HALYQLINE.KZ Jusan Bank пен АТФБанктің акционерлерінің бірлескен жалпы жиналысында АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуы туралы шешім қабылданды.
Қосылу нәтижесінде Jusan Bank активтері мен капитал көлемі бойынша Қазақстанның ең ірі банктерінің үштігіне кіретін болады. Екі банк біріктірілген соң Jusan Bank активтерінің көлемі шамамен 3 трлн теңгені құрайды.
«Біз қаржылық позициялары берік және цифрлық сервистері аса ыңғайлы сенімді әрі заманауи банк құрып жатырмыз. Клиенттік базаларды біріктірудің және алдыңғы қатарлы заманауи технологияларды енгізудің арқасында біз нарықтағы өз үлесіміздің одан әрі қарқынды өсетініне сенімдіміз», – деп атап өтті Jusan Bank директорлар кеңесінің төрағасы Шигео Катсу.
Jusan Bank ел бойынша 1,1 мың бірліктен асатын ең ірі банкоматтар желісін және 180-нен астам бөлімшені қамтымақ. АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
«Біз жеке тұлға клиенттер, сондай-ақ шағын және орта бизнес үшін банктік өнімдерді дамытудамыз. Барлық клиенттерге кредит беру, тауарларды бөліп төлеумен сатып алу, сондай-ақ қаражат жинау және өз жинақ қаражатын инвестициялау бойынша бірегей өнімдер ұсынылатын болады. Біздің сервисіміздің ерекшелігі – барлық өнімдерді мобильді және интернет арналары арқылы онлайн алу.
АТФБанктің барлық клиенттеріне «қош келдіңіздер» дегіміз келеді және олар Jusan цифрлық экожүйесінің барлық артықшылықтарына өзінің жоғары бағасын береді деген сенімдеміз», – деді Jusan Bank басқарма төрағасы Айбек Қайып.
АТФБанктің Jusan Bank-ке қосылуына рұқсат алу туралы барлық тиісті құжаттар заңнамада белгіленген мерзімде ҚР Қаржы нарықтарын реттеу және дамыту агенттігіне жіберіледі.
«Біз алдағы бірігу процесстерінің әрбір клиентіміз үшін барынша жайлы өтуі үшін бар күшімізді саламыз. Екі банктің бірігуі барысында АТФБанктің барлық бөлімшелері мен сервистері Jusan Bank-ке қызмет көрсетуге толық көшкенге дейін қалыпты режимде жұмысын жалғастыратын болады», – деп атап өтті АТФБанк басқарма төрағасы Галия Маханова.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!