Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақты «ұлтшыл» деп қорқады

15.12.2025, 8:35 45

HALYQLINE.KZ

«Тәуелсіздік күнін қалтырап қарсы алатын билік Қазақстаннан басқа қай елде бар екен?» деп кейде басым қатады. Сөздің ашығына тура тартсақ, тәуелсіздіктің қызығын қалың бұқарадан бұрын осы биліктегілер көріп келеді емес пе? Жоғары жақта төменге немкеттілеу ғана қарап қойып, жылы кабинеттердегі орынтақтарға бөксе малып отырғандар солар ғой. Солар және мынау «маңыраған қойдай шулаған» (тентектеу теңеуіме кешіріммен қараңыздар) халыққа өздерінше еге болып, мемлекеттік қызметті атқарған болып жүр. Оның сыртында билікпен жең ұшынан жалғасқан бизнеске де өздері ие. Есепсіз, сұраусыз шетке кетіп жатқан қазына байлықтың да түптеп келгенде қожасы – өздері. Ендеше, Тәуелсіздік мерекесін алдымен шенді-шекпенділер тойлауы керек қой. Жоқ, бұлар желтоқсан айының алғашқы күнінен-ақ бүрісе бастайды. Шамасы, Кремльдің алдында әлденеден жазып қаламыз ба деп тайсақтайды, білем… Әйтпесе, не болды сонша қуыстанып? Ал, бұл мәселенің қатпарында тағы бір мәселе бар секілді. Ол қандай мәселе десеңіздер, айтайын: біздің бишікештер қазақтан қорқады. Қазақты «ұлтшыл» деп қорқады. Тап осы желтоқсан айында қазақтың «ұлтшылдық» «дерті» ұстап, арқасы қозып кете ме деп қорқады.

Қорықсаң, әрине, қорқа бересің. Дұрысы: билік қазақтың «ұлтшылдығынан» қорықпағаны жөн. Қайта сол «ұлтшылдықты» ретін тауып, жолға салып пайдаланғаны абзал.

Байқасаңыздар, мен «ұлтшыл» деген анықтауышты тырнақшаға алып отырмын, иә? Өйткені қазақ ақкөз ұлтшыл емес. Қазақтың ұлтшылдығы – намысқойлығы. Потанин жазды, «Шоқан Уәлиханов айтушы» еді деп. «Егер француз бен орыс жанжалдасса, — депті Шоқан, – мен орысқа жақтасамын. Орыс пен қазақ жанжалдасса, мен қазаққа жақтасамын». Мұны Шоқанның досы Потаниннің естеліктерінен оқыдық.

Француз тілі, француз мәдениеті бір замандарда Московияда орыс тілінен, орыс мәдениетінен үстем тұрды. Орыстың буржуйлары «фғанзуша» сөйлеп, «фғанзуз» болмаққа тыраштанды. Орыстар сол кезде француздарды да, французданған өз туғандарын да жек көретін. Олардың қара шекпенді орысты адам санатына қоспайтындығы үшін қорланатын. Сондықтан Петерборда оқыған Шоқан француз мәдениетінің экспанциясына түскен орысқа жақтасамын деді. Сөйте тұра «орыс озбырлық қылса, қазағымның қасынан табыламын» деді. Міне, бүгінгі қазақтың «ұлтшылдығы» ардагер Шоқанның осы асыл болмысына ұқсайды. Жуан жұдырықты, дөрекілеу бір қазақ қарадай біреуге қиянат қылып, жәбір көрсетсе, әлгінің қолынан ұстап, келеге келтіретін – қазақ. Айғайшыл қазақ әлдекімге астамсып сөйлесе, сол үшін ұялатын да – қазақ. Ал, дөрекі-дөкір, астамшыл, айғайшыл пенде барлық жұртта бар шығар?.. Солай ма? Солай болса, әрі қарай кеттік.

Иә, қазақтың «ұлтшылдығын» жөнге салуға да, оны тәрбиелеп, жетілдіруге де әбден болады. Қалай дейсіз ғой? Ол үшін қазақты жасытпа, намысын таптама, мазақ қылма, ұрсып, жекіме – қайра. Намысын жан.

Халықаралық ірі жарыстардың бірінде сәл босаңсып қалған шәкіртін шапалақпен жанып жіберіп, «қазақ емессің бе!» деп майданға салған Тұрсын аға Еділов сияқты, қазаққа, «сен – қазақсың, анау бос жатқан жерді бар да өзің игер», «сен – қазақсың, ғылым-білімнің шыңына шық та, еліңе пайдаңды тигіз» (т.б.) деші, қазекең іске білекті сыбанып алып кіріссін.

Ойпырымай, кезінде жапондар да жаман ұлтшыл болған екен. Өзінен өзгені кем көрген. Соғысқан. Соғысқұмар болған. Ақырында АҚШ бастаған алпауыттардан жақсылап таяқ та жеді. Сонда да жапонкөкіректің көрігі басылмаған көрінеді. Сол жапонкөкіректі жапон билігіндегі ақылды бастар қайткен дейсіз ғой? Пайдаланған. Еңбекке, ғылымға, техникаға, мәдениетке, әдебиетке – қысқасы, қоғамның барлық саласына жұмсап, пайдаланған. Соның соңы жапон жасампаздығына ұласқан! Қазақ та – жапон сияқты жасампаз халық. Әттең, дүние-ай, қайрауы кем боп, кетіліп бара ма, қайтеді?..

Әйтсе де, жарқырап таңың атып, Күнің шығады, қазақ! Жасыма!

Дәурен  ҚУАТ.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: