Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылысы қарқын алған қос қанатты қала

28.09.2021, 11:45 287

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қала әкімі Ғанибек Қазантаевпен бірге құрылысы қарқын алған, қос қанатты қаланың қыз-қыз қайнаған тіршілігімен танысты. Қос әкім Сыр жұртына әлі берер сыйы көп сол жағалауға барып, құрылыс барысын бағамдап, абаттандыру жұмыстарын көрді. Сол жағалаудан 50 пәтерлік көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы басталған болатын. Апатты деп танылған үйдің тұрғындары үшін бой көтеріп жатқан үйдің салыну барысын бақылап, мердігер компания басшысына құрылыс жұмыстарын уақытылы әрі сапалы түрде аяқтауды тапсырды.

Мұнан кейін аймақ басшысы №4 кварталды жалғайтын магистральды жылу желілерінің және сол жағалауды аяқ сумен қамтамасыз ететін су бұрғылау ұңғымасының жобасымен танысты. Сырдария өзенінің сол жағалауын аяқ сумен қамтамасыз ететін су бұрғылау ұңғымаларының құрылысы жүргізудегі мақсат – инженерлік іздестіру жұмыстары. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы аяқталып, жеңімпаз мердігер мекеме анықталуда. Сонымен қатар, №4 тұрғын кварталындағы абаттандыру жұмыстарын көрді. Жобаны жүзеге асыруға жауапты мердігерге абаттандыру ісін желтоқсан айында аяқтауды жөнінде тапсырма берді.

Нысандардағы жұмысты саралаған облыс әкімі алдағы жылу маусымына дайындық барысын пысықтап, аяқ су мәселесі бойынша жұмыстарды жеделдетуді жүктеді. Сондай-ақ, абаттандыруды сапалы жүргізу қажет екенін баса айтты.

Сол жағалаудан соң қос әкім шаһардың шығыс беткейіндегі Белкөл кентіне барды. Қос басшыны күтіп алған кент әкімі Ардақ Ибраимов аймақ басшысына елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын таныстырды.
Кентте биыл мемлекеттік бағдарламалар арқылы 9 жоба қаржыландырылған. Елді мекенде жыл басынан бері 24 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, олардың жалпы саны 235-ке жеттіпті. Кент тұрғындарының басым бөлігі қалаға қатынап жұмыс істейді. Осы ретте облыс әкімі елді мекеннің жол-инфрақұрылымдық дамуына айрықша назар аударуды тапсырды.

Аймақ басшысы жаңадан салынған қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау кешеніндегі жағдайын көрді. Полигон Белкөл кентінен 7,5 шақырым қашықтықта, экологиялық-санитарлық талаптарға сәйкес қалдықтардың өңдеу үлесін арттыру бағытында салынған. Өткен жылы пайдалануға берілген нысан күніне 16-17 тонна, жылына 60 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптап, өңдеуге қауқарлы. Қазір кешенде 40-ға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Ауданы 20 гектар қоқыстарды сұрыптау кешенімен және жарамсыз қоқыстарды көму алаңдарымен қамтамасыз етілген полигонға орташа есеппен күніне 110 тонна көлемінде қаладан жиналған тұрмыстық қалдықтар қабылдайды. Осы қалдықтарға сұрыптау және көму жұмыстары жүргізіледі. 2020 жылы Қызылорда қаласы бойынша жиналған 27 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 21,8 пайызына сұрыптау және өңдеу жұмыстары жүргізіліп, 115 тонна сұрыпталған шикізат өнімдері (пластмасса, шыны, қағаз) қайталама пайдалану үшін мүдделі кәсіпкерлерге жөнелтілген.

Е.ЕРБОЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: