HALYQLINE.KZ Мемлекет басшысы – Жоғарғы Бас қолбасшы Қарулы күштердің реформалаудың басым міндеттерін нақтылады. Жаңа міндеттер әскерлердің жауынгерлік қабілеті мен жауынгерлік дайындығын, әскери қызметтің беделін арттыруға және әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдауға бағытталып отыр. Бұл туралы Қызылорда облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жиын пунктінде өткен көшпелі брифингте Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – тәрбие, идеологиялық және әскери-патриоттық жұмыстары басқармасының бастығы подполковник Алмат Жақыпов мәлімдеді.
«Қазіргі таңда елімізде Арнайы операциялар күштері құрылып, жетілдірілу үстінде. Күштік құрылымдардың өзара іс-қимылы және түрлі ведомстволық әскерлер топтамасын бірыңғай қолбасшылықпен қолдану мәселелері пысықталуда. Мемлекеттік органдардың іс-қимылдарының бірыңғай алгоритмі әзірленіп, Қарулы күштерді қолдану ерекшеліктері айқындалды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру үшін мерзімді әскери қызметтің беделін арттыруға қатысты бірқатар бастамалар пысықталу үстінде. «Тегін техникалық және кәсіптік білім беру» жобасын іске асыру шеңберінде Қорғаныс министрлігі бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие 16 мамандық негізінде мерзімді қызметтегі сарбаздарды даярлауды жүргізеді.
Сонымен қатар, кадрлық әлеуетті арттыру мақсатында әскери білім беру жүйесін дамыту және кадр саясатын жетілдіру шаралары қабылдануда. Қарулы күштердегі кадр саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленді.
«Армия қызметінің барлық салаларына цифрлық технологияларды енгізу жалғасуда. Әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушыларды есепке алу цифрлық форматқа ауыстырылды. Бұл жергілікті әскери басқару органдарының жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік беріп отыр», – деді Қызылорда облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары полковник Алмат Жақыпов.
Биыл Қазақстан Қарулы күштерінің құрылғанына 30 жыл және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 77 жылдығы аталып өтіледі.
Жыл басынан бері Қорғаныс министрлігінің кешенді ақпараттық-түсіндіру тобы үлкен жұмыс атқарды. «Күшіміз бірлікте» акциясы барысында еліміздің батысы, оңтүстігі мен солтүстігіндегі гарнизондарда әскери қызметшілермен кездесулер өтті. Колледж студенттерімен және орта мектеп оқушыларымен әскери-патриоттық жұмыс жаңа пішінде ұйымдастырылды. Қазақстандықтардың 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына және Ұлы Жеңіске қосқан үлесіне арналған Мемлекеттік әскери-тарихи музейі көшпелі көрмесі азаматтардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Мереке күндері қарсаңында өңірімізде әскери қызметшілер Даңқ мемориалдарына, әскери борышын атқару кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алуға арналған монументтерге, Ұлы Отан соғысының жауынгерлерінің ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдеріне қатысып, соғыс ардагерлерін арнайы мерекелерімен құттықтау шараларын ұйымдастырады.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!