Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғам сенімін қалыптастыратын көрінбейтін институт

09.02.2026, 19:02 50

Қоғам мен билік арасындағы сенім бір күнде қалыптаспайды және ол тек заңдармен, реформалармен немесе ресми бағдарламалармен өлшенбейді. Бұл сенімнің ең басты өлшемі мемлекеттік қызметкердің күнделікті іс әрекеті, сөзі, азаматпен қарым қатынасы арқылы айқындалады. Қарапайым халық үшін мемлекет абстрактілі құрылым емес, ол – нақты адам, нақты қызметкер, нақты шешім. Сондықтан мемлекеттік қызметшінің мінез құлқы мен әдептілігі жеке тұлғалық қасиет және тұтас мемлекеттік жүйенің беделін айқындайтын маңызды факторға айналады.

Бүгінгі таңда Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесіне қойылатын талап айтарлықтай өзгерді. Ашықтық, есептілік, әділдік, халықпен диалог ұғымдары алдыңғы қатарға шықты. Алайда бұл ұғымдар қағаз жүзінде ғана қалса, қоғамда шынайы өзгеріс болмайды. Олар әрбір мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысында, азаматты қабылдау барысында, өтінішке жауап беру кезінде нақты көрініс табуы тиіс. Себебі, мемлекеттік органның ішіндегі тәртіп пен мәдениет сыртқы қоғаммен қарым қатынастың сапасын анықтайды.

Әдептілік көбіне формалды ереже ретінде қабылданып жатады. Бірақ шын мәнінде әдеп – бұл адамның ішкі мәдениетінің, тәрбиесінің, кәсіби жауапкершілігінің айнасы. Мемлекеттік қызметкер заңды біліп қана қоймай, сол заңды қолдану кезінде адам тағдыры тұрғанын сезіне білуі қажет. Азаматтың мәселесі шешілмеуі мүмкін, алайда оған құрметпен қарау, түсіндіру, сабырмен сөйлесу міндетті. Себебі бір қызметкердің немқұрайлы көзқарасы немесе дөрекі сөзі бүкіл мемлекеттік аппаратқа деген сенімге селкеу түсіреді.

Мемлекеттік қызметшінің бейнесі қоғам санасында мемлекеттің бет бейнесі ретінде қабылданады. Оның сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы, сыртқы келбеті, эмоциясын басқару қабілеті мемлекеттік мәдениеттің көрінісі саналады. Қарапайым азамат үшін әділ мемлекет ұғымы ең алдымен өзімен сөйлескен қызметкердің әділдігі арқылы қалыптасады. Сондықтан билікке деген құрмет жоғары деңгейдегі шешімдерден емес, ең төменгі деңгейдегі қызметкердің азаматпен қарым қатынасынан басталады.

Әділдік қағидаты мемлекеттік қызметтің іргетасы болып саналады. Бірдей жағдайда бір адамға жеңілдік жасап, екінші адамға қатаң талап қою қоғамда әділетсіздік сезімін тудырады. Ал әділетсіздік орын алған жерде сенім жоғалады. Мемлекеттік қызметші шешім қабылдауда жеке мүддеден, таныстықтан, туыстықтан немесе қысымнан ада болуы тиіс. Әділдік бар жерде ғана қоғам тұрақтылықты сезінеді, ал тұрақтылық дамуға жол ашады.

Мемлекеттік қызмет саласында өзін өзі бақылау мәдениеті ерекше маңызды. Қызметкердің кәсібилігі тек білімімен емес, сабыр сақтай білуімен, қиын жағдайда эмоциясын басқара алуымен өлшенеді. Ашумен айтылған бір ауыз сөз немесе жауапсыз қалған бір өтініш адамның тағдырына, мекеменің беделіне және тұтас мемлекеттік жүйенің имиджіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мемлекеттік қызметші үшін ішкі тәртіп пен өзін өзі басқару сыртқы бақылаудан да маңызды.

Мемлекеттік қызмет артықшылық немесе билік құралы емес, қоғам сеніп тапсырған аманат. Бұл аманатқа адал болу тек заң алдындағы жауапкершілік емес, ар алдындағы жауапкершілік. Өз лауазымын жеке пайдасына пайдаланбау, қызметтік өкілеттігін асыра қолданбау, халықпен ашық әрі адал жұмыс істеу нағыз мемлекеттік қызметшінің басты ұстанымы болуы тиіс.

Қоғамды өзгерту үшін ең алдымен сол қоғамға қызмет ететін адамдар өзгеруі қажет. Ал мемлекеттік қызметшілер сол өзгерістің алдыңғы шебінде тұратын тұлғалар. Егер билік өкілі әділ, әдепті, жауапты және ашық болса, қоғам да сол құндылықтарға бейімделеді. Мемлекеттік қызметшінің мінез құлқы бұл жеке мәселе емес, ол ұлттық деңгейдегі сенім мен тұрақтылыққа тікелей әсер ететін маңызды фактор.

Билік мәдениеті жоғары елде қоғам мен мемлекет арасында сенім қалыптасады. Сенім бар жерде тұрақтылық орнайды. Ал тұрақтылық бар жерде даму үздіксіз жалғасады. Мемлекеттік қызметтің басты миссиясы дәл осы тізбекті сақтау арқылы елдің болашағына қызмет ету болып табылады.

Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Б.Уалихан

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: