Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне – 85 жыл

05.12.2022, 16:30 1097

 HALYQLINE.KZ Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығына орай «Ұлттық руханияттың ұлы ордасы» атты салтанатты жиын өтті. Жиынға ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Қызылорда облысының әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов, ЖОО-ның басшылары, қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты іс-шарада ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің 85 жылдығымен құттықтап, оқу орны еліміздегі білім саласының дамуына елеулі үлес қосқанын жеткізді.

– Оқу орны білім, ғылым ордасы ғана емес, Сыр өңіріндегі рухани-мәдени орталыққа айналды, мамандар даярлауда өзіндік қолтаңбасы айқындала түсті. Бұл, әрине, оның нығаюына және одан әрі дамуына ықпал етті.

Бүгінде университетте 9 мыңдай білім алушы, мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 500-ге жуық профессор-оқытушы бар. Биыл 769 ЖОО кірген «QS Asia University Rankings – 2023» рейтингісінің нәтижесі бойынша Азияның ТОП 551-600 ЖОО-ның қатарына университеттің енуін – үлкен жетістік деп санаймыз.

Сеул ұлттық ғылым және технологиялар университетінің IT саласында жоғары мектебі құрылғалы отыр. Бұл жоба еліміздің экономикалық және цифрлық дамуына үлкен септігін тигізбек. Сонымен қатар, университет академиялық артықшылықтар орталықтары ашылатын 20 өңірлік ЖОО-ң қатарына кірді, – деді министр Саясат Нұрбек.

Ал облыс әкімінің орынбасары Сақтаған Нұрымбетов батыл бастамалар, тың ізденістер мен кәсіби жетістіктердің арқасында университет отандық жетекші жоғары оқу орындарының арасында лайықты  орын алып отырғанына тоқталды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің басқарма төрағасы – ректоры Бейбіткүл Кәрімова бірегей білім ордасы осы кезге дейін мыңдаған шәкірттің жарқын болашағына жолдама бергенін атап өтті.

– Бүгінде  университетіміз ғылыми зерттеулермен белсенді айналысатын, алдыңғы қатарлы білім беру технологияларын меңгеретін, жаңа идеяларды қалыптастыратын бастамашыл, креативті азаматтар үшін тартымды жұмыс орнына айналуда. Профессор-оқытушылар құрамында 20 халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі бар. Ел Президентінің «Болашақ» бағдарламасы бойынша 7 ғалымымыз АҚШ, Германия, РФ, Белоруссия елдерінің жетекші ғылыми орталықтарында 12 айға дейінгі тағылымдамадан өтуде.

Кадрларды даярлау 5 институт базасында 115 білім беру бағдарламасы (66 бакалавриат, 36 магистратура, 13 докторантура) бойынша жүзеге асырылады. Білім алушылар контингентін қалыптастыру бойынша жүйелі жұмыс нәтижесінде: жалпы контингент 9014 адамға жетті.

Әрбір жоғары оқу орны қызметінің басты көрсеткіші – даярлаған кадрлары десек, құрылғалы бері қоғам мүддесі үшін 80 мыңға жуық кәсіби маман даярланыпты. Өңір экономикасы салаларындағы мамандардың 80 пайызға жуығы университетіміздің түлектері. Олар қай жұмыста болмасын өз ісінің шебері атанып, өз университетінің дәрежесін көтеріп жүр, – деді Бейбіткүл Сәрсемханқызы.

 «Қасиет құндақтаған қара шаңырақ» атты білім ордасының 85 жылдық тарихын баяндайтын бейнероликтен басталған салтанатты жиын «Таным тұмары» атты хореографиялық театрландырылған қойылымға ұласты. Шарада ұлағатты ұстаздар мен ғалымдарға құрмет көрсетіліп, оқу орнының тәуелсіздік жылдарындағы жетістігі баяндалды.

Жиында бірқатар профессор-оқытушылар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің «Құрмет Грамотасы» және Алғыс хаттарымен, Қызылорда облысы әкімінің Құрмет грамотасымен, ҚР ЖОО қауымдастығының «Ахмет Байтұрсынов атындағы Орденімен», Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін белгісі», «Құрмет грамотасымен»  марапатталды.

Ал, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұрат Бақтиярұлына, Екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Садановқа,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Бағдат Кәрібозұлына  «Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің Құрметті профессоры» атағы табысталды.

Айта кету керек, білім ордасының мерейтойы аясында осы кезге дейін І Түлектер форумы, «Ардагерлерді ардақтайық», «Мамандығым – болашағым» атты І облыстық форумдар, «Қазіргі заманғы математика: проблемалары және қолданыстары» атты III халықаралық «Тайманов оқулары» өтті.

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, профессор, педагогика ғылымдарының кандидаты Күлбарам Сәдуақасқызы атындағы химиялық білім беру ғылыми-әдістемелік орталығы,  екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, биология ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Саданов атындағы микробиологиялық ғылыми зерттеу орталығы ашылды.

Сондай-ақ, «Жоғары білімге қол жетімділікті кеңейту: болашағы мен мүмкіндіктері», «Өңірлік университеттер – 2032: адами капитал және ғылым» атты форсайт-сессиялары өтті.

Мерейтойға орай «Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті: дамудың жаңа кезеңінде» және «Қалдырған ізің мәңгілік…» кітаптары жарық көрді. «Университет ақпарат айдынында», «Біздің түлектер» атты электронды кітаптар университеттің ресми сайтында жарияланды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: