Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақстанда күтілетін өмір сүру ұзақтығы тарихи ең жоғары деңгейге жетті

06.04.2026, 12:07 55

Қазақстанда туған кездегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 2025 жылы 75,97 жасқа жетті. Бұл – тәуелсіздік кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіш. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы бұл көрсеткіш 75,44 жас болған, яғни бір жылда өсім жалғасқан. 

Ресми статистикаға қарағанда, 1991 жылы Қазақстандағы күтілетін өмір сүру ұзақтығы 67,6 жас болған. Кейінгі жылдары бұл көрсеткіш 2001 жылы 65,6 жасқа дейін төмендеп, 2011 жылы 68,98 жасқа, 2021 жылы 70,23 жасқа жеткен. Сөйтіп, 1991 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 8 жылдан астам уақытқа артқан. 

Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы деректе ерлердің күтілетін өмір сүру ұзақтығы 72,19 жас, әйелдердікі 79,80 жас екенін көрсетті. Қала тұрғындарының көрсеткіші 76,63 жас болса, ауыл халқы арасында 74,81 жас болған. Ең жоғары көрсеткіш Алматы қаласында тіркеліп, 78,83 жасқа жеткен. Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында – 73,56 жас. 

Бұл өсім денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістермен, алдын алу шараларымен және халық денсаулығына қатысты жүйелі жұмыспен байланысты бағаланып отыр. Ұлттық статистика бюросы да өмір сүру ұзақтығының жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтті. 

Қазақстан Үкіметі бұған дейінгі құжаттарында 2025 жылға қарай күтілетін өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізуді межелеген болатын. Қазір бұл межеден де асқанын ресми дерек көрсетіп отыр. 

Коллаж: halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: