Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстандықтардың дені айыппұлдың астында қалуы мүмкін

05.02.2026, 7:20 40

Жасанды интеллектіні пайдалану күнделікті дағдымызға айналып кетті. Тіпті, әрбір басар қадамын, ішер тамағын сонымен кеңесіп барып іс-әрекет ететіндер табылады. ЖИ барлық мамандықты жоқ қыла алмайды. Бұл – біздің ғана емес, осы саланы зерттеп жүрген сарапшылардың пікірі. Десе де, жасанды интеллект жұмысты едәуір жеңілдетеді. Оған дау жоқ. Бірнеше жылдан бері ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ЖИ-ге басымдық беруді үздіксіз тапсырып келеді. Жасыратыны жоқ, жасанды интеллект технологиялары адам өміріне, қоғам дүбіріне бұрын-соңды болмаған қарқынмен еніп жатыр. Жоғарыда да жаздық, бұл – уақыт пен қаржыны үнемдейтін, шығармашылықты жеделдететін құрал. Сөзсіз солай. Бірақ, кез келген нәрсенің көлеңкесі мен күнгей жағы болатыны секілді, екінші жағынан, шынайылық ұғымын көмескілендіріп, алаяқтық пен манипуляцияға жол ашатын қауіп-қатердің көзіне айналып барады. Құптарлығы, осыны ескерген Қазақстан билігі жасанды интеллект арқылы жасалған контентті заңнамалық тұрғыда реттеуге  көшті.

2026 жылдың 16 қаңтарынан бастап елімізде «жасанды интеллект көмегімен жасалған кез келген фото, аудио немесе бейнематериал арнайы белгімен жариялануы тиіс!» деген талап күшіне енді. Норма былтыр жыл соңында заңға енгізілді. Бұдан былай интернет пен әлеуметтік желіде таралатын контенттің «табиғи» не «жасанды» екені ашық көрсетілуі қажет. Нақтылай өтсек, енді қолданушы ЖИ арқылы өңделген немесе толығымен жасалған материалды жүктеген кезде «ЖИ көмегімен жасалды» деген ескертпе қоюға міндетті саналады. Бұл талапты әдейі орындамау заңбұзушылық ретінде  қаралмақ.

Мұндай шешім ең біріншіден, дипфейк пен онлайн алаяқ­тықтың алдын алуға бағытталған. Соңғы жылдары танымал адамдардың бейнесі мен дауысын қолдан жасап, онлайн казино мен букмекерлік кеңселерді жарнамалау жиілеп кеткені рас. Көп жағдайда сондай сарындағы контенттер азаматтарды қаржылық шығынға ұшыратып, беделіне  нұқсан  келтіреді.

– Қазір күштік құрылымдар мен қылмыс әлемінің арасындағы күрес технологиялық тұрғыдан мүлде басқа сипатқа ие болды. Қарақшылар, яғни қылмыскерлер жасанды интеллектіні белсенді пайдаланатын болды. Оны сіздер жақсы білесіздер, — деді Мемлекет басшысы бір апта бұрын ғана Қаржылық мониторинг агент­тігінде  өткен  жиында.

Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне сәйкес, талапты алғаш бұзған  жағдайда:

– жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 64 875 теңге),

– шағын бизнес пен ком­мерциялық  емес  ұйымдарға – 20 АЕК (86 500 теңге),

– орта бизнеске – 30 АЕК (129 750 теңге),

– ірі бизнеске – 100 АЕК (432 500 теңге) айыппұл салынады.

Егер заңбұзушылық бір жыл аралығында қайталанса, айыппұл мөлшері екі есеге жуық өседі.

Депутат Асхат Аймағамбетов «Жасанды интеллект – тек құрал, қарапайым маши­на»  деп  отыр.

– ЖИ белгілі бір деректер негізінде үйре­тілген жүйе болғандықтан, қателесуі мүмкін. Сондықтан, балаларды сыни ойлау­ға, ақпаратты тексеруге, академия­лық адалдыққа, жасанды интеллектіні қолдану мәдениеті мен этикасына, дұрыс сұрақ қоя білуге, жауапкершілік пен медиа­сауаттылыққа баулу аса маңызды. Ең бастысы, дайын жауаптарды жаппай көшіруге емес, ЖИ-ді саналы түрде пайдалануға  дағдыландыру  қажет.

Негізгі қауіп – балалардың дайын шешімдерге тәуелді болып қалуы. Керісінше, жасанды интеллектіні өз ойлау қабі­летін дамытатын, өздігінен үйренуге мүмкін­дік беретін құрал ретінде қолдана білуге  үйретуіміз  керек, — деді  ол.

Қазірдің өзінде ірі халықаралық ЖИ-платформалар автоматты түрде логотип немесе арнайы белгі қоя бастады. Билік өкілдерінің мәлімдеуінше, болашақта бұл талап барлық жасанды ин­тел­лект сервистеріне ортақ стандартқа ай­налуы  ықтимал.

IT-сарапшылар мен цифрлық қауіп­сіздік мамандары бұл норманы «уақыт талабынан  туған  қадам»  деп  бағалайды.

– Жасанды интеллект – бейтарап құрал.  Қауіп – оның  өзінде  емес, қалай қолданылатынында. Таңбалау талабы – сөз бостандығын шектеу емес, ақпарат тұтынушының   құқығын қорғау. Адам көріп отыр­ған  контентінің  табиғатын  білуі  керек. Бұл  медиа  гигиена қалыптас­ты­рады, — деген  пікір  айтады  сарапшылар.

Жалпы, алдағы жылдары ЖИ контентіне қатысты жауапкершілік кү­шейіп, авторлық құқық пен жеке деректерді қорғау  мәселесі бірінші орынға  шыға  түсуі  керек.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляе­ваның сөзінше, жасанды интел­лект арқылы жасалған контентті бағалауда мақсат пен салдар негізгі өлшем болмақ. Ол  дипфейкті  екі  санатқа  бөледі.

Біріншісі – білім беру, ғылыми неме­се цифрлық жобаларда қолданылатын контент. Мұндай жағдайда автор адамның келісімін алуы және жеке деректерді қорғау  талаптарын  сақтауы  тиіс.

Екіншісі – алаяқтық немесе заңсыз мақсаттағы дипфейктер. Бұл ретте ЖИ өнімінің экономикалық зиян келтіргені немесе адамның абырой-беделіне нұқсан тигізгені басты назарға алынады. Алдағы уақытта дипфейкке қатысты нормаларды Қылмыстық кодекске енгізу мәселесі де қарастырылып  отыр.

Осыған дейін Үкімет отырысында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев алдағы 5 жылда 1 миллион адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету жоспары бар екенін хабарлады.

Қорыта айтқанда, жасанды интеллект мүмкіндіктері кеңейген сайын, оған деген сенім де, күмән-күдік қатар пайда болады. Цифрлық кеңістік шынайылық пен жасандылықтың шекарасын жоюды әлдеқашан бастап кетті. Қазақстан енгіз­ген жаңа талап – осы шекараны айқындауға бағытталған алғашқы нақты қадам. Ендігі міндет технология дамуын тежемей, оны жауапкершілікпен қолдану мәдение­тін қалыптастыру секілді. Бірақ, «осы жолда қазақстандықтардың дені айыппұл арқала­мас па екен?!» деген де қорқыныш бар. Өйткені, жан-жағымыз­да ЖИ-ға қатты тәуелділер өріп жүр. Ең өкініштісі, олар мұны өз өнімі секілді еш қысылмай жария­лауға  жанталасып  жатыр…

Рыскелді  ТӘЖІ.

Коллажды  жасаған  автор.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: