Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Құрбан айт 9 шілдеде басталады

07.07.2022, 12:45 457

HALYQLINE.KZ Биыл құрбан айт мерекесі 9-11 шілде аралығында атап өтіледі. Осы ретте облыстағы аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж отбасыларға тегін құрбан етін үлестіру мақсатында арнайы тізім жасақталды. Құрбандық шалу рәсімі офлайн және онлайн форматта жүзеге асады. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова мәлімдеді.

– Барша мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесімен баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Құрбан айт мерекесі қарсаңында жергілікті атқарушы органдар тарапынан дайындықтар басталды. Бұл бағытта облыс әкімінің орынбасарымен іс-шаралар жоспары бекітілді. Биыл құрбан шалу рәсімі оффлайн және онлайн форматта өтеді. Онлайн форматта жүргізу үшін ҚМДБ-ның qurban2022.kz сайты іске қосылды. Осы арқылы құрбандық шалу малына тапсырыс беру және мұқтаж жандар құрбандық етін алу үшін осы сайтқа өтініш бере алады. Айт күндері мал бағасын шарықтатпауға және азық-түлік бағасын көтермеуге тиісті мемлекеттік органдарға тапсырмалар берілді, – деді облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Жомартқызы.

Құрбан айт мерекесінде қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында мешіттер мен белгіленген құрбан шалу орындарында құқық қорғау қызметкерлері рейд жұмыстарын жүргізеді. Жалпы бекітілмеген орындарда оның ішінде мешіттердің аумағында мал шалуға тыйым салынады.

– Құрбан айт күндері мұсылмандар үшін ең жақсы амал – құрбан шалу болып табылады. Облыс бойынша барлық мешіттерде таңғы 06.00-де айт намазы оқылады. Одан кейін құрбан шалу рәсімі басталады. Мұқтаж жандарға теңдей мал етін үлестіру үшін «Бақытты отбасы» орталығы арқылы тізім жасақталатын болады. Жалпы қала бойынша 2000-нан астам отбасының тізімі дайындалды, – деді ҚМДБ-ның облыс бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Болатбек Әбуов.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: