Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрмет көрсетті

01.03.2025, 11:57 42

Көктемнің алғашқы күні ыстық ықыласқа толы ризашылық сезіммен бастау алды. Алғыс айту және қасиетті Рамазан айының рәуішімен шаһар басшысы Нұржан Ахатов, қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев және қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкизат Төребаев жасы жүзге таяған ардагерлерге сәлем берді. «Ар ма!» деген дәтке қуат демекші, қала әкімінің өзі келіп, жылы сөзімен демеп, ізгі тілегімен ізет көрсеткеніне қарттарымыз батасын арнады.

Нұржан Сәбитұлы алдымен Тасбөгет кентінің байырғы тұрғыны, медицина саласының ардагері – Байсерке Райымқұловтың шаңырағында болды. Ақсақалдың иығына шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Байсерке ақсақал 92 жаста. Ол – Тартоғай ауылында бас дәрігер, Сырдария ауданының бас терапевті болған білікті дәрігердің бірегейі. Халық денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек еткен ардақты ата.

Мұнан кейін шаһар басшысы тыл ардагері, 96 жастағы Патымаш Әбдіреваны құттықтады. Қала әкімі қиын-қыстау заманда қайсар мінез танытып, ел еңсесін көтеруге атсалысқаны үшін кейуанаға алғысын айтты. Гүл шоғын ұсынып, иығына қамзол, басына ақ орамал жапты. Ақжаулықты әже ақ тілегін жеткізді. Бүгінде Патымаш ана 9 ұл-қыз өсіріп, олардан 33 немере,14 шөбере сүйіп отыр.

Келесі аялдаған шаңырақ – білім саласының ардагері Марк Подольскийдің отбасы. Ұлағатты ұстаз ұзақ жылғы еңбегіне лайық – Қызылорда облысының «Құрметті азаматы» және Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері атағының иегері. Қаланың қадірлі қариясы.
Нұржан Сәбитұлы ұстазға ұзақ ғұмыр тіледі, атаулы күнге сай сый-сияпат жасады. Өз кезегінде Марк Захарович мерекемен құттықтап, мерейін тасытқан ел азаматтарына ықыласын білдірді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: