Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қонақасы кім үшін, не мақсатпен беріледі?

28.03.2024, 11:00 2434

Жақында Арқада қаза болған адамды жерлеу рәсіміне қатыстым. Сырдың азаматы ретінде талқыға салар ой түйіп, дін мамандарымен тілдестім. Айтпағым, «қонақасының» мәні мен мағынасын дұрыс түсінбей, азалы шаңыраққа жөнсіз салмақ салып жүрміз-ау осы!

Досымның әкесі қайтыс болғаны туралы хабар келді. Рухани демеу болу үшін үйіне бардық. Бірақ таппадық. Мейрамханаға кетіпті. Қонақасын ұйымдастыру шаруасымен. Белгіленген уақытта мейрамханаға барып, көппен бірге аста болдық. Әлі әкесі жер қойынына тапсырылған жоқ. Құран оқылып, дұға бағышталмады. Үстел басында бос ой, даурықпа сөз көп. Кішісі де, үлкені де сақа саясаткер сынды сөз саптайды…

Ертесіне ағамыздың жаназа намазы оқылып, жер қойынына тапсырдық. Тағы да мейрамханада дастарқан жайылып, марқұмның рухына арналып Құран оқылып, дұға бағышталды.

Екі жылқының етін екі асқа арнады. Әкесінен несін аяйды. Жақсы ғой! Бірақ елдің барлығы екі рет ас беруге әлеуметтік жағдайы жете ме? Мәселе осында. Жалпы «қонақасы» деген не, қайдан, қалай келген жоралғы? Діни мән-маңызы бар ма?

Қазақ энциклопедиясында «Қонақасы – қонаққа арналған дәм, мәзір. Дәстүрлі қазақ қоғамында үйге тосын келген немесе арнайы шақырылған қонақтың қадір-құрметіне, жас мөлшері мен туыстық қатынасына қарай сойылған малдың мүшелерінен сыбағалы табақ тартады» деп көрсетілген. Яғни үйге келген қонаққа құрмет көрсету дәстүрі.

Ал азалы үйдегі қонақасының мәні неде? Соның басын ашып алайық. Қайтыс болған адамның ағайын-туысы мен құда-жекжаты жиналып, мәслихат құрып, жерлеу рәсімі мен ас беруді өткізу туралы пікірлесетін. Осы сәтте қонақтарға қазан көтеріліп, ас беріледі. Міне, «қонақасы» дегеніміз нақ осы! Ертеректе атпен бірнеше түндік жерден келген ағайын марқұмның жетісін өткізіп қайтатын. Осы қонақтарға да берілетін асты «қонақасы» дейді.

Бұдан түйетініміз, қазіргі қонақасы өзінің алғашқы функциясын өзгертіп, азалы үйге әлеуметтік тұрғыда салмақ салуға бұрылды. Біз бұл туралы ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақовтан сұрадық.

– Дүние салған кісіге сауабы тисін деген мақсатта берілетін асты «құдайы ас» деп атайды. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі. Мұнымен қоса қазақ халқының дәстүрінде құдайы астың өңірлерге тән садақа, жабдық, береке жинау, хатым өткізу және тағы басқасы қалыптасты.

Дәстүрлі діни жөн-жоралғыларды шариғи һәм ғылыми тұрғыдан саралап жүзеге асыру – уақыт талабы. Қоғамда көрініс тауып отырған, шариғат пен дәстүрге сәйкес келмейтін «жорамалы» басым, пайдасынан зияны көп әдеттердің ел арасында етек жаюы алаңдатады. Діни мәні, рухани мағынасы жоқ «қонақасыны» соған жатқызуға болады, – деді Медет Құрсақов.

Рас, қонақасында марқұмның рухына арналып Құран оқылып, ақыреті үшін пайдасы болмаса, онда бұл жоралғының қажеті неде? Әлде жұрттан ұят боладының кейпі ме?

Ел ағасы, елордалық Құттыбек Әлиев: «Қосшы қаласына асқа бардым. Досымды қатардан таппадым. Сөйтсек, жайылымдағы жылқысын іздеп кетіпті. Күн суық болғандықтан мал ықтап кеткен-ау. Кештетіп келді. Әбден қалжырап, шаршаған. Көңіл айтып, рухани дем беруге тырыстық. Бірақ оның бар ойы даладағы жылқысы болды. Әкесіне арналған асқа жылқыны мүшелеп таратуды уайымдап отырды. Жақынының о дүниелік болғанына іштей қайғырғанмен, осы дүниелік мәселелер алаңдатып, көңіл айтып келушілерге дұрыс мән де бере алмай отырғанын іштей сездім. Сондықтан бүгінде еске алу іс-шараларын шариғат заңдары мен салт-дәстүр бойынша реттеу маңызды» деді.

Дұрыс айтады, шариғатта «жеңілдетіңдер, ауырлатпаңдар, сүйіншілеңдер, қорқытпаңдар!» деген бар. Аста-төк ас беру осы қағидаға қайшы келеді. Әдет-ғұрыптар мен рәсімдер реттелмесе, жыл өткен сайын бұл әлеуметтік қиындық туғызып, қоғамдық тепе-теңдікті бұзуы әбден мүмкін.

Өзбек, дүнген, ұйғыр және тағы басқалары кісісі қаза болғанда үш күнге дейін қазан көтеріп, ас пісірмейді. Ас берген жағдайда ысырапшылдыққа жол бермейді. Қонақасы деген оларда мүлдем жоқ. Сырттан келгендерге көршілері дастарқан жайып, ас-су береді. Ал бізде қаза болған үйдің ауыртпалығын  бөлісудің,  уайымын көтерудің  орнына  оларды әлек-сарсаңға  салып, жылқы  сойғызып, базарға  жүгіртіп  қояды.

5-6 жыл бұрын Түркістан қаласында тұратын досымның анасы қайтыс болды. Қызмет көрсету мақсатында қаралы үйге бардық. Сонда байқағанымыз, марқұмды жерлеп келгеннен кейінгі асқа бір қойдың етін кәдеге жаратып, Құран бағыштады.

Қазір  қонақасын  той дәрежесіне көтеріп, мейрамханада 300-500 адамға дастарқан жайып, аста-төк ас мәзірін ұсынатын болды. Дастарқанда не жоқ дейсіз, етке тойып, қымыз ішіп, алма-өрік жеп, шаймен шөлін қандырады. Сонда  қонақасы  қарын тойдыратын  жоралғыға  айналғаны ма?

– Қайтыс болған кісінің атынан ас беру ислам шариғатында міндетті түрде атқарылуы тиіс парыз амалдарына жатпайды. Атқарылмаған жағдайда, ешбір адам күнә арқаламайды. Алайда жұртқа тамақ таратудың сауапты іс екені Құран аяттарында және хадистерде айтылған. Дінімізде «міндетті түрде қарызданып немесе өзіңе қажетті қаржыңды жұмсап, қайтыс болған кісіге арнап ірі қара мал сойып, садақа бер» деген үкім жоқ. Садақа, құдайы ас берген жағдайда ысырапқа жол бермегені дұрыс, – деді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлы.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер:
  • қазір ертеңіне болатын жиына арнап, бір күн бұрын кеше қонақасы беретін болды. Сол қонақасыға туысқан-жекжатты шақырады.
    1 сұрақ–туысқан-жекжатты шақыру дұрыс па, жоқ па? Қонақасы ол келіп қалған қонақтың асы емеспа.
    2 сұрақ–егер ертенгі жиын азалы жиын болса қонақасы беріле ме, жоқ па?

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: