Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда қай газеттер көп оқылады?

07.04.2021, 12:45 1427

HALYQLINE.KZ Қазпошта қазақстандықтар арасында көбіне қандай газеттер мен журналдар оқылатынын анықтады, деп хабарлайды Елорда Инфо.

2021 жылдың бірінші тоқсаны қорытындысы бойынша «Қазпошта» АҚ арқылы Қазақстанда газеттер мен журналдарға жазылудың жалпы көлемі 55,6 млн дананы құрады.

Республикалық газеттердің үздік бестігіне «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда», «Полиция KZ», «Қазақстан теміржолшысы» және «Ұйғыр авази» басылымдары кірді. Аймақтық көшбасшылар арасында «Жетісу», «Ақтөбе», «Оңтүстік Қазақстан», «Аq Jol», «Орталық Қазақстан» газеттері бар.

Ел бойынша барлығы 170 республикалық және 543 аймақтық газет жазылым бойынша таратылады. Жазылудың жалпы көлеміндегі республикалық басылымдардың үлесі 44%, өңірлік басылымдардың үлесі 54% құрады. Тираждың 2%-ы халықаралық мерзімді басылымдарға тиесілі. Қазақстандықтар «Қазпошта» АҚ арқылы еліміздің және Ресей, Беларусь, Украина мемлекеттерінің 3 мыңнан астам газет-журналдарына жазылу мүмкіндігіне ие.

Газеттер мен журналдарға жазылу ауылдарда көп тіркелген. Жазылудың жалпы көлемінде оның үлесі 71% құрайды. Ауыл тұрғындары облыстық, қалалық және аудандық басылымдарға жазылғанды (жалпы тираждың 58%-ы) жөн көреді.

Жазылу бойынша Қазақстанның өңірлері арасында Алматы, Ақтөбе, Қарағанды және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша жазылудың жалпы көлемі 90,3 млн дананы құрады. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығына жазылу 5 сәуір күні басталды. Жыл соңында көрсеткіштер 25-30% өседі, бірақ тұтастай алғанда өткен жылдың көрсеткішінен аспайды. Біз электронды басылымдарға көшу – жалпы әлемдік тренд екенін түсінеміз. Оны қазақстандық статистика да растайды», – деді «Қазпошта» АҚ «Пошталық сервис» филиалы директоры Нұржан Жабаев.

Қазірдің өзінде 2021 жылдың екінші жартыжылдығына жазылу басталып кетті. Барлық ниет білдірген тұрғындарға республикалық және аймақтық басылымдарға 25 маусымға дейін, шетелдік газет-журналға 10 маусымға дейін жазылуға мүмкіндік бар. Мерзімді баспасөзге жазылуды кез келген «Қазпошта» АҚ бөлімшесінде ресімдеуге болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: