Мұндай да болған
Қорқыныш – бір нәрседен жүрексініп сескенгенде, шошынғанда пайда болатын сезім, қауіп-қатер, үрей. Бұл көбіне-көп балаларға тән.
Егер қауіп негізі анық емес, не ұғынылмаған болса, ондай күй алаңдау деп аталады. Бұл да – қорқыныштың бір түрі. Ол көбіне-көп ақыл тоқтатқан ересектерде байқалады.
Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары, дәлірек айтсам, 1995-1996 жыл шамасы. Ел еңсесін әлі де көтере алмай жатқан шақ. Зат жетіспеушілігі, қаражат тапшылығы жан-жақтан қысып-ақ тұр. Ала дорба арқалаған қарапайым халық та, мұғалімдер де жүдеу. Соған қарамастан, қолда бар мүмкіндіктерін сарқа пайдаланып, алда келе жатқан «Жаңа жыл» мерекесіне жаппай қызу дайындалуда.
Жұрттан қалмай, үш-төрттердегі қызым Нұргүл де мектепте өтетін «Жаңа жыл» мерекесіне дайындала бастады. Қызымның қарекетіне қатты қуандым.
– Жаттап алған өлеңіңді Аяз атаға айтып бер. Сыйлық береді, – дедім шаттана.
Межелі уақыт келгенде, жаңа жылдық шыршаға бардық. Мектеп іші ығы-жығы, бала-шаға. Бәрі мәз-мейрам. Би билейді, тақпақ айтады, өлең оқиды. Бір қызығы, балалар ортадағы Аяз атаға қарамауға тырысады. Қызым да тақпақ айтып, сыйлық алудан гөрі, арт жағыма тығылуды жөн санайтын секілді.
«Бұларға не болды екен?!» – деп Аяз атаның бет-аузына қарап едім, жүрегім зу ете қалды. Мына Аяз атаның сүдінінен балалар түгілі, ересек адамның да тіке қарауға дәті шыдамас.
Қатырма қағаздан екі көзін ойып, бетін ақ қағазбен қаптаған Аяз ата маскасының репеті тап бір Мысыр перғауындарының мумиясы іспетті, зәре-құтыңды қашырады екен. Ол аз десеңіз, үстіндегі қырық жамау көне қызыл шапаны құдды қорқау қасқырлардың талауына түскендей қорқынышыңды қоюлата түскендей! Әсіресе, ақ түйенің жүнінен істелген жұлым-жұлым піте жеген сақалын-ай!…
Бәрін айт та, бірін айт, түрінен кісі шошырлық Аяз атаның бейшара күйін, қырық жамау қалтасын, әсіресе, қасындағы көңілсіз, жүдеу әлсін-әлсін жұтынған Ақшақарды көргенде, кәмпиттен күдеріңді үзгендейсің! Сонда да болса, «Үмітсіз – шайтан!» дегендей, қорқыныштан артыма тығылып тұрған қызымның құлағына:
– Тақпағыңды Аяз атаның көзіне тура қарамай айтып көр! Қорықпа! – деп дем беріп үлгердім.
Іштей: «Еліміз бұл жоқшылықтан да, жетіспеушіліктен де, қиындық атаулыдан да құтылар күн туар-ау! Ең бастысы, Ел Тәуелсіздігі қолда ғой! Еліміз тыныш, аспанымыз ашық болса, жұрт тоғайып, әлі талай жөні түзу Ақшақар мен сүйкімді Аяз атаны көріп, қолдарынан тәтті кәмпит, салмақты сыйлық алып, қуанарымыз сөзсіз!» – деген ой санамды болашақтан күдер үздірмеді.
Тақпағын мүдірмей айтып шыққан қызым Аяз атаның жөндеп тамақ ішпей ауық-ауық іші шұрылдай мазасы кетіп, әлсірей шыққан үніне құлақ аспай, түріне тура қарамай, қолынан газетке ораған қомақты сыйлығын алғанда, баладан бұрын мен қатты қатты қуандым. «Газетке оралған қомақты сыйлық, дәу де болса іші толған кәмпит шығар?! Үйге барған соң, сары қатынға шай қойдырып, терлеп-тепшіп ішіп, бір рақаттанатын болдым-ау!» – деп ойлап қоямын.
Қызымды жетектей-метектей, үйге асыға кіріп, газетке ораған қомақты сыйлықты көруге асықтым. Ашып кеп қалдым. Ашып жатырмын. Орамның ішінен бірінен соң бірі умаждалған газет! Таусылар емес! Умаждалған күйі шығып жатыр, шығып жатыр… Шамасы, мұғалімдердің мардымсыз жалақысына қарамастан, күштеп жаздырған газеттері болар.
Ал, кәмпиттің қарасы жуық арада көрінер емес! Тәтті кәмпиттен де, қою шайдан да күдерімді үзе бергенімде, оралған газеттің түбінен бір түйір бірдеңе көрінді. «Ә-ә, бәсе!.. – деймін іштей қуана – Аяз ата сапсиған түйе жүн сақалымен алдай қоймас! Әйтеуір, жаңағы түйірің тақтаға жазар бор емес шығар?!».
Сөйтсем, әлгі бір түйір нәрсе бор да емес, үшке бөлінген Қазалының ащы кәмпиті екен! Бұған да шүкір! Өйткені, өткен ғасырдың 60-жылдары тәттінің жетіспеушілігінен әжеміздің «қонаққа» деп кәделеп сақтап қойған шекер қалтасындағы бір-жар ащы кәмпитінің шетінен тістеуікпен қиқалап сындырып алатын тәжірибеміз бар ғой!
Сол тәжірибемнің арқасында әлгі ащы кәмпитті бала-шағамызбен қылдай бөлісіп, қою шайдан енді ұрттай бергенімде, алтылар шамасындағы үлкен балам үйге ентіге кірді.
– Папа! Папа! Үйге бір топ Аяз аталар келе жатыр! Қолдарында бір-бір сыйлықтары бар!… – деді.
«Апыр-ай!» – деп таңданып үлгере алмадым. Әлгі «Аяз аталар» үйге кіре жығылды. Құрдастарым екен. Жаңа жылды қарсы алу үшін түнімен ішіпті. Бастары мең-зең. Көздері аларып кетіпті. Мұрындары қып-қызыл! Тұп-тура орыстың алқаш Аяз аталары! Тек Ақшақары жоқ! Оның бір жерде құлап қалса да, менен көрме! Қолдарындағы сыйлық емес, бір-бір «самопал»! Ал, керек болса!…
Сөздері де біртүрлі! Анығырақ айтсақ, сөзге түсінбейді. Түсінгісі де келмейді. Осы қылықтары ұлы Абайдың «Масғұт» поэмасындағы жігіт – Масғұттың басынан кешкен оқиғаларды еріксіз еске түсірді.
Қыдыр шалдан бата алған Масғұт халифаға уәзір боп жүргенінде түс көреді. Түсінде Қыдыр шал аян беріпті:
– Ей, балам, пәлен күні жауын жауар,
Сол жауынның астында кесапат бар:
Жеті күн жынды болар суын ішкен,
Жеті күн өткеннен соң және оңалар, – дей келе, әлгі кесапат су тамам суға құйылып, елге кесел әкелер, ертерек таза суды жиып алып, қиын кезеңнен еліңді аман-есен алып шық! – деп жол сілтейді.
Елге хабар беріп, өздері таза су жиып алған хан мен уәзірі межелі уақыт келгенде, жауған кесапатты жауыннан құтылғанмен, «өзі білмей, білгеннің тілін алмаған» көпшілік жауын суынан ішіп, мас болып, естерінен адаса бастайды.
Сөзге тоқтамай, ақылға көнбеген көпшілік, ақыры хан мен уәзірді өлтірмекші болады. Көптің қаһарынан сескенген хан уәзірінен ақыл сұрайды. Сөйтіп, бұлар да көпшіліктің ықпалымен кеселді суды ішіп алып, қатарларына қосылады.
Мен де көптің, яғни құрдастарымның ықпалымен кеселді су ішіп, еріксіз қорқынышты «Аяз атаға» айналып, ұзатпай-ақ көпшіліктің қатарына қосылдым.
Абай атамыз данышпан ғой! «Масғұт» поэмасын:
Құтылар хал болмады мына дудан,
Біз де ішпесек болмайды жынды судан.
Өлтірер өңкей жынды бізді келіп,
Жынды деп, есі дұрыс бізді қуған.
Екеуі жынды судан ішіп салды,
Құтырып көп алдына жетіп барды.
Өңкей жынды, байқамай айтыппыз деп,
Құлдық ұрып, бұларға көп жалбарды.
Сонымен бет-бетімен тарқап кетті,
Әйтеуір, тарқайтұғын уақыт жетті.
Көрдің бе, көп тентектің қылған ісін,
Еріксіз есті екеуін есер етті.
Көптің бәрі осындай, мысал етсең,
Көп айтты деп алданып, уағда күтсең.
Ғапіл боп көп нәрседен бос қаласың,
Аңдамай көп сөзімен жүріп кетсең, – деп қорытынды жасайды.
Сөйтіп, сол жолы ескі кеңестік жүйеден қалған маскүнемдікті місе тұту жолымен «қорқынышты Аяз аталар» қатарына қосылғанмын.
Содан бері талай жыл өтіп, талай жыл келді. «Елу жылда ел жаңа» демекші, елдің еңсесі көтерілді, жаңа дәуір, жаңа талап өмірімізге дендеп енді.
2022 жыл өз ерекшелігімен есте қалса, 2023 жылды қарсы алу да өз ерекшеліктерімен есте қалды. Ауылымызда отшашу болмады. Маскүнемдер де, қорқынышты «Аяз аталар» да көзге көрінбеді. Қазаққа тән «Жаңа жылды» қарсы алу мен мәдениетті қыдырыстардың мерейі үстем болды.
Міне, қазаққа тән жаңа леп! Лайым, «Жаңа жылдарыңыз» ұлттық дәстүрге қарай бұрылып, құтты бола берсін!
Нұрбай Жүсіп,
Арал ауданы,
Қамыстыбас ауылы
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!