Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрылыс қарқын алды

17.01.2023, 11:50 309

Жылдың аяғына дейін өңірімізде бірқатар жаңа нысан бой көтеріп, ашылуы салтанатты түрде өткізілетін болады. Нақтылай кетсек, аймақ басшысының тапсырмасы негізінде құрылысы өткен жылы бастау алған «Неке сарайы» мен «Өнер мектебі» және жергілікті кәсіпкердің қолдауымен салынып жатқан «Аналарға тағзым» орталығы, сол жағалаудағы қан орталығы мен көпқабатты тұрғын үйлердің қарқынды құрылысын көзбен көріп, ондағы жұмыс барысымен танысып келдік. Жаңа құрылыс нысандарын облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов пен шаһар басшысы Асылбек Шаменов бірге аралап, жауапты тұлғалар мен мердігерлермен тілдесті.

Алғашқы нысан «Неке сарайынан» бастау алды. 2022 жылдың қыркүйек айында құрылысы басталған «Неке сарайы» ғимаратының сыйымдылығы – 110 орындық, 2 қабатты. Сондай-ақ, осы жылдың қыркүйек айында салынып бітіп, пайдалануға берілуі керек. Жоба-сметалық құны 1,63 млрд теңгені құрайтын сарайдың бой көтеруіне бас мердігер «Авангард ПГС» ЖШС мен бас жобалаушы «Крез-Сервис» ЖШС-нің және техникалық қадағалаушы «Бестау-С» ЖШС қысқы аязға да қарамай нәтижелі құрылысты өз деңгейінде жүргізіп келеді. Сонымен қатар, бас мердігердің айтуынша, жүктелген ғимарат өз уақытында дайындалып, тапсырылатын болады.

Жаңа нысандардың қолға алынуы облысымыздың көркеюіне бірден-бір септігін тигізетіні белгілі. Әсіресе, «Өнер орталығының» іске қосылуы аймақ тұрғындарын қуанышқа бөлейтіні анық. Келесі нысан «Өнер орталығының» құрылыс жұмысымен танысумен жалғасты. Құрылысы 3,72 млрд теңгені құрайтын «Өнер орталығы» да екі қабатты, 1000 адамға арналған орындық әзірленеді.

2022 жылдың қыркүйек айынан бастап құрылысты бастадық және 2023 жылдың аяғына дейін аяқталатын болады. Құрылыста 60 адам жұмыс істеп жатыр. Бұған дейін де сапалы ғимараттарды салып, өз уақытында құрылысты аяқтап, тапсырып келеміз. Сондықтан, жылдың аяғына дейін үлгеретінімізге сенімдіміз. Бірақ, бұндай үлкен ғимаратты ең алғаш салып жатырмыз. Алайда бүгінде құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Жуырда екінші кезеңнің қаржысы аударылса, жұмыс қайта жанданады деді «СМП-Қызылорда» ЖШС-нің директоры Темірхан Әлімқұлов.

Жұмыстың жай-жапсарымен танысқан Нұрымбет Аманұлы нысанның сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажеттігін тілге тиек етіп, қаржыға қатысты ешқандай мәселе туындамайтынын жеткізді.

Сондай-ақ, кәсіпкерлерді қолдау ел игілігіне де, үкімет пайдасына да жарап жатыр. Жергілікті кәсіпкердің қолдауымен аймағымызда дара тұлғалар аналарға арналған орталықтың құрылысы жүзеге асып, бүгінгі жылдың жақсы жаңалықтарының біріне айналды. Бұл орталықтың бой көтеруінің үлкен символикалық мәні бар екенін айта кеткен жөн. Құны 1,5 млрд теңгені құрайтын заманауи үлгідегі орталық өңіріміздің қыз-келіншектерін, жас отбасыларға, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеп, әдеп-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғыртуға мол мүмкіндік бермек. Қоғамның игілігіне қызмет етуді басты қағида еткен туған жерге жанашыр азамат, белгілі кәсіпкер Марат Базарбайұлы өңірімізде «Анаға тағзым» орталығын салуға ниет білдірді. Айта кету керек, Марат Дүйсенбаев өткен жылы елорда төрінде Мемлекет басшысының қолынан «Парасат» орденін алды. Ол туған елге «100 игілікті іс» жоспары негізінде 100 отбасының баспаналы болуына қуаныш сыйлап, әртүрлі жетістіктерге жеткен және әлеуметтік аз қамтылған азаматтарға 100 автокөлік тарту етсе, 100 жастың отбасы құруына қаржылай қолдау көрсеткен. Меценат Марат Дүйсенбаев – 30 жыл ішінде 12 млрд теңге қаржыны өңірдің игілікті ісіне арнаған жомарт жан.

Жаңа нысанда қыз-келіншектердің сәні мен сымбатты жүруіне арналған арнайы бөлмелер, тұрмыстық жағдай және қонақ күту кабинеті, аруларға жан-жақты психологиялық көмектер беретін кабинеттер болады. Сондай-ақ, шығармашыл жандарға бағытталған әдебиет және поэзия, дизайн студиясы мен би орталығы және жас отбасыларға қызмет көрсету бөлмелері болады. Осындай ел мүддесіне жарайтын істің бастаушысы, қолдаушысы кәсіпкер Марат Дүйсенбаевқа ерекше алғысымызды білдіреміз, – деді шаһар басшысы А.Шаменов.

Соңғы жылдары Сыр өңірінде медициналық нысандар құрылысы ерекше қарқын алып келеді. Соның бірі – қаланың сол жағалауында орналасқан «Қан орталығы». Жобалық құны – 2,7 млрд теңге. Жылына 5000-10000 адамды қабылдауға қауқарлы үш қабатты нысанның жұмыстары қарқынды жүруде. Бас мердігер – «СК Дәнекер» ЖШС. Жұмыс барысын көрген қала әкімі Асылбек Шәменов мердігер мекеме басшысына болашақ Сыр медицинасына елеулі үлес қосатын нысанның құрылысын сапалы әрі уақытылы тапсыру керегін айтып өтті. Сондай-ақ, сала басшыларына жасалған жұмысты жіті қадағалауда ұстауды тапсырды. Құрылыс барысы бірқалыпты жүргізіліп келеді. «Осы қарқынмен жыл аяқталғанға дейін үлгереміз» деді құрылыс басшысы.

Мұнан соң Нұрымбет Сақтағанов пен Асылбек Шаменов қаланың сол жағалауында тұрғын үйлер салынып жатқан №2 шағын ауданда болды. Мұнда жалпы саны 470 пәтерлі ипотекалық 10 тұрғын үйді салумен «Дәнекер» ЖШС, «Асар» ЖШС, «Аман-құрылыс» ЖШС, «Ареон» ЖШС, «Авангард-ПГС» ЖШС, «Астана-Сервис» ЖШС және «Абу-Сер» ЖШС сияқты ірі мердігер мекемелер айналысуда. Құны 8,5 млрд теңге болатын құрылыс нысандары биыл пайдалануға берілмек.

Қызылорда – облыс орталығы. Сондықтан қаланың келбетіне әрбіріміз жауаптымыз. Құрылысты  бәсеңдетпей, сапалы салуды тапсырамыз. Қалада сәулетті нысандар санын арттыру мен тұрғындар қажеттілігіне сай мүмкіндіктерді қарастыру жоспар бойынша жүргізіледі, –  деді облыс әкімінің орынбасары.

Иә, жаңа нысандардың салынуы облыстың жандануына айрықша үлес қосып, көптеген жұмыссыз жандардың жұмыспен қамтылуына үлкен септігін тигізетіні қуантады. Бой көтеріп жатқан нысандардың сапалы әрі уақытылы пайдалануға берілуі ғана қалды. Ендігі уақытта күтетініміз де – осы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: