Қостанай облысында күннің жылынуына байланысты еріген қар суы бірнеше елді мекендегі жолдарды басып, кей аумақтарға жайылды. Соның бірі – облыс орталығына жақын орналасқан Мичурино ауылы.
Тұрғындардың айтуынша, ауыл ішіне қар суы кеше кешкісін небәрі жарты сағаттың ішінде кіріп, бірнеше көшені басып қалған. Даладан келген су Астана және Восточный шағын аудандары бағытына қарай аққан.
Оқиға орнына төтенше жағдай қызметінің мамандары, жергілікті әкімдік өкілдері мен полиция қызметкерлері жедел жеткен. Тұрғын үйлерге су кіргізбеу үшін тас жолдар жырылып, қорғаныс шаралары қолға алынған. Қазір арнайы техникалар су сору жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Мамандардың мәліметінше, қазіргі таңда тұрғын үйлерге тікелей қауіп төніп тұрған жоқ.
Бұдан бөлек, Денисов ауданындағы Набережное ауылынан 4 шақырым қашықтықта Аршалы мен Набережное елді мекендерінің арасындағы жергілікті маңызы бар автожолды да су басқан. Алайда мамандар бұл аумақта елді мекендерге қауіп жоқ екенін айтады. Балама жолдың болуы көлік қатынасының үзілмеуіне мүмкіндік берген.
Ал облыстық маңызы бар Арқалық–Торғай бағытындағы жолда су жайылуына байланысты қозғалысқа шектеу қойылды.
Жауапты мамандардың айтуынша, облыс аумағындағы ахуал толық бақылауда. Қазір су басу қаупі бар аумақтарда тиісті жұмыстар үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Фото: Видеодан скрин
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!