HALYQLINE.KZ Қызылорда облысында 2022 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 116,6 пайызға, ал тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 103,3 пайызға өсті. Сәйкесінше, аймақта 115 нысанның құрылысы жүргізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 24,2 млрд. теңге бөлінген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев мәлімдеді.
Брифингте сала басшысы 2023 жылы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен 44,5 млрд теңге бөлінгенін айтты. Бұл қаржыға 135 нысанның құрылысы жүргізілетін болады.
– Биыл құрылыс жұмыстарының көлемі ауқымды болып отыр. Тұрғын үй құрылысы бойынша мемлекеттік бюджеттен 2,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Ол қаржыға 23 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілетін болады. Мұнан өзге, қаламыздың сол жағалауындағы көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы алуға өтінім әзірленуде. Сонымен қатар, бюджет есебінен алғаш рет Сырдария өзенінің сол жағалауында 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үй құрылысын салу жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша бюджеттен 46 жобаны іске асыруға қаржы бөлінді, – деді Ерлан Кәрімбекұлы.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!