Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қысқы демалыс кезіндегі балалар қауіпсіздігі басты назарда

05.01.2026, 17:15 96

Қысқы демалыс – балалар үшін қуанышқа толы кезең. Алайда дәл осы уақытта қауіп-қатер де көбейеді. Мұз қатқан су айдындары, көктайғақ, пиротехникалық бұйымдар мен өрт қаупі ата-аналар мен ересектердің ерекше жауапкершілігін талап етеді. Сондықтан қыс мезгілінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – баршаға ортақ міндет.

Мұздағы қауіпсіздік ережелері

Су айдындарындағы мұз сырттай қатты көрінгенімен, үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Себебі су объектілері біркелкі қатпайды, мұздың қалыңдығы әр жерде әртүрлі болады. Мұздың үстінде ойнау, коньки тебу немесе қысқарту мақсатында жолды мұз арқылы кесіп өту – әсіресе балалар үшін аса қауіпті.

Қауіпсіз мұз мөлдір болуы және қалыңдығы кемінде 10–12 сантиметрден төмен болмауы керек. Ал сүтті ақ түсті мұз мөлдір мұзға қарағанда екі есе әлсіз келеді. Ең қауіптісі – қардың қатып қалуынан пайда болатын, сырт көзге байқалмайтын жұқа мұз қабаты.

Егер адам жұқа мұзға түсіп, мұз жарыла бастаса, ең бастысы – сабыр сақтау. Дүрбелеңге түспей, мұзға жата қалып, қауіпсіз бағытқа қарай жорғалап немесе аяқты көтермей, ақырын артқа қарай жылжу қажет. Мұздың үстімен секіруге немесе жүгіруге қатаң тыйым салынады.

Пиротехникамен жұмыс істеу кезіндегі қауіпсіздік

Жаңа жыл мерекесі отшашулар мен түрлі пиротехникалық бұйымдарсыз елестетілмейді. Алайда пиротехника – жоғары қауіпті зат. Оны бақылаусыз сату және қауіпсіздік талаптарын сақтамай пайдалану өртке, жарақатқа, тіпті адам өліміне әкелуі мүмкін. Әсіресе, мұндай оқиғалардың құрбаны көбіне балалар мен жасөспірімдер болып жатады.

Пиротехникалық өнімдерді тек нұсқаулығымен толық танысқаннан кейін ғана қолдану қажет. Егер отшашуға арналған ашық әрі қауіпсіз алаң болмаса, жоғары қарай ұшатын бұйымдарды пайдаланудан бас тартқан жөн. Мұндай өнімдерді тұрғын үйлердің, ғимараттардың, балкондар мен шатырлардың маңында қолдануға қатаң тыйым салынады.

Балалардың пиротехникалық бұйымдарды ересектердің қатысуынсыз пайдалануы – аса қауіпті және қатаң түрде шектелуі тиіс.

Ата-аналарға арналған негізгі ескертулер

Балалардың рұқсат етілмеген, мұзы жұқа су айдындарында болуына жол бермеу қажет. Көктайғақ кезінде жолдан өту ережелерін түсіндіріп, балалардың көпшілік орындарда үнемі ересектердің бақылауында болуын қамтамасыз ету маңызды.

Сондай-ақ балаңызбен үйге қайту уақыты мен байланыс тәсілдері туралы алдын ала келісіп алу қажет. Үй жағдайында от пен электр құрылғыларын, соның ішінде жаңа жылдық гирляндалар, шамдар мен бенгал оттарын пайдалану ережелерін түсіндіру де аса маңызды. Сіріңке мен оттықтарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау – өрт қауіпсіздігінің басты талаптарының бірі.

Балалардың эмоционалды қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы тиіс

Қысқы демалыс – баланың тек демалатын емес, отбасымен қарым-қатынасты нығайтатын, шығармашылық пен қызығушылықтарын дамытатын кезеңі. Балалардың бос уақытын қалай өткізетініне көңіл бөліп, олардың эмоционалды және психологиялық жай-күйіне мән беру қажет.

Балалардың қауіпсіздігі – тек ата-ананың емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Қауіпсіз орта қалыптастыру арқылы ғана біз балаларымызға алаңсыз әрі жарқын демалыс сыйлай аламыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: