Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоңыр тірлік

27.11.2025, 10:00 87

Күзгі қоңыр салқынның арты аязды күндерге ұласқанына біршама уақыт болған. Жұрт қыс­тың қамын ерте ойлап, алдын ала даярлыққа көшкен. Дүркін-дүркін аласапыран боран­ға тап болмау үшін адамдар түрліше қарекет қылады. Төрт түлігін кепеге жайғастырып, жаңа туған төлдерін енесінен айырып, жылы қораға орналастырады. Отын-суын қамдаған ағайын күн райына  өз  білгендерінше  болжам  жасайды.

Қалың киімдерін сандық түбінен шығарып жатқан қарт ана жаздағы егіннен мол өнім түсіп, берекелі болғандығын ой елегінен өткізді. Алдағы қытымыр қыстан қиналмай шығатынына кәміл сенеді. Өйткені үйдегі қожайынның айтысы солай. Жарты ғасырға жуық отасқан қара шалы күні бойы немерелерін ертіп, саятшылық құрады. Бұлардан төрт бала тарап, бүгінде барлығы әр шаңырақтың иесі атанған. Әрқайсысы өз алдына отау құрып, қызметтеріне байланысты орталықта тұрады. Жігіт болған екі немересі қастарында, ата-әжесінің  шаруашылығына  көмектеседі.

Күн ұзаққа дүйім елге хабар таратып тұратын радио құрылғыдан бүгін ауа райының болжамы айтылып жатты. Бұл кез қаңтар айының бел ортасынан ауған шағы еді. Қоңыр дауысты диктор қыз алдағы аптаның аязды болатынын айтуда. Таңғы астарын ішуге кіріскен балалар атасының қас-қабағына қарайлап отыр. Терең  ой  үстінде отырған қария әлденеге маза­сы қашқандай. Оған себеп те жоқ емес. Жастық­қа жантайған Ермекбайдың санасынан орталықпен байланыс үзіліп қалмаса деген жайт шықпай қойды. Бүгін-ертең сойғалы отырған биенің етін сату үшін базарға апару қажет. Әйтсе де, келісіп қойған саудагерлер хабар­ласып, жеделдетуді сұрайды. Бұл да қолда малды ұстағысы келмейді. Дегенмен, күннің күрт суытуымен қатар ілескен қара жел жұмыс  істеу­ге мұрша келтірмей тұр. Бір жағынан қолай­сыз күн райында құр байбалам салудың пайда әкелмесін аңғарады. Неде болса, аяз беті қайтқанын күтіп, байыппен іс-әрекет етуге байлам  жасады.

Жақында жайылымға жіберген сиырын қасқыр тартып, қан жоса қылған. Оны көрген қария адал малының қасқырға жем болғанына өкінді. Қолайы келгенде әлгі көкбөріні «ұстап алсам ба» деген ой маза бермеді. Алғаш осы мекенге буаз сиырын жетектеп, кемпірі екеуі көшкен болатын. Тынымсыз еңбек еткеннің арқасында бүгінгі күнге жетіп отыр. Десе де, кеткен малдың қайыры жоқ дегендей, қалған көзге көрінгендерді аман алып қалу жағын қарастыру керектігін естен шығармады. Мал азығын молынан жиып, жем-шөптерін жеткілікті етіп түсіріп алған. Күн суытпай тұрып, барлық қораның тесік-құтығын бітеп, салқын ауа соқпайтындай қылған. Үй маңынан үлкен алаңқай істеп, мал суғаруға арналған астаулар орнатылды. Мұнда бір мезгіл жамыраған төрт түлік су ішіп, алысқа ұзамайды. Қайта үй егеле­рінің бақылауында болып, қара суықта үй маңынан алыстай қоймайды. Енді буындары қатая бастаған қозы-лақ енелерінен алшақ­тамай әр жерден әлсіз дауыс шығарады. Балалар­дың ермегі атасы атаған төлдерін бағып, өз алдына аяқтандырады. Әжесі қалың күртешелер тоқып, кигізіп қойған. Әлсін-­әлсін әке-шешелеріне барғылары келгенімен, қыс­таудағы жұмыстарын қимайды. Үнемі кемпір «шешелеріңе бала керек болса, өзі туып алсын» деп айтып отырады. Сонда ер жетіп қалған­дары «әже-ау, сенен басқа біздің кіміміз бар?» деп,  жұбатып  қояды.

Бұлар тұратын қыстауда он үйлі жан тіршілік қамын күйттеп отырғалы қашан. Қатар­ласа салған үйлердің мұнда толастамайтын қайнаған өмірдің барын білдіргендей. Әнипа секілді осы шаңырақтарда да тыным таппас бәйбішелер береке «қазанын» тасытып, тірші­лік тінін жалғастырады. Азанымен шелегін ұстаған күйі сиыр сауып, құрт қайнатады. Қыс айындағы ермек кешкі ас-ауқатты ішіп алған соң жүн түтіп, жіп иіруге кіреседі. Пештің түбінде жайғасқан күйі бір уақ тоқымасын тоқи бастайды. Осындай күйбің тірлікпен жағаласа жүріп, көрші әйелдер арқа-жарқа әңгі­ме айтуға да уақыт табады. Шанасын ұстаған кішкентай балақайлары да асыр салып, қыс қызығына тоймайды. Ашық алаңқайлардан мұз айдынын жасап алып, сырғанақ тепкендері әсте жарасымды. Жас шешелері күні бойы тоңып, жаураған балаларын үйге қайтара алмай әлек. Бір-бірімен қар атысып, ойын қызығына берілген олар әрі-бері жұлқыласып, күресе жөнеледі. Қас қарайғанша үй көрмейтін кір қожалақ болған ойынқұмарлар тамақтарын ішкен бойда тәтті ұйқыға кетеді. Осындай ауыл балаларының қызықты шағы еш таусылмайтындай. Қызық қуған балаларға қытымыр қыс­тың қаһары да әсер ете қоймайды. Қарындары ашпаса, тоңғандарын сезбей ойнай береді. Ертеңіне қатты суықтағандары ауырып, келесі күні шықпай қалады. Мұндайда қатарластары үй жағалап, достарын қайта шақырып алады. Өздерінше асыр салып ойна­ғанда жүздерінен бақыттың нышаны байқалады. Әжелерінің етегіне тығылған немерелері аналары үлкен алдында ұрысуға бата алмайтындығын сезіп, қорғаныш іздейді. Ана тәрбиесін бойына құт санаған келіншектер еш уақытта ер-азаматына қабақ шытып, артық сөз айтпайды. Ескінің салтын қатты ұстанған аналарымыз ұрыс-керісі таусылмайтын үйді берекесі қашқан отбасы деп есептейді. Өздері шаршап оралған азаматтарының бабын жасап, ас-ауқатын еш қабақ шытпастан әзірлеп, ата-ененің  де  қас-қабағына  қарап  қояды.

…Ыстық нанды сары майға араластырып, қоржынға айранмен қоса орап салған Әнипа үлкен немересіне «қарындарың ашса, жейсің­дер» деп нықтап тапсырды. Аңшылықты кәсіп қылған Ермекбай шал кәдімгідей ақылы, дене бітімдері толысып, шымырлана бастаған жігіт­терге аң аулаудың қыр-сырын үйретіп қояды. Кейін өмірлік сабақ болар деген оймен ата-бабалары жатқан жерлерді аралап көрсетті. Кейде қос ауызды мылтықтың дауы­сынан үріккен аң-құстар тасаларға жасырынып қала­тыны анық. Мұндайда әккі аңшы айлаға көше­ді, сөйтіп ауылға олжалы қайтуға тырысады. Неге екені белгісіз бүгін Ермекбайдың аңға баруға аяғы тартпаған болатын. Іштей жүрегі бірдеңені сезгендей ме, қалай, әрі-сәрі күйге түсті. Бір сәт, тәуекел етіп жолға шығуға бел буды. «Үйреншікті кәсіп, ауа райы бұзылып жатса, кері қайтармын» деген оймен атқа қонды. Үйден  шығарда басталған жел күшейе бастады. Межелеген жерге таяғанда ақ түтек боран соғып, жол үсті көрінбей қалды. Анау-­мынауға мазасызданбайтын байтал да ауыздықпен арпалысып келеді. Әп-сәтте айнала ақ түтекке айналды. Бес-алты қадамнан әрі ештеңе көзге байқалмайды. Қасындағы серіктері де жақын маңда көрінбейді. Тыпыршыған аңшы аттың жалына жабысты. Талай жылдан бері мұндайды көрмеген ол азарлана айғайлайды. Жауап берген жан баласы жоқ. Қолдары да қолғап ішінен тоңғаны сонша жансызданып барады. Жерге түсіп, атты сүйрелеген қария айналадан бас сауғалайтын орын іздеп әлек. Немерелерінен көз жазып қалғанына өкініп келеді. Олардың қайда екені бір Аллаға аян. Өмірі жамандық аузынан шықпаған Ермекбай қаһарлы қысты балағаттап қояды. Ауа райының бұзылғанын көре-біле тұра жолға шыққанына, тәуекел еткеніне өкініп, өзін жегідей жей түсті. Әбден, әлсіреген сәтте біреулердің қалбаңдаған қарасы көрінгендей болды. Қуан­ғанынан қолдарын ербеңдетіп алға ұмтылды. Әрі қарай не болғаны есінде жоқ. Бағанадан қасарысқан байталды қамшымен салып жібер­ген Мұхтар мен Тоқтар атасын аттарына отырғыз­ып келген ізімен қайтуға асықты. Түн жарымда Әнипа қара шалымен жылап қауышты. Қабат-қабат көрпені үстіне жауып, аяқ-қолын ыстық суға салды. Тұла бойын суық шалған шалына ыстық шай әзірлеген Әнипа әжей арасында өзінен-өзі күбірлеп, «Қартайғанда желігіп, аңға шықаны несі екен? Жылы үйде отырса қайтеді түге, астарынан су шықты ма  екен?»  деп  қояды.

Осылайша  денесін  суық шалып, әбден әлсі­реген аңшы төсек тартып, науқас­танып, ұзақ  жатты.  Кәрі аңшы тек ақпан айы­ның ортасында қалыпқа  келе бастады. Өмірі ауыр­маған қария­ның  ұзақ   жатыстан кейін сауығуы­на кемпірі де жанын салды. Араларындағы сыйлас­тық бұрынғыдан да нығая түсті. Өз-өзіне келгесін шаруа күйттеген қария екі немересін шақырып алып, айдың аяғында сойыл­май қалған биені сатуға бұйыр­ды. Сөйтіп, түскен пайдаға қала­ға барып қайтуды тапсырып, өз бұйымтайын жеткізді. Екі күн өтпей жатып, балалар атасының тілегін орындап, қаладан келді. Кешкілік орталықтан ұлда­ры мен келіндері Әнипаны туған күнімен құттықтай келген. Үлкен қазанда ет асылып, қара-құра көбейген. Дастарқан басында ас ішіліп, тілектер айтылды. Өмірін аман алып алған  кемпіріне қария  ризалығын  айтып,  алтын  жүзікті  сыйға  тартты. Артынша үйге сүйінші­леп  келген  Мұхтар ала сиырдың бұзау­лағанын  айтып, көпшілікті  бір марқайтып   тас­тады.  Осылайша Ермекбай әулетіндегі  қоңыр  тірлік  өз  сүрлеуіне  түсіп  жүре  берді.

Балтабай  ОРДАБЕКОВ,

Сырдария  ауданы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: