Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қазақстан «штрафстан» емес»: депутат қоғам пікіріне қарсы шықты

06.02.2025, 11:55 139

HALYQLINE.KZ

Мәжіліс депутаты Абзал Құспан Adal adam youtube-арнасына берген сұхбатында Қазақстанды «штрафстан» деп атаған азаматтарға жауап қайтарды. Оның сөзінше, айыппұлдың көбеюіне бірнеше себеп бар. Соның ішінде шағын және орта бизнесті тексеруге бағытталған мораторий әсер еткен.

«2019-2021 жылдары шағын және орта бизнеске мораторий жарияланды. Үш жыл қатарынан тексеріс тоқтатылды. Тексеріс болмағандықтан, айыппұл салынбады. Айыппұл салынбағандықтан, бюджетке қаржы түспеді. Оған қоса шағын және орта бизнес өкілдері арасында салық төлемеу жағдайы үдеді. Мораторий мерзімі аяқталғаннан соң тексеріс жүріп, айыппұл саны артты.

Оған қоса кей елмен салыстырғанда біздегі салық пен айыппұл мөлшері аз. Мысалы, Еуропа мен Араб елдерінде қарапайым темекі тұқылын тастағанға төленетін айыппұл көлемі өте жоғары. Сондықтан айыппұл мөлшері көп дегенге келіспеймін. Қазақстан «штрафстан» деген пікір қате», – деді ол.

Сондай-ақ депутат Алматы қаласының орталық мешіт жанында намаз оқыған азаматтарға салынған айыппұл туралы айтты. Мешіттің айналасында құқық қорғау мамандарының көбеюі тұрақтылықты сақтауға әсер етеді десе, намаз оқығандарға салынған айыппұл дұрыс деген пікірде.

«Әрнәрсені сылтауратып, заң бұзуды тоқтатпасақ, заңнан мән кетеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Жолдауда заң мен тәртіптің диктатурасын орнату керегін айтты. Демек адамдар мешітке барды, дін жолында жүрді, рухани қажетін өтеді деп жібере салуға болмайды. Мешіт – қоғамдық бірлестік. Дін мемлекеттің ісіне араласпауы керек. Заңға бәрі бағынуға тиіс», – деді.

Фото: qaz.ulysmedia.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: