгер мамандығын оқып, диплом алған. Оқу орнын аяқтап, алғашқы еңбек жолын ЗК-169/5 мекемесінде кеңсе қызметінің инспекторы болып бастаған. Кеңсе қызметкері бола жүріп, шыңдалып, тәжірбие жинап ҚАЖ департаментінде штаб тобының аға инспекторы, екінші арнайы тобының аға инспекторы сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының бас маманы қызметтерін адал атқарған. «2020 жылдың шілде айынан бастап, Департаменттің кадр саясаты тобының бас маманымын, – деп әңгімесін бастады Ақерке Темірбекқызы. «Отбасында 3 ағайындымыз, жалғыз қыз болғандықтан әкеме жақын болдым. Әкем сияқты форма кию менің балалық арманым еді. Менің білім алуыма, тұлға ретінде қалыптасуыма, нысанды киім киіп құқық қорғау саласының қызметкері боламын деген арманына әкем қарсы болмады. Өйткені, әкем де Ішкі істер саласында табан аудармай 30 жыл еліне адал қызмет жасаған. Қыз балаға құқық қорғау саласында жұмыс істеу қанша қиын болса да, ата-анам мені қолдап ақылын айтты. Ол сұхбат барысында еңбек жолындағы қызықты сәттерін де айтып берді. ЗК-169/5 мекемесіне ерікті жалдамалы қызметкер ретінде жұмысқа орналасқан уақыты екен. ҚАЖ саласында ол кезде қыз бала бірен-сараң. Апта сайын жұмысқа тағайындау бұйрығы шыққан сайын, кабинетіме кіріп жылап алатын едім» дейді. Арманы – нысанды киім кию, құқық қорғау саласының қызметкері болу. Өзінің жұмысына тыңғылықтылығы мен жауапкершілігі мол қызметкер екендігін көрсете білді.
Сөйтіп, Акеркенің басты бала арманы орындалып, нысанды киім киіп, ҚАЖ саласының қызметкері болды. Содан бері міне, 20 жылға жуық уақыт өтті. Құқық қорғау саласында ереже, тәртіп бәріне бірдей, ерлер немесе әйелдер деп бөлінбейді. Ол жұмыс барысында жас мамандарға Әдеп кодексінің ережелерін мүлтіксіз сақтауға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте барлық күш-жігерін қолданып, азаматтармен және әріптестерімен сөйлескенде әдептілік және биязылық танытып, адал, әділ болуы және көпшілік мақұлдаған адамгершілік-әдептілік ережелерін сақтауы керекігін айтып отырады. Ерлермен тең дәрежеде қызмет атқарып, қызмет барысында талай жетістіктерге де жетіп үлгерген. Жұмысына деген адалдығы еленіп, ҚР ІІМ-нің Құрмет грамотасымен, ҚАЖ комитетінің, департамент бастығының Грамоталарымен, Алғыс хаттарымен бірнеше мәрте марапатталып, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» төсбелгісімен және «генерал-лейтенант Ш.Қабылбаев» медалімен марапатталды. Бұл – оның қызметіне адалдығы, құқықтық сауаттылығының жоғары екендігінің дәлелі.
Ақерке Темірбекқызы – өмірде де, қызметте де жолы болған жан. Акеркенің жолдасы Нүркен әскери салада қызмет жасап, зейнеткерлікке шыққан. «Қыз өссе – елдің көркі, гүл өссе – жердің көркі» дегендей, қызғалдақтай 3 қызына тәлім-тәрбие беріп отырған өнегелі отбасы. Үлкені Ақнұр 7-сыныпта оқыса, екіншісі Айзере 4-сыныпта, ал кішісі Томирис – балабақшада. Қызметімен қоса отбасының берекесін кіргізіп отырған әділет подполковнигі Ақерке Темірбекқызын 8 наурыз – Халықаралық аналар мерекесімен құттықтап, отбасына бақ-береке, қызметіне табыс тіледік.
Дана ДОСТАНОВА,
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!